Accessibility links

Сомалиге заңсыз қару тасыған қазақ ұшағы емес пе екен?


Африка құрлығында орналасқан Сомали мемлекетінде жұма күні қақтығыстар орын алды, ішкі саяси дағдарыс барысында соңғы күндері Қазақстан аталып отыр. Қазақ ұшағы Біріккен Ұлттар Ұйымының қаулысына қайшы Сомали исламшылдарына қару тасыған делінеді.

Сомали мемлекетінде, Байдабо қаласында жұма күні өтпелі кезең үкіметінің министрі Абдалла Исаақ Дироу өлтірілді. Мешіттен жұма намаз оқып шығып келе жатқанында оған үш рет оқ атылды. Министр ауруханаға апарыла жатқанда қайтыс болды. Жүздеген адам бұған наразылық танытты, олар автомашина дөңгелектерін жағып, дүкендерді тонады. Бұдан бір күн бұрын ғана, бейсенбі күні Сомали үкіметі дағдарысқа тап болып, 19 министр отставкаға кеткен. Бірақ Абдалла Исаақ Дироу олардың арасында болмаған, ол қызметінде қала берген.

Сомали елінде өз ара жанжал көптен бері жалғасып келеді. Ел астанасы Моғадишо исламшыл жауынгерлердің қолында. Олардың әскері "Шариат ұйымы" деп аталады. Өтпелі кезең үкіметі Байдабо қаласында уақытша жұмыс істейді. Байдабо қаласында халықаралық бітімгершілік жасақтар және Эфиопия жасағы қоныстанған. Астананы басып алған исламшыл ұйым мен үкімет арасында осы аптада келіссөз жүргізу әрекеттері жасалды. Бірақ исламшылдар бірнеше алдын-ала шарт қойып, келіссөздер басталмай жатыр. Біріккен Ұлттар ұйымы "Шариат ұйымына" қару-жарақ сатылмасын деп тыйым салған.

Міне өз ара ішкі жанжал жағдайында ел астанасы Моғадишо қаласына осы аптада қару жарақ тиеген екі жүк ұшағы келді деген қауесет шықты. Куәлардың айтуынша, ел астанасының әуежайына жұма күні "Ил-76" ұшағы қонды. Алғашқы ұшақ сәрсенбі күні келген, екіншісі жұма күні келді. Бұл жердегі гәп – ұшақ Қазақстандікі болуы мүмкін. Мұны Ассошейтед пресс және Франс пресс агенттіктері хабарлап отыр. Олардың айтуынша, күдікті жүк тиеген ұшақтар Эритрия мемлекетінен келген, ал Қазақстан компаниясы ұшақтарын чертерлік рейстерге жиі беріп тұрады дейді олар. Қару-жарақ тиеп келген екі ұшақта Қазақстан эмблемасы болған, дейді Франс пресс агенттігіне Моғадишу қаласының тұрғыны Ахмед Хассан және басқа куәгерлер.

Ассошейтед пресс агенттігі бұл ұшақта, "Ил-76" ұшағында Қазақстан әуе компаниясының белгілері болған деп жазып отыр Сомали мемлекетінен жұма күні жолдаған хабарында. Бұл ұшақ 52 тоннаға дейін жүк таси алады, дейді Ассошейтед пресс. Сонымен екі агенттіктің де хабарларында азаматтық соғысты бастан кешіп жатқан Сомали мемлекетіне осы аптада заңсыз қару-жарақ жеткізілген көрінеді деп жазылады және күдікті жүк Қазақстан компаниясының иелігіндегі ұшақтармен жеткізілген деп жазылады.

ББС компаниясы ел астанасы Моғадишу қаласына сәрсенбі күні де, жұма күні де келген ұшақ – бір ұшақ, "Ил-76" болған деп хабарлап отыр. ББС компаниясы бұл ұшақ қай мемлекетінің иелігінде екенін жазбаса да – ББС-дің сайтында ұшақ фотосуреті жарияланған және осы ұшақта Қазақстан жалауы сияқты жалау бар екені көрініп тұр. ББС компаниясы "Ил-76" ұшағы Сомали мемлекетіне көршілес Эритрия мемлекетінен келген дейді. Ұшақ зеңбіректерді, Калашников автоматтарын, әскери киімдерді әкелген делінеді. "Ил-76" ұшағымен бірнеше Эритрия офицері де келген делінеді.

Бұл жердегі мәселе – ұшақ шынында да Қазақстандікі ме? Қазақстандікі болса – қай компаниянікі. Ұшақ кімге және қандай шартпен берілген? Және Қазақстан ұшағын жалға алған не болмаса чартерлік рейске тапсырыс жасаған үшінші тарап Қазақстан ұшағын қару-жарақ контрабандасына қалайша пайдалануы мүмкін?

"Азаттық" радиосының тілшілері осы сауалдарға жауап іздеп көрді. Алайда Қазақстан ресми орындарының бірде-бір қызметкері сенбі күні нақты жауап бере алмады.

Қазақстан үкіметі не болмаса Азаматтық авиация комитетінен сенбі күні қандай да бір сипаттама алу мүмкін болмады. Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз-хатшысы Ілияс Омаров " әзірше ештеңе білмеймін, анықтайық" деп қысқа қайырды.
XS
SM
MD
LG