Accessibility links

Заң орындары қамауда отырған Азамат Жетпібаевқа адвокатпен оңаша қалуына тыйым салды


Жас оппозиционер Азамат Жетпібаевқа адвокатпен оңаша қалуға тыйым салынды. Жас оппозиционердің заңды қорғаушысы Василий Садықов осындай мәлімдеме жасады. Астаналық қаржы полициясының тергеушісі бұл іс тек экономикаға жатады десе, адвокаттың пікірінше бұл істе саяси астар бар.

2005 жылы Астана қалалық мәслихат сайлауы болған кезде Қазақстанның «Отаншыл жастар одағының» өкілі Азамат Жетпісбаев (төлқұжаты бойынша Жетпібаев) және оппозициялық көзқарасты ұстанатын бір топ студенттер сайлауға қатысамыз деп бюджеттен қаржы алған. 1 миллион 200 мың теңгенің бір бөлігі сайлауға түсем деген үміткерлерге берілген. Бірақ, бір бөлігі есепшіде, яғни Азамат Жетпібаевта қалып қойған. А.Жетпібаевтың саяси серігі Махамбет Әбжан «үміткерлерді насихаттау жұмысы жүргізілмеді, бірақ бұл қаржыны кеш жіберген сайлау комиссиясының кінәсі» дейді. Махамбеттің айтуынша, ол уақыт тығыздығына байланысты сайлаудағы насихат кампаниясын өткізбеуге және қаржыны «Жас патриот» газетіне жұмсауды шешкен. Жас оппозиционер Азаматтың заңды қорғаушысы Василий Садықовтың айтуынша, бұл істе негізгі кінә қазір сотталған Махамбетке тағылған. Ал Азамат Жетпібаев істе қатысушы ретінде айыпталып отыр. Садықовтың айтуынша, әйтсе де күдіктелуші Жетпібаевтың бұрын оппозициялық ұйымда болғандығы әсер еткен. Осыған орай тергеу түсініксіз қатты позиция ұстап отыр, дейді ол.

Жас оппозиционер Азамат Жетпібаевтың туған әжесі Зоя Әбілдинованың айтуынша, қазір тергеу жүргізіп жатқан Астаналық қаржы полициясының тергеушісі Алтынбек Дәулетбаев бұл іс бойынша тіс жармауды сұраған:

- Дәулетбаев мырза айтады: егерде ешқайда шағымданбасаңдар бұл Жетпібаев шартты түрде бостандығынан айырылады, ал егер де шулататын болсаңдар - іс насырға шабады деп.

Жас оппозиционер Азаматтың заңды қорғаушысы Василий Садықовтың айтуынша, қылмыстық кодекстің 69 және 74-бабына сәйкес адвокатқа күдіктелушімен оңашада кездесуге құқық берілген. Бірақ, бұл құқықты тергеуші бұзып отыр, дейді адвокат.

«Күн сайын түрмеден қаржы полициясына жеткізілетін күдіктелушіге адвокат жіберілмесін деп күзетке айтып қойған», - дейді заңды қорғаушы Василий Садықов.

Жас оппозиционер Азамат Жетпібаевтың туған әжесі Зоя Әбілдинова болса тергеуші Азаматтың әкесі Жамбылға да баласы Азаматқа қолғабыс тигізуге кесірін тигізіп отыр дейді:

- Сұраған Жамбыл: «мен азаматтық қорғаушы болам» деп. Ал тергеуші Жамбылға «мен сізді бұл істе куә деп тартамын» дейді. Жамбыл «мен куә болмаймын, ол – заңсыз», деді. Сол екі ортада адвокат келіп Конституцияда баласына қарсы не әкесі, не шешесі қарсы мәлімет бермейді» деді.

Ал, Қазақстанның қаржы полициясының баспасөз хатшысы Әбдірәлі Бөлебайдың айтуынша, тергеуші Дәулетбаевтың Астанада жоқтығына байланысты бұл мәселеге байланысты ақпарат әзірге берілмейді:

- Жетпібаев туралы мен білдім, тікелей хабарласып. Қашқақтаған болмасын. Дәулетбаев мырзаның іс сапарда екенін өзіңе айтайын. Сондықтан, ол келгеннен кейін, мүмкіндігінше, тиянақты бір жауап беруге тырысамыз.

Жәбірленуші деп танылған мәслихат депутаттығына үміткер болғандар, олар қаржыға байланысты ешқандай шағымдары жоқ екенін айтты. Қаржы жұмсалуын тексеру керек деп шағым жазған Орталық сайлау комиссия мамандары да айып тақпаймыз деген. Жас оппозиционер Азаматтың заңды қорғаушысы Василий Садықовтың айтуынша, қазір бұл ақша толық өтелген, яғни ұрлау жайты жоқ, дейді адвокат.
XS
SM
MD
LG