Accessibility links

Алматылық қоғамдық ұйым мүшелері «Алматыжер» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнын заңсыз әрекеттерімен екі адамның өліміне әкеп соқтырды деп кінәлап отыр


Қаңтардың 22-күні Алматылық құқық қорғаушылар мен қоғамдық ұйым мүшелері «Алматыжер» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының заңсыз әрекеттері екі адамның өліміне әкеп соқтырған деп мәлімдеді. Алайда, «Алматыжер» өкілдері мұның бәрін бос айыптаулар деп, мұндай мәлімдеме жасаудан тартынуды ескертеді.

Жылжымайтын мүлік иелеріне нақты бағамынан 2-3 есе төмен баға ұсынатындығынан, Алматы тұрғындары арасында бірқатар кикілжің туындап отыр деп мәлімдеді қаңтардың 22-күні Қазақстан кәсіпкерлер мен меншік иелері одағының президенті, заңгер Василий Резван.

- Тұрғындар «Алматыжер»дің заңсыз әрекеттерін айтып, сотқа шағымданатын болса, кәсіпорын өкілдері сотқа келмейді. Олар жылжымайтын мүлікті арзанға бағалағанымен қоса, үйлердің салынғанынан бергі тарихын қазір инвесторлар деп аталып жүрген құрылысты салушыларға сататыны белгілі болып отыр. Соғыс ардагері Анисимовтың үйін тартып алуға дейін барған құрылыс компаниясының әрекеттеріне шыдамай, жүрегі тоқтап қайтыс болды.

Сонымен қатар, өткен аптада, «Алматыжер» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының мүлкіне берген бағасымен келіспей, өзіне өзі қол жұмсаған 48 жастағы Алматы тұрғынының өлімін де заңгер В.Резван мәселенің ушығып, оған қала билігі бей-жай қарап отырғандығынан дейді. «Алматыжер» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының құқықтық мәселелер жөніндегі бөлімі бастығының міндетін атқарушы Роман Бревнов болса, мұның барлығы құр жала дейді.

- Өзін заңгермін деп атап отырған Василий Резван – бұрыннан осы шудың арқасында атақ жинап жүрген адам. Екі кісінің өлімін біздің мойнымызға артқаны – қай сасқаны? «Алматыжер» мүлік бағалаушыларының шешімімен келіспейтін жағдайлар – бірді-екілі ғана. Үйі бұзылатыны туралы хабардар болғандар өзінің мүлігі үшін тиісті ақшасын алып, басқа үйге көшіп жатыр. Енді ардагердің өлімі - өзінің ажалынан келіп отыр, қартайған кісі, біздің кінәмізді іздеудің қажеті қандай екенін мен шынын айтқанда, түсінбеймін және «Алматыжер» кәсіпорны моральдық шығындарды өтеуге ниетті емес.

Сондай-ақ, құпия ақпаратты құрылысшы компанияларға сату арқылы, белгілі-бір мөлшерде пайда тауып отыр деген мәлімдемені де Роман Бревнов теріске шығарады.

- Жылжымайтын мүліктің бағасынан 3 пайыздық енші – құпия ақпарат сатып тапқаннан емес, бұл үшжақты келісім негізінде төленетін өтем. «Алматыжер» кәсіпорны, құрылысшы компания және тәуелсіз мүлік бағалаушыларының ортақ қарекетінен келетін түсім бұл.

Жылжымайтын мүлік иелері құқығын қорғау жөніндегі комитеттің төрағасы Сембек Нұрғұлов болса, «Алматыжердің» жер мен үйлерге тым төмен баға ұсынатынына наразы.

- Мысалға, Түлкібаев көшемінде тұратын азаматқа ауқымды аумағы және жеке үйі бар жерге сотығына 35 мың АҚШ долларын ұсынған екен. Ал базар нарығымен, бұл жерлер 100 мың АҚШ доллары мөлшерімен сатып алынуы тиіс. Олар тіпті, 2005 жылғы бағаны ұсынады.

Қазақстан мүлік бағалаушылары Палатасының өкілі Борис Гузев те «Алматыжердің» жылжымайтын меншікті бағалау тәсілдері қайта қарау керек дейді.

- «Алматыжер» үнемі бағалаушыларға тендер жариялайды. Қағаздарының түгел екендігіне қарап қана таңдап алады. Ал өздерінде әлі күнге дейін сарапшылар кеңесі жоқ. Демек, олар бағалаушыларды тек жалдап алады да, олардың қызметін бақыламайды, қадағаламайды. Олардың әрекетіне жауапты да емес. Бұл - заңдағы жетіспеушілікті пайдаланып жасалған айла.

2005 жылдың қорытындылары бойынша, бұзылуы тиіс үйлердің иелеріне құрылыс компаниялары барлық сомасы 5 млрд теңге өтем төлеген. Ал 2006 жылы бұл көрсеткіш 18 млрд-тан асқан. Ескі пәтерлердің орнына басқа үй ұсынылатынына қарамастан, 99 пайыз жағдайда, үй-жер иелері мүлігіне ақшалай өтем берілгенін қалайды дейді мамандар.
XS
SM
MD
LG