Accessibility links

Алматылық кәсіпкер әйел аудан әкімін сотқа берді


Алматы қаласындағы«Шаңырақ-1» елді мекенінде 2000 жылдан бері шағын кәсіпкерлікпен айналысып, сондағы қоғамдық автокөліктің аялдамасында дәрі-дәрмек сататын дәріхана, «Қазақтелеком» байланыс операторының шағын бөлімшесі мен интернет бөлмесі бар кешен ұстап, кәсіп етіп келген кәсіпкер әйел Жәмила Тәңірбергенова есімді кәсіпкер әйел Алматы қалалық Әуезов ауданы әкімі Әбіл Несіпбаевты сотқа берді. Кәсіпкер әйел әкімді өз билігін пайдаланып, бұның бизнесіне қасақана кедергі жасады деп кінәлап отыр. Қаңтардың 23-і күні Алматыда бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездескен кәсіпкер әйел осылай деп мәлімдеді.

Жәмила Тәңірбергенованың айтуынша, аудан әкімінің ауызша бұйрығымен өткен жылдың соңында, яғни 2006 жылғы желтоқсан айының 12-күні Әуезов ауданы әкімшілігінің бір топ қызметкерлері трактор, бульдозермен келіп, «Шаңырақ-1» ықшамауданының Асанқайғы көшесі бойында тұрған оның «Мектеп» атты кешенді даяшылық қызмет көрсету орталығын қиратып тастаған.

«Не себептен осы орталықты қирату керек болғандығын көрсете алатын жазбаша түрдегі қандай бір шешім, бұйрық қағаздары жоқ қызметкерлер тек аудан әкімінің бұйрығы осылай дегенді айтып, менің кешенімді бұзып тастады. «Шаңырақ-1» елді мекенінде тұрғындарға дәрі-дәрмек пен даяшылық жасап, үлкен құрметке ие болып келіп едік, ал сол кезге дейін даяшылық орталығының барлық құжат-қағаздары заңға сай, ешбір заң бұзушылық болмаған еді», - дейді кәсіпкер әйел.

Жәмила әкімшілік өкілдерінің бұл ісінің артында басқа гәп жатыр деп санайды.

«Осы бұзылған орталықтан небәрі 200 метрдей жерде «Баян» атты сауда орталығының бар, ал оның Әуезов ауданы әкімінің кеңесшісі Нысанбек Ермановтың иелігінде екендігі белгілі», - дейді Ж.Тәңірбергенова.

Оның айтуынша, бұған дейін күндіз-түні спирттік ішімдіктер, сыра, темекі сатып, ойын автоматтарын жұмыстатумен айналысатын сауда орталығы иелерінен бірнеше рет «өз жақсылығыңмен даяшылық көрсету орталығын жоғалт» деген талаптар қойылыпты. Ақыры соның да бір жаман әсері болды ма деп ой түйеді кәсіпкер әйел.

«Шешінген судан тайынбас» дегендей, маған осындай зорлық жасап, шағын бизнесімді жойған аудан әкімін сотқа беріп отырмын. Және бұл жағдайды Қазақстан президенті Н.Назарбаевтың назарына ұсынуды жөн санадым, сондықтан оған арнайы хат жолдағалы отырмын», - деді кәсіпкер әйел.

Ж.Тәңірбергенова жеке кәсіпкер адамның дүние-мүлкін талқандауға бұйрық берген басшылар сот алдында жауап берулері керек деп санайды.

«Өйткені, менің шағын кәсікерлік жүргізуге қатысты барлық құжат қағаздарым заңды, әрі заңдастырылған құжаттар болатын», - дейді Жәмила.

Заңгер Василий Резванның айтуынша, кәсіпкер әйелдің өз құқығы үшін сотқа арызданғаны дұрыс шешім.

«Алайда, сот қандай шешім шығаратыны - басқа мәселе, қәзір осы мәселеге қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеушілер тергеу амалдарын жүргізіп жатыр, біз өз тарапымыздан кәсіпкер әйелге заң жағынан кеңес берудеміз, алдағы бейсенбі күні соттың алғашқы отырысы өтуі тиісті», - дейді ол.

Кәсіпкер Ж.Тәңірбергенова биліктің жасаған ісінен өзінің 300 мыңдай АҚШ доллары көлемінде материалдық шығынға ұшырағанын айтады.

«Ал осы уақытқа дейін мендегі сол орталықта жұмыс істейтін 7 адам қазір жұмыссыз қалды», - деді ол.

Кәсіпкердің айтуынша, аудан әкімінің нұсқауымен даяшылық орталығын трактор, бульдозердің көмегімен қирату кезінде жарақат алған екі жұмысшы қазір ауруханада емделіп жатыр екен.
XS
SM
MD
LG