Accessibility links

Баспасөзге шолу. 01.23.2007 жыл


Сейсенбі күні жарық көрген басылымдар, «Қазгидромет» кәсіпорнының Үкіметке Антарктиданы зерттеуге ат салысу мақсатында ұсыныс жасағаны туралы жазыпты. Сондай-ақ, баспасөз беттерінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің зейнетақы және жәрдемақы төлеу жүйесіне қатысты түрлі пікірлер жарияланыпты.

«Казахстанская правда» басылымы, қазақстандық ғалымдар Үкіметтен Антарктиданы зерттеуге атсалысу туралы ұсыныстарын қолдауды сұрап отырғанын жазады. Ол үшін республика 1959 жылы қабылданған Антарктида туралы Келісімге қосылуы тиіс. Бұл құжат аталған аумақтың халықаралық-хұқықтық мәртебесін анықтайды. Осы келісім бойынша Антарктидадағы жер асты байлықтары адамзаттың ортақ құндылығы деп танылып, құжат күшін жойғанша, яғни 2009 жылға дейін оны қолдануға тиым салынған. Келісімге 45 мемлекет қол қойған. Кейбір мемлекеттер мораторий аяқталғаннан кейін, Антарктидадағы минералды ресурстарды қолдануға үміт артып отыр. Қазір, мұнда 28 елдің экспедициясы жұмыс істейді деп жазады «Казахстанская правда» газеті.

Ал, «Экспресс-К» Антарктидаға байланысты мораторий күшін жойғаннан кейін, Оңтүстік континент бөліске түсуі мүмкін екендігін жазады. Сондықтан 2009 жылға дейін, қазақстандық ғалымдар да зерттеу бағдарламасына ат салысатын болса, осы континенттегі қандай да бір ресурсты игеруге үміт артуға болады. Басылым дерегінше, «Қазгидромет» мемлекеттік кәсіпорнының директоры Тұрсынбек Көдеков, қоршаған ортаны қорғау министрлігінде дүйсенбі күні өткен алқа мәжілісінде Үкіметке осындай ұсыныс жасады. Көдековтың айтуынша, «Росгидромет» биыл қазақстандық екі ғалымды Антарктидаға аттанатын экспедиция құрамына алуы мүмкін. Олар Оңтүстік континентке ақпан айында аттанады деп жазады «Экспресс-К».

Ал, «Айқын» газетінің пайымдауынша, Қазақстанның Антарктида байлығына көз тіккенін және оны игеруге ұмтылысын қолдауға болады. Оның ел болашағы үшін де маңызы бар. Сондықтан «Қазгидрометтің» ұсынысын Үкімет жақсылыққа жорып, нақты көмек көрсеткені жөн деп жазады «Айқын». Қытай Антарктидада жақында үшінші ғылыми-зерттеу стансасының құрылысын бастады. Cонымен қатар мұнда құрамында 230 адамы бар орыс экспедициясы да жүр. Ресей Федерациясы Антарктиданы игеру жұмыстарын жеделдету мақсатында қаржыландыруды 25 пайызға арттырмақшы. Ендеше, Қазақстан да байлықты алыстан «арбалап» тасудан қашпағаны дұрыс деп жазады «Айқын».

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жинақталған зейнетақы төлеудің жолдарын ойластыруы қажет. Бұл туралы «Литер» басылымына берген сұхбатында Қазақ еңбек зерттеу институтының бас директоры Серікжан Берешев айтады. Оның пікірінше, бүгінде зейнеткер жасына толған, жинақтаушы зейнетақы қорларында қаржысы бар қазақстандық, ай сайын 100 мың теңге зейнетақы ала алмайды. Сондай-ақ, елде зейнетақыны тағайындау сауатсыз. Еңбек өтілі қанша көп болса да, зейнеткер 15 айлық көрсеткіштің 75 пайызынан артық ақша ала-алмайды. Жалпы зейнетақыны республикадағы айлық орташа жалақының 75 пайызы шамасында деп тағайындау қажет. Сонда бұл қаражат өмір сүруге жетер еді дейді Берешев «Литер» газетінде.

Ал «Жас Алаш» басылымы аталған министрлік тағайындайтын жөргекпұл мен сәбилер бір жасқа толғанша берілетін жәрдемақы көлемінің тым аздығын жазыпты. Ресейде отбасы мен балаға берілетін қаржы жалпы iшкi өнімнің 0,3 пайызын ғана құрайды. Соған қарамастан, Ресейде әр ай сайын 1,5 жасқа дейінгі сәбиге 1500 рубль, ал отбасында туылған екiншi балаға 3000 рубль жәрдемақы беріледі. Ал, мұнайдан көп-көрім пайда тауып отырған Қазақстанда берілетін бiр реттiк жөргекпұл 15 мыңға жетер-жетпес. Бала күтiмiне берiлетiн жәрдемақы - бiрiншi балаға 3000 теңгедей, екiншi балаға үш жарым, ал үшiншi балаға 4 мың теңгедей ғана. Оның өзін алу үшін, түрлі құжат жинап жүйке жұқарту қажет. Ал, алған ақша нәпақаға да жетпейді деп жазады «Жас Алаш».
XS
SM
MD
LG