Accessibility links

Балаларға ВИЧ жұқтырған оқиға бойынша Шымкентте жүріп жатқан сот үдерісі ашық өткізілетін болды


Қазақстанда Оңтүстік Қазақстан облысында балаларға ВИЧ жұқтырған оқиға бойынша сот үдерісі енді жұртшылық пен баспасөз өкілдері үшін ашық өткізілетін болды. Соттың жабық өтуіне наразылық білдірген журналистердің мәлімдемесіне байланысты, Жоғарғы Сот төрағасы Қайрат Мәми облыстық сот төрағасына істің жабық қаралудың негізділігін анықтауды тапсырды. Бұған дейін Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық сотының төрағасы Зиядинхан Пернияз жәбірленуші болып отырған балалардың құқын қорғау үшін сотты жабық өткізу керек деген шешім қабылдаған еді.

Тергеу мәліметінде көктемде Оңтүстік Қазақстан облысының балалар ауруханасындағы реанимация бөлімінде бірден 50 балаға вирус жұқтырылған деген ақпарат бар. Дәрігерлердің мәліметінше, балалардың барлығы дерлік жүрек, өкпе және басқа да індеттерге шалдығып қан ауыстыруға мәжбүр болғандар. Тергеу ісіндегі деректерде дәрігерлер бұл жайтты жасырып келгені жазылған. Тергеу анықтағандай, жергілікті ауруханалар қажетті қанды сатып алып отырған. Балаларға қан берген донорлардың біразы тексерілді, бірақ, бірнеше адам іздеуде екені хабарланды. Облыстық прокуратура мәліметінше, ВИЧ себебі тек донорларда ғана емес. Өйткені, қан карантиннен өтпеген дейді прокуратура өкілдері.

Шымкент ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Гүлжамал Қылышбекова болса бұл пікірмен келіспейтіндігін айтқан.

«Бір мәрте қолданылатын катетерді біз ешқашан екі рет қолданған емеспіз», - деді ол.

Бас прокуратура мәліметінше, дәрігерлерде індет ошағын тоқтатуға мүмкіншілік болған. Бас прокурор көмекшісі Төрехан Адайдың айтуынша, дәрігерлер тек атүсті тексеру жүргізген. Сондықтан, жұқпаның тарауы жалғаса берген. Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Ерболат Досаев та дәрігерлерді айыптаған болатын:

- Балаларға арналған ауруханада 350 төсек болса соның ішінде 13 катетор болған. Оның ішінде дезинфекция өткізіп, қайтіп қан құя берген.

Ал, 22 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысында осы оқиға бойынша сот үдерісі басталды. Айып тағылып отырған 21 адамның көбі дәрігерлер. Олар балалардың науқасына әкеп соққан қызметіне деген салақтық жасағаны үшін айыпталып отыр. Сот айыптылардың есімдерін айтпайтындығын жеткізді. Айып тағылған адамдарға қандай жаза қолданылуы мүмкіндігі жайлы ақпарат жоқ, өйткені 18 қаңтарда хабарланғандай, сот үдерістері бұқаралық ақпарат құралдарынан жабық жағдайда өткізіліп жатыр.

Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық сотының төрағасы Зиядинхан Пернияз айтып өткендей, сотты жабық өткізу соттың бастамасы болған. Айып тағылған адамдардан мұндай өтініш түспеген деді ол. Судьяның айтуынша, жәбірленушілердің барлығы кішкентай балалар. Олардың қалыпты өмір сүру және білім алу құқығын шектеуге болмайды деді сот. Бас прокурордың баспасөз хатшысы Сәулебек Жәмкенұлы сот үдерісі жабық болғаны дұрыс деп санайды:

- Оны журналистер түсінбейді, олар сотты ашық өткізу керек деп санайды. Ол жәбірленушілердің мүддесіне байланысты болмайтын нәрсе. Әйтпесе, онда жасыратын түгі де жоқ.

Алайда сот мәжілісінің жабық өтуіне наразылық білдірген журналистердің мәлімдемелеріне орай, Қазақстанның Жоғарғы Сот төрағасы облыстық сот төрағасына істі жабық қараудың негізділігін анықтауға тапсырма берді. Жоғарғы соттың баспасөз қызметі бұл жөнінде тек жазбаша ақпарат беруге келісті.

Соңғы мәлімет бойынша 2006 жылғы көктемінен бері Оңтүстік Қазақстанда ВИЧ дертін 88 бала және 12 ана жұқтырған, соның ішінде 8 бала қаза болған.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG