Accessibility links

Оңтүстік Қазақстан облысында есірткі саудасымен айналысты деп күдік келтірілген 4 полиция қызметкері ұсталды


Айғақты заттармен облыстық Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің қолына түскен күдіктілерге қарсы тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Оңтүстік Қазақстан облыстық Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөзбен байланыс бөлімінің қызметкері Нұрлан Тасқымбаев бейсенбі күні «Азаттық» тілшісіне келесідей ақпаратты хабарлады:

«Қаңтардың 29-ы күні Төлеби ауданының орталығы Леңгірде облыстық Ішкі істер департаментінің қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері облыстық Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлерімен бірігіп 4 полиция қызметкерін 5 грамм героинмен ұстады. Ұсталған 4 полицейдің барлығы Төлеби аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері. Олардың 2 -і Төлеби аудандық ішкі істер бөлімінің есірткімен күрес бөлімшесінің қызметкерлері».

Қазақстанда есірткі қылмысы мен жемқорлық оқиғаларына полиция қызметкерлерінің қатысы жайлы Ішкі істер министрлігінің соңғы мәліметіне сүйенсек, соңғы бір жыл ішінде «есірткі саудасына қатысы бар» деген айыппен 16 полиция қызметкердің үстінен қылмыстық іс қозғалған. Ал Бас прокуратура мәліметінше, 2006 жылы 200-ден астам полиция қызметкері жемқорлыққа қатысқан. Және министрліктің 27 қызметкері есірткі бизнесіне өздері араласқан деп хабарланады.

Қаңтардың 19-ы күні Астанада өткен Ішкі істер министрлігінің алқа жиынында Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Берік Имашевтің келтірген мәліметтерінде Оңтүстік Қазақстан облыстарында қылмыс алдағы жылмен салыстырғанда 8 пайыздан 60 пайызға дейін өскендігі айтылды. Есірткі бизнесімен күрес тиімсіз жүргізіліп жатқанын айтқан ол, Қазақстанға енгізілетін есірткі 20-дан 25 тоннаға дейін өскендігін атап көрсеткен болатын.

Премьер-министр Кәрім Мәсімов болса, есірткімен күрес тәсілі өзгертілу керек деген тапсырма берді.

«Қазақстанды есірткіден мүлде тазартамыз. Әлемде мұндай елдер бар», - деген еді бас министр.

«Есірткісіз Қазақстан деген дұрыс ниет, әрине. Алайда, бүгінгі полицияның әрекеті жоғарыдай болса Қазақстанды есірткісіз елге кім жеткізеді? Жемқорлыққа батқан полиция бұл күреске бүгін жарамайды. Бұл мәселенің көтерілгендігі дұрыс. Полициядағы тәртіпті осы мекеменің басшылығынан бастау керек. Ұсталып жатқандарға келсек, олар - шабақтары ғана», - дейді мәжіліс депутаты Серік Әбдірахманов.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректерінде бүгінгі таңда әлемнің 200 млн-ға жуық тұрғыны есірткі қолданатындығы айтылады. Бұл жер шары тұрғындарының 5 пайызын құрайды екен. Соның 85-90 пайызы жастар.

Ал БҰҰ-ның 2006 жылдың екінші жартысында жарияланған қылмыс және есірткімен күрес туралы баяндамасында әлемде есірткінің наша түрінің кең таралып, оны 162 млн. адамның қолданатындығы айтылған. Ал есірткінің апиын түрін қолданатындардың саны 16 млн. болса, 11 млн. адам героинге, 13 млн адам кокаинге тәуелді екен.
XS
SM
MD
LG