Accessibility links

Баспасөзге шолу. 02.02.2007 жыл


Жұма күнгі газеттерде Алматыдағы «Нұрбанк» ғимаратына қарулы шабуыл жасалғандығы туралы әрқилы ақпараттар жарық көріпті. Сонымен қатар, басылымдарда ойын автоматтарын бұзатын аппарат жасап шығарған қазақстандық жас хакерлердің қолға түскендігі жазылған.

Қаңтардың 31-күні кешкісін «Нұрбанк» банкінің Алматыдағы бас ғимаратына қарулы топ басып кірмекші болғандығы туралы мақала «Караван» газетінде басылыпты. Онда қаруланған бес кісі банктің күзетшілеріне қоқан-лоқы көрсеткендігі, алайда күзетшілердің оларды қарусыздандыруға күштері жеткендігі жазылған. «Бес азамат сол күні құқық органдарына тапсырылған. Ал ақпанның 1-күні оларға қарсы қаржы мекемесіне шабуыл жасауға талпынғаны үшін қылмыстық іс қозғалды» делінген мақалада. Сондай-ақ, мақала авторы Олег Губайдуллин осы мәселені зерттеу барысында тағы бір жайттың беті ашылғандығын жазады. «Шабуыл жасаушылар Алматының Ішкі істер департаментінің қызметкерлері болып шықты. Енді олар тергеушілерге қаржы ғимаратына қару асынып, бетін тұмшалап барғандағысы - арнайы операция еді деп сендіруге тырысып жатыр» делінген мақалада. «Сөздеріне сенер босақ, олар тұтқындағы кісіні босатуға барған көрінеді. Шын мәнінде, құтқаруға қажетсінген «тұтқындар» банкте, тіпті көршілес ғимараттарда да болған емес» деп жазыпты «Караван» газетінің тілшісі.

«Нұрбанктегі» осы оқиғаға қатысты «Zonakz» тәуелсіз интернет сайтында жұма күні мынадай ақпарат басылыпты: «Қаржы саласындағы кісілерден алынған деректерге сүйеніп айтар болсақ, Нұрбанкте ұсталған кісілер шабуылдауға бармаған, бұл қаржы полициясының осы мекемеге тексеру жүргізуге талпынысы... Негізінде, банктің күзет қызметі қаржы полициясының қызметкерлерін жіберуден бас тартқан. Ал қаржы полициясындағылар өздерінің қорғаушыларын шақыртқан да, олар болса «Нұрбанктің» күзетшілерінің қолына түскен» делінген осы ақпаратта. «Бұл инцидент биліктің басында саяси күрестің күшейгендігін меңзесе керек» деген болжам келтіріпті «Zonakz» тәуелсіз интернет сайты.

Ал «Литер» газетінде Қарағанды әкімінің бұрынғы орынбасарының үстінен қылмыстық іс қозғалғандығы туралы мақала жарық көріпті. Мақала авторы Айнұр Балакешова өз материалында Қарағанды облысының прокуратурасы мен полициясы неге шенеунік шенін тастағандарға ғана іс қозғайды деген сұраққа жауап іздеген. «Ақпанның басында Қарағанды жұртшылығы жемқорлықпен күрес туралы тағы бір жаңалықты естіп таң қалысты. Бұл жолы қылмыстық іс Қарағанды әкімінің бұрынғы орынбасары Александр Воробьевқа қарсы қозғалып отыр. Бір қызығы, Воробьев шенеунік тағында отырғанда оған қарсы іс қозғалмайды да, өз еркімен жұмыстан босау туралы арыз жаза салысымен қаржы полициясы оның артына түседі» делінген мақалада. «Қарағандыда бұған ұқсас жайттар жетерлік. Мәселен, Қарағандының бұрынғы әкімі Юрий Литвинов жұмыстан босай салысымен айыпты мәртебесіне ие болды. Қаржы департаментінің бұрынғы бастығы Нұрлан Нұрғалиев, облыстың бұрынғы бас дәрігері Қанат Ермекбаевқа да осындай жағдайларда қылмыстық іс қозғалған болатын. Бұл әрекетті шенеуніктер жұмыстан босамай тұрып жасауға болмас па екен?!» деген мәселені «Литер» газетінің тілшісі көтеріпті.

Ақпанның 1-күні Алматы қаласында бұрын-соңды болып көрмеген ұрлық жүзеге асырылғандығы туралы мақала «Айқын» газетінде басылыпты. «Тергеушілердің айтуынша, тепсе темір үзетін бес жігіт осы заманғы шағын компьютер мен басқару пультін пайдаланып, ойын автоматтарының құлпын еш қиналмай, бұзуға мүмкіндік беретін арнайы аппарат ойлап тауып, қаладағы Түрксіб ауданындағы біраз ойын аппараттары қожаларын едәуір шығынға батырыпты» делінген мақалада. «Ойын аппараттарын 10-20 метр жерден еркін басқарып, бұзуға мүмкіндік беретін "жаңа технологияны" олар небәрі үш күннің ішінде ойлап тапқан. Өздерінің өнертапқыштық "ізденістерін" полиция байқап, секем алып қалмауы үшін бес жігіт ақылдаса келе, өздері бұзған алғашқы ойын автоматтарынан тек аздаған қаржыларды ғана "қымқырып" отырған. Ұрлық "операциясын" олар далада көліктің ішінде отырып басқарып отырған көрінеді. Пысықай жігіттерді полиция қызметкерлері дер кезінде құрықтады. Алайда жаңалыққа жаны құмар "өнертапқыш" жігіттер өздері жасап шығарған аппаратты "сынақтан өткізіп жүрміз" деп ақталып бағуда. Бір қызығы, жаңа технологияның "көмегімен" ұрлыққа түсу оқиғасы 1500 жылдық тарихы бар үлкен мегаполис – Алматының тарихында тұңғыш рет тіркеліп отыр» депті полиция капитаны Ернұр Уәли «Айқын» тілшісінің сұрақтарына.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG