Accessibility links

Алматылық тоғыз тұрғын өз меншігіндегі үйлерді қиратудан аман алып қалу мақсатында мерзімсіз аштық жариялады


Ақпанның 5-күні Алматы қаласының Шевченко мен Құрманғазы және Абылай хан мен Панфилов көшелері аралығындағы үйлердің 9 тұрғыны қаладағы құрылыс компаниясы мен «Алматыжер» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының әлгі үйлерді көшіруге қатысты әрекетіне наразылық ретінде мерзімсіз аштық жариялады. Аштық жариялаушылар, құрылыс компаниясы мен «Алматыжер» аталған аумақтағы үйлерді қирату мақсатында тұрғындардың пәтерлері үшін бүгінгі нарықтағы бағадан арзан баға ұсынып, келіспегендерін сотқа тартып келе жатқанына осылайша өз наразылықтарын білдіреді. Бұған мезі болған тұрғындар сот талқылауларының тоқтатылуы мен қала үшін тарихи және архитектуралық маңызы бар үйлердің қиратылмауын талап етіп отыр.

Аталған үйлердің бірінде орналасқан кеңсе иесі Анна Стернинаның айтуынша, Шевченко мен Құрманғазы және Абылай хан мен Панфилов көшелері аралығындағы үйлердің тұрғындарының барлығы дерлік «Алматыжердің» айтқан бағасына келіспегендіктен 1,5 жыл бойы аудандық, қалалық соттың шақыртуларымен жүрген. Сотқа айыпкер ретінде шақыртылған тұрғындардың 70 пайызы мұндай шырғалаңдардан құтылу үшін айтқан бағаға келісуге мәжбүр болып, өз үйлерінен көшіп кетті дейді Стернина.

- Мені «Алматыжер» қызметкерлері «егер айтқан бағаға келіспесеңіздер істерің сотпен болады» деп қорқытқан. Біз қайда жүрсек те осы дау соңымыздан қалмады. Сөйтіп, тұрғындардың әбден мазасы кетті. Неге біз өз үйімізді арзан бағаға беруіміз керек? Осы үйлерде осымен 4-ші ұрпағы тұрып келе жатқан отбасылар да тұрады. Бұл үйлер 1937 жылы салынғанмен, Алматының қақ ортасында орналасқан және олардың бұдан басқа да көптеген артықшылықтары бар. Бірақ бұған «Алматыжер» құлақ асар емес. Сондықтан аштық жариялап оырмыз, - дейді Анна Стернина.

Сондай-ақ, аштық жаиялаушылар әлгі үйлерде кезінде танымал тұлғалардың - Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Ғабит Мүсірепов, Евгений Брусиловский, Ахмет Жұбанов сияқты Қазақстанның әдебиет және өнер салаларына еңбегі сіңген қайраткерлердің тұрғанын айтады.

«Алматыжер» мемлекеттік коммунальдық кәсіпорнының құқықты қамтамасыз ету жөніндегі директор орынбасары Баян Абдулланова «Азаттық» радиосына берген сұхбатында жоғарыда айтылған пікірлерге қосылмайтынын айтты.

- Біз меншікті нарықтық бағамен, заңға сәйкес бағалаймыз. Оған жер учаскесі, ондағы орналасқан үй, қасындағы жасыл бау-бақшалар және тағы басқалар кіреді және үйді бағалауда лицензиясы бар тәуелсіз бағалаушының сөзі есепке алынады. Соған қарамастан бізде бұған да көңілі толмайтындар жетіп жатыр. Егер жерге қатысты дау-дамайлар болса, біздің мекеменің есігі әрқашан да ашық, - дейді Баян Абдулланова.

Ал үйінен көшкісі келмей жүрген наразы тұрғындардың бірі Петр Зайченко өз үйлерінің өзгелерден артықшылықтары бар екенін алға тартады.

- Бұл үйлер 9 балдық жер сілкінісі болса да құламайтын, Алматыда салынған ең алғашқы сейсмикалық жағынан тұрақты үйлер. Бұл үйлерді жер сілкінісінің тербелісіне төтеп беру үшін әдейі қиғаш салған. Ал 4-5 балдық жер сілкіністері бұл үйлерде мүлдем білінбейді, - дейді Петр Зайченко.

Аштық жариялаушыларды қолдауға келген тұрғындардың тағы бірі Сайра Шылықова өзінің Түркісіб ауданынан арнайы келіп отырғанын айтады.

- Мен 1957 жылдан бастап бірінші Алматыда жер үйде тұрып келемін. Менің де үйім қиратылмақшы. Менің үйім үшін де нарықтық бағадан арзан баға ұсынылды. Бірақ бұлардың берген бағасына мен жер үй ала алмайтынымды білемін. Мұндай жағдай өз басыма келетін болғандықтан да, мен бүгін осында, тағдыры ұқсас өзге азаматтарды қолдауға келдім, - дейді ол.

Алматыдағы Шевченко мен Құрманғазы және Абылай хан мен Панфилов көшелері аралығындағы үйлердің тұрғындары аштық жариялауға дайын екендіктерін журналистер қауымына 2007 жылдың 30-қаңтарында мәлімдеген болатын. Олар өздерінің аштық жариялағандары жайында Премьер-министрге, Алматы қаласы әкімшілігіне, прокуратураға хат жолдаған. Дәл қазір аштық жариялаған 9 адам тек су ішімен ғана шектелініп отыр.
XS
SM
MD
LG