Accessibility links

Баспасөзге шолу. 02.06.2007 жыл


Сейсенбі күні жарық көрген басылымдар «Нұрбанк» акционерлік қоғамының екі қызметкері із-түссіз жоғалып кеткендігі туралы жазыпты. Сонымен қатар, газеттерде өткен аптада «Нұрбанк» ғимаратына шабуыл жасаған кісілерге қарсы қылмыстық іс қозғалғандығы айтылған.

«Нұрбанк» АҚ-ның бұрынғы басқарма төрағасы Әбілмәжін Ғылымов пен оның бірінші орынбасары Жолдас Темірәлиевтің із-түссіз жоғалып кеткендігі туралы «Жас Алаш» гаеті былай деп жазыпты: «Темірәлиевтің зайыбы Армангүл Қапашеваның айтуынша, Жолдас «Нұрбанкте» он жылдан астам уақыт қызмет істеген. Жақында ғана жақсы жұмыс істегені үшін мақтау қағазымен марапатталған болатын депті Армангүл Қапашева. Сонымен қатар, ол «Жас Алаш» тілшісіне қаңтардың 18-күні «Нұрбанк» АҚ-ның акционері Рахат Әлиевтің қатысуымен банктің кеңейтілген отырысы өткіндігін айтқан. «Сол күні Киевке ұшу керек болған Темірәлиев ертесіне әртүрлі жарақаттармен үйіне келген. Ал қаңтардың 31-күні Жолдас Темірәлиев «Нұрбанктің» акционері Рахат Әлиевпен кездесуге кеткелі оралмады» депті Армангүл Қапашева «Жас Алаш» тілшісіне берген сұхбатында.

Әрі қарай «Жас Алаш» газеті «Нұрбанктің» бұрынғы басқарма төрағасы Әбілмәжін Ғылымовтың зайыбы Нәзира Ғылымованың сөздерін келтіреді. «Әбілмәжін біреудің бизнесіне қол сұққанды жек көреді. Сонысынан да болар, соңғы кезде Рахат Әлиевпен телефон арқылы жиі-жиі сөзге келіп қалып жүрді» депті Нәзира Ғылымова «Жас Алаш» газетіне.

«Экспресс К» газеті болса, «Нұрбанк» қызметкерлерінің жоғалып кетуіне байланысты Адам құқығы жөніндегі бюро жетекшісі Евгений Жовтистің пікірін келтіріпті. Жовтис жоғалған кісілердің ертелі-кеш не қаржы полициясынан, не ұлттық қауіпсіздік комитетінен табылуы мүмкін деген болжамын айтқан. Болып жатқан оқиғаларға Қазақстанның бизнес-қауымдастығы қалай әрекет етуі мүмкін? Бұл экономикалық жүйенің негізіне соққы болып тиюі ғажап емес, депті Евгений Жовтис «Экспресс К» газетіне.

«Нұрбанк» АҚ-ның акционерлері туралы материалды «Время» газеті келтіріпті. «Қазақстандық KASE қор биржасының мәліметі бойынша, «Нұрбанк» АҚ 1993 жылғы қыркүйектің 8-күні тіркелген. Банктің ірі акционерлері тізімінде «Компания Новый Мир Limited», «Алма-Тур», «Алматы-қант», «А-Холдинг», «АЛМА-ТВ», «Қант орталығы» және бір жеке тұлға – М. Әлиевтің есімі аталады» деп жазды «Время» газеті.

«Газета.kz» апталық басылымы болса «Нұрбанктің» Алматыдағы ғимаратына қаңтардың 31-күні жасалған қылмыстық шабуылға қатысты істі қаржы полициясы қарап жатқандығы туралы жазыпты. «Қазіргі таңда бұл іс бойынша тергеуді Алматы қалалық экономика және жемқорлық қылмыспен күрес жөніндегі департаменті жүргізіп жатыр» делінген мақалада. «Нұрбанк» АҚ Басқарма төрағасы Гүлмира Жұмаділлаеваның «Газета.kz» басылымына хабарлауынша, ғимаратқа кіруге талпынған бес кісі банктің несиелік құжаттарын алып кетпекші болған. «Олар Алматы қалалық ішкі істер департаментінің қауіпсіздікті сақтау қызметкерлері болып шықты. Қазіргі таңда қалалық полицияның бірқатар қызметкерлері қамауға алынған» деп жазды «Газета.kz» апталық басылымы.

Бұл уақытта ҚР Президентінің қауіпсіздік қызметі 15 жылдық мерейтойын атап жатқандығына «Литер» газеті тоқталып өтіпті. «Президентті қорғау қызметі 1992 жылы ақпанда құрылған. Аталған қызметте ең мықты дегендер жұмыс істейді. Мереке күнін қызметкерлер жұмыс бабында атап өтпек. Өйткені олар демалыс атаулыны білмейді» делінген «Литер» газетіндегі мақалада.

Ал «Время» газетінде Президентті қауіптен сақтап қалған екі полицей «Ерлігі үшін» медалімен марапатталғаны туралы айтылыпты. «Өткен жылғы қаңтардың 30-күні Алматы-Ташкент жолында Қырғыз Президенті Құрманбек Бакиевтің көлігі қарама-қарсы келе жатқан жүк мәшинесімен соқтығыса жаздаған. Жол апатының қаупін байқаған Жамбыл облыстық жол полициясының қызметкерлері Қайсар Самбетов пен Расул Санғышев қарсы келе жатқан көліктің алдын орайды. Бірнеше минуттан соң қырғыз президенті сапарын жалғастырды, ал аяғы сынған Расул Санғышев ауруханаға түскен. Енді полиция қызметкерлері қазақстандық наградаға ие болып отыр» деп жазды «Время» газеті.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG