Accessibility links

Астана қалалық соты «Отаншыл жастар одағының» бірінші хатшысы Махамбет Әбжанға шығарылған үкімді өзгеріссіз қалдырды


Астана қалалық соты «Отаншыл жастар одағының» бірінші хатшысы Махамбет Әбжанға өткен жылғы желтоқсан айында Астананың Сарыарқа аудандық соты шығарған үкімді күшінде қалдырды. Астанада ақпанның 7 күні апелляциялық сот үдерісіне төрағалық еткен судья Баймырзин осылай деп шешті. Ал, баласының мерзімін қысқартқысы келген Махамбеттің ата-анасы мұның бәрі саясатқа байланысты деген пікір білдірді.

2005 жылы оппозициялық жастар атынан мәслихат сайлауына қатыспақшы болған «Отаншыл жастар одағының» бірінші хатшысы Махамбет Әбжан сайлау науқанындағы насихатқа бюджеттен бөлінетін қаржыны жымқырды деген айыппен былтыр желтоқсан айында Астананың Сарыарқа аудандық соты шығарған үкімімен 3 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Оның сыртында Махамбеттің мүлкі мемлекет пайдасына алынды және бостандыққа шыққан соң оған 2 жыл бойы қоғамдық жұмыспен айналысуына тыйым салынды. Бірақ, Махамбеттің ата-анасы бұл жазамен келіспей, қалалық сотқа апелляциялық шағым түсіріп, баласына берілген жаза мерзімін азайтуды көздеген еді. Жас оппозиционер Махамбеттің заңды қорғаушысы Василий Садықовтың айтуынша, Әбжанның ата-анасы баласы бюджеттен жымқырды делінген ақшаны түгелдей өтеген. Яғни, ұрлау жайты жоқ, дейді адвокат. Ал, апелляциялық сот үдерісіне қатысқан прокурор Александр Суранковтың айтуынша, Махамбет Әбжан бұл қаржыны насихатқа жұмсап үлгірмейтіндігін біле тұра, жұмсау мақсатымен есеп-шоттан заңсыз алған.

Махамбеттің адвокаты В.Садықовтың айтуынша. апелляциялық сот үдерісінде де Махамбеттің оппозиционер екендігі ескерілді.

«Өйткені, мұнда қаржы жымқырды деген айыпты, қаржыны мақсатсыз жұмсады деген 228-бапқа өзгертуге негіз болды. Бірақ, бұл жасалмады», - дейді адвокат Садықов.

Жас оппозиционер Махамбеттің әкесі Мұратбек Әбжан болса, бұған дейін болған сот үкімін өзгертпегендігіне қарағанда, апелляциялық сот үдерісінде де саяси тапсырыс көрініп тұр дейді:

- Апелляция берген кезде істемейтіндігін өзімде ойлағам. Қосып жібере ме деп қорқам. Әйтеуір, қоспай 3 жыл қалды. Енді бұл билік тапсырысы ғой.

Ал, сот үдерісіне қатысқан прокурор Александр Суранков болса, сипаты жағынан қатардағы қылмыстық іске белгісіз себептермен саяси рең беріліп тұр деп санайды.

Әйтседе, жас оппозиционер Махамбеттің заңды қорғаушысы Василий Садықов енді кезекті рет апелляцияға бергеннен пайда жоқ деп отыр. Оның үстіне, мерзімге тұтқындалу уақыты қосылаған соң Махамбетке берілген жазаның 2 жылы ғана қалды дейді адвокат.

«Ал, заң бойынша, мерзімнің үштен бір бөлігі өтсе, колонияда отырып шыққан оппозиционер Ғалымжан Жақияновтың жағдайындағыдай сияқты, Махамбетке де колония сыртында тұруға болады және жарты жылдан соң шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шығуына болады», - дейді адвокат Садықов.

Ал, апелляцияға беріңдер деп өтініш жасаған «Отаншыл жастар одағының» бірінші хатшысы Махамбет Әбжан сот үдерісіндегі соңғы сөзінде билік органдары өзін қорқытып, түрмеде ол отырған камераға хлор төгіп, оған су сеуіп «өкпеңді құртамыз» деп ескерткенін айтқан болатын.

Бірақ, Махамбет Әбжан әлгіндей қорқытып-үркітуге қарамастан, өзінің алған бағытынан қайтпайтынын мәлімдеген еді.
XS
SM
MD
LG