Accessibility links

«Хизб-ут-тахрир» ұйымының Алматы қаласында ұсталған бір мүшесі 1 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды


Ақпанның 8-і күні Қазақстанда қызметіне тыйым салынған "Хизб-ут-тахрир" ұйымының мүшесі екендігі анықталған Рүстем Мәсімбаев деген 31 жасар азамат Алматы қаласы Медеу аудандық сотының шешімі бойынша діни араздықты қоздыратын үнапарақтар таратты деп танылып, 1 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Алайда, оның әйелі мен жолдастары Мәсімбаев жазықсыз, діни насихат үшін сотталып отыр деп есептейді.

31 жастағы Алматы облысы Талғар қаласының тұрғыны Рүстем Мәсімбаевтың 2004-ші жылдан бері «Хизб-ут-тахрир» ұйымының мүшесі болғаны сот кезінде анықталған. 2006 жылы қыркүйектің 7-сі күні ол Абдулла есімді азаматпен Орталық көк базарда үнпарақтар таратып жүрген кезде қолға түскен. Бұл үнпарақтардың діни араздықты қоздыруға бағытталғаны филологиялық сараптама нәтижесі арқылы расталды дейді Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы Шәріпов мырза:

- 85/20 санды 2006-шы жыл 29-қыркүйектегі сот-сараптама қортындысына сәйкес зерттелеген объектілерде орыс-қазақ тілдерінде теріліп жазылған үпарақтар мәтінінде ұлттық немесе діни араздыққа қоздыру белгілері анықталған...

Ақпанның 8-і күні Медеу аудандық сотының судьясы Шәріпов Рүстем Мәсімбаевты Қылмыстық Кодекстің 164-ші бабының 2-ші тармағы, 337-ші бабының 2-ші тармағы бойынша айыпты деп танып, оны 2 жылға бас бостандығынан айыруға, бірақ Қылмыстық кодекстің 63-ші бабын ескере отырып, 1 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыруға шешім шығарды:

- Сотталушы, Мәсімбаев сот үкімі түсінікті ме?! Бүгін босатады, сот үкімін қолыңа аласың. Келіспеген жағдайда бүгіннен бастап арыздана аласың.

Сондай-ақ, сот шығындарын өтеу үшін сотталушыдан 18 мың теңге алуға, айғақ зат ретінде тәркіленген 17 дана үнпарақ жойылатындығы туралы да шешім шықты. Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы Мәсімбаевты 3 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын. Бірақ сот шешімінің жеңілірек шешім қабылдағынымен келісетіндігін айтады Медеу аудандық прокурордың аға көмекшісі Ғазиза Дәрібаева:

- Мұндай іс Медеу ауданында жылына 2-3 рет болады. Бұл - биылғы бірінші осындай іс. Бүгінгі сот шешімін дұрыс деп ойлаймын. Өйткені, ол бірінші рет сотталып отыр. Бір баласы бар екен. Қатемді түсіндім деп, кешірім сұраған. Сот осы жағын ескерген. Бұл - орта дәрежедегі қылмыс. Сондықтан, сот оған шартты түрде жаза қолданды.

Сотталған Рүстем Мәсімбаевтың әйелі Лаура сотқа қолына ұстаған 1 жастағы сәбиімен келді. Ол өзінің күйеуі жазықсыз істі болып отыр дегенге толық сенімді:

- Оны қамағаны дұрыс емес еді. Өйткені, оның іс-әрекеті қылмысқа жатпайды, мен оны қылмыскер деп есептемеймін! Шариғатқа бағыну, Аллаға бағыну қылмысқа жатпайды.

Сонымен бірге ол тақауда «Хиз-ут-тахрир» ұйымының бір топ мүшесінің ұсталып, қазір олардың Алматы қаласындағы Сейфуллин көшесінде орналасқан уақытша тергеу абақтысында аштық жариялап жатқандығына орай наразлығын білдіргісі келгендігін айтты:

- Бір аптадан асты олар тамақ ішуден бас тартып жатыр. Оларға тағылған айып дұрыс емес: 337-ші баптың 2-ші, 164-ші баптың 2-ші тармағанына қоса «бандитизм» деген айып тағып отыр. Соған олар наразылықтарын солай білдіріп жатыр. Қазақстан Конституциясының басында: «Қазақстан Республикасының басты байлығы – адам, оның денсаулығы, өмірі мен бостандығы» делінген. Ал мына жағдайда керісінше осы үшеуі де қорғалмай, аяқ асты болып жатыр.

Рүстем Мәсімбаевтың досы Қайнар да 1 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылған досын кінәсіз деп есептейді. Сонымен бірге, Мәсімбаевтың серіктерінің қамауда аштық жариялап жатқандығынан хабардар екендігін айтты:

- Менің естуімше, ол жерде шамамен 10-15 адам жатыр. Кентаудан, Шымкенттен осы жаққа тағы сондай мұсылмандарды алып келген. Олардың туыстары осы жақта жүр.

«Хизб-ут-тахрир» ұйымы мүшелерінің қамауда аштық жариялап жатыр деген ақпарат бойынша Алматыдағы уақытша тергеу абақтысына хабарласқанымызда, кезекші қызметкер оларды сотқа алып кетті дегенді айтты:

- Ондай бізде мәлімет жоқ. Оларды сотқа алып кетті. Солардан сұраңыздар. Қай сот екенін білмеймін.

«Хизб-ут-тахрир» ұйымы 2005-ші жылдың наурыздың 28-күнгі Астана қалалық сотының шешіміне сәйкес экстремистік деп танылып, оның қызметіне Қазақстан ауқымында тыйым салынған. Алайда, кейбір қазақстандық адам құқығын қорғаушылар олар діни уағыз үшін қуғын көріп отыр дейді.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG