Accessibility links

Үкімет ескі көліктерді елге әкелуді шектеу қажеттігін айтады


Ақпанның 9 күні Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов парламент палаталарының біріккен отырысында ескі машиналарды Қазақстанға әкелу бойынша үкіметтің қатаң позиция ұстанғанын жөн санайтындығын айтты. Ал, ресми деректер бойынша, бүгінде республика ауқымындағы рөлі сол жақтағы машиналардың 48 пайызының, рөлі оң жақтағы көліктердің 76 пайызының жасы 10 жылдан асқан. Дегенмен, кейбір сарапшылар Үкіметтің жаңа бастамасы ең алдымен орташа немесе одан төмен жалақы алатын азаматтардың құқығына нұқсан келтіреді деп отыр.

Қазақстанға әкелінетін жәй машиналардың 48%-ының жасы 10 жылдан асса, рөлі оң жақтағы машиналардың 76%-ы сондай жастағы ескі көліктер. Ал су жаңа көліктердің үлесі небәрі 6 пайыз, бірақ олардың саны жыл сайын өсуде дейді Республикалық жол-көлік басқармасының бастығы Өмірзақ Түсімов:

- Егер адамға бас амандығы қымбат болса, онда ол ескі машинаны алмайды. Биыл Астанадағы алғашқы мұз тайғақта Сарыарқа көшесінде бір машина жолдың шетіндегі жақтауға соғылып, бірнеше бөлікке бөлініп, қозғалтқышы мен «коробкасы» ұшып кетті. Ондай машиналардың керегі қанша?!

Айтқандай-ақ, ақпанның 9-ы күні премьер-министр Кәрім Мәсімов парламент палаталарының біріккен отырысында көп жыл пайдаланылған мәшинелерді Қазақстанға әкелуді шектеу керектігі жөнінде мәлімдеме жасады.

«Үкімет мұндай автокөліктер елге аз әкелінуі үшін үкімет қатаңырақ позиция ұстануы керектігі жөнінен келісемін», - деді Кәрім Мәсімов.

Премьер-министр бұл мәселені кеден-тарифтік саясаты арқылы шешуге болады деп есептейді. Алайда, ескі көліктерді әкелуді шектеу жаңа, қымбат көліктер сатып алуға қауқары жоқ азаматтардың құқығына нұқсан келтіретіндігін айтады, бұған дейін рөлі оң жақтағы көлік иелері атынан Үкіметті сотқа берген заңгер Сергей Уткин.

«Егер біздегі орташа жалақы 300 доллар болса, онда құны 5 мың долларлық мәшине сатып алу үшін қанша жыл ақша жинау керек?! Одан да Үкімет «кімнің жалақысы орташа немесе одан төмен, олардың мәшине айдауларына болмайды» десін. Неге одан да мәшинелерді техникалық тексерістен өткізу шарасын қатайтпайды?! Әлбетте, арзан көліктерді әкелуді шектеу арқылы Үкімет тағы да қарапайым азаматтардың мүддесіне қайшы келетін саясат жүргізіп отыр! - дейді заңгер Сергей Уткин.

Дегенмен, үкімет басшысының пікірінше, «елге бұған дейін әкелінген көліктерді кірісі орташа немесе төмен азаматтар алған болатын. Мемлекет оларды әкелуге рұқсат берді, онда сол көліктерді техникалық жағынан пайдалану мүмкін болғанша қалдыру керектігін» айтты премьер-министр. Бұл мәлімдеме ескі көлік иелерінің ғана емес, бағасы арзан, рөлі оң жақта орналасқан көлік иелерін де үміттендіріп тастағанын айтады Уткин.

«Рөлі сол жақтағы көліктерді толық ескіргенше айдауға болады да, рөлі оң жақтағыларға тыйым сала ма? Оларды да кезінде әкелуге мемлекет рұқсат берді емес пе?! Яғни, қазір рөлі оң жақта орналасқан көлік илері Мәсімовтің мәлімдемесінен кейін мәшинелерін енді толық ескіргенше айдауға рұқсат береді деп отыр», - дейді Сергей Уткин.

Уткин мырза алдымен рөлі оң жақтағы арзан мәшинелерді, содан кейін ескі мәшинелерді әкелуге тыйым салу жаңа, қымбат көліктер сататын үлкен компаниялардың мүддесін күйттеу болып шығуын да жоққа шығармайды. Ал, үкімет басшысының соңғы мәлімдемесінен кейін, ең алдымен, үлкен автокөлік базарының тұтқасын ұстап отырғандардың айы оңынан тууы әбден мүмкін дейді Қоғамдық мәселелерді сараптау орталығының директоры Меруерт Махмұтова.

«Мәсімовтің мәлімдемесі автокөлік рыногын иемденіп отырған азаматтардың ой-пікірінен шығып отыр. Әрине, олар өз тауарын, өнімін әрі қарай жылжытуға әрі қарай осы үкіметтің мәлімдемесін пайдаланбақ».

Қазақстандық сарапшылардың ғана емес, қатардағы алматылықтардың да ескі көліктерді әкелуді шектеу турасында пікірлері әр түрлі:

«Қарапайым азаматтарға ауыр тиеді деп ойлаймын. Өйткені, олардың көпшілігінің қымбат машина алуға мүмкіндіктері жоқ».

«Ескі көліктер жолда техникалық жағынан қауіпті. Шектеген дұрыс!»

«Халықтың сұранысын ескеру керек деп ойлаймын. Менің машинам 1992-ші жылғы. Ешқандай жол апатын жасаған емес. Ешқандай проблема туындатқан жоқ».

«Ескі машиналар қаптап, Алматыда соның салдарынан ауа нашарлап кетті. Бүгін, мысалы, көк түтін!»

Былтыр желтоқсан айында шыққан Қазақстан үкіметінің қаулысына сай, биылғы ақпанның 28-інен бастап Қазақстанға рөлі оң жақта орналасқан көліктерді айдау мақсатында әкелуге тыйым салынбақ.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG