Accessibility links

Баспасөзге шолу. 02.15.2007 жыл


Бейсенбі күні жарық көрген басылымдар Түркменстанда президентті ұлықтау салтанаты өткендігіне мән беріпті: газеттердің бірі Гурбангулы Бердімұхаммедов билікке келген соң Ашхабад бейтараптық саясатынан бас тартуы мүмкін бе деген сұрақтарға жауап іздесе, бірқатар басылымдар Түркменстандағы билік ауысулары Орталық Азиядағы жағдайды күрт өзгертуі мүмкін деп жазды.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түрікменстан басшысын ұлықтау рәсіміне қатысқандығы туралы мақала «Казахстанская правда» газетінде жарық көріпті. «Инаугурация салтанатына қатысқан шетелдік қонақтардың ішінде Гурбангулы Бердімұхаммедовты бірінші болып Нұрсұлтан Назарбаев құттықтады» делінген мақалада. «Түркмен басшысы Нұрсұлтан Әбішұлының лебізі өте маңызды екендігін айрықша атап көрсеткен. Өйткені, Президент Назарбаевтың және Қазақстанның әлемдегі беделі өте жоғары. Ашхабадтағы кездесулерде Түркменстанның одан арғы болашағы да сөз болғаны анық. Мәселен, Түркменстанның оқшаулану саясатынан шығуы жолындағы реформаларды Қазақстан қолдайды» деп жазды «Егемен Қазақстан» газеті.

Бұл туралы «Айқын» газетінде былай делінген: «Нұрсұлтан Назарбаев Ашхабадта АҚШ мемлекеттік хатшысының көмекшісі Ричард Баучармен кездесті. Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы Ерлан Байжановтың айтуына қарағанда, кездесу барысында екі жақ Түрікменстанның бұдан былай оқшаулану саясатынан бас тартуы жөнінде пікір алмасқан». «Бұдан бұрын Президент Н.Ә.Назарбаевтың АҚШ-қа сапары барысында бірқатар екіжақты келісімге қол жеткені белгілі. Таяу уақытта осы келісімдерді жүзеге асыру мақсатында АҚШ ведомстволарының орта деңгейдегі шенеуніктерінің бірнеше өкілдігі іс сапармен Қазақстанға келетін болды» делінген «Айқын» газетіндегі мақалада.

Саналы ғұмырында тек тіс дәрігері болып істеген Гурбангулы Бердімұхаммедов Түркменстанда не өзгертуі мүмкін деген сауалға «Жас Алаш» газеті жауап іздепті. Сонымен қатар, аталған басылымды Ниязовтың туған-туыстарының атымен аталған күнтізбедегі ай аттары енді қалай өзгерер екендігі ойлантады. «Бұрындары түркменбашы Ниязовтың жеке дәрігері болған Бердімұхаммедов енді ТМД-дағы ең жас президенттердің бірі атанды. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының бақылаушылары бұл сайлауды «көзбояушылық» деп бағалағанымен, инаугурация салтанатына Батыстан, Шығыстан, ТМД-дан жоғары лауазымды тұлғалар көп жиналды. Олай болатын себебі, әлемді түркмен газының тағдыры қызықтырады» деп түйіндейді «Жас Алаш» газеті.

Түркменстандағы жағдай Орталық Азия аймағындағы саяси ахуалға өзгеріс енгізетіндігіне «Түркістан» газеті мән беріпті. «Сайлауға дейінгі саяси ойын көрігін қыздыруға тырысқан алпауыт елдер түркімендермен тығыз қарым-қатынас орнатуға тырысқан. Алайда, уақытша үкімет Түркіменбашы салып кеткен даңғыл жолдан айнымайтындықтарын ашық байқатқан еді. Энергетикалық қауіпсіздік мәселесі күн тәртібінен түспей тұрған Батыс пен АҚШ, Қытай мен Ресей, Үндістан мен Пәкістан саяси таразының басы қай жаққа қарай бұрылатынын әзір болжай алмай отыр. Әрі Түркменбашының қазасы Орталық Азия аймағындағы саяси ахуалдың күрт өзгертетіндігін мәлімдеген саясаткерлер қауымы «барлық қызықтың» әлі алда екенін айтады» деп жазды «Түркістан» газеті.

Түркменстанда жаңа басшымен қатар қоғамға жаңа өзгерістер келетіндігі «Литер» газетінде баяндалыпты. «Түркменстан президенті инаугурация салтанатында сөйлеген сөзінде Түркменбашы Сапармұрат салып кеткен жолмен жүруге уәде бере отырып, жанармай мен қажетті өнімдердің бағасы бұрынғысынша қалатындығын, білім беру жүйесі он жылдыққа көшірілетіндігін, ұялы телефон мен Интернетке рұқсат берілетіндігін айтқан. Ал сыртқы саясатта Бердімұхаммедов бұрынғысынша бейтараптық саясат ұстанбақ» деп жазды «Литер» газеті.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG