Accessibility links

Алматы прокуратурасы шетелдік компанияны еңбек құқығына байланысты кемсітушілікке жол берген деп тауып, әкімшілік жауапқа тартты


Алматы қаласының прокуратурасы түркиялық "Ахсель құрылыс, мердігерлік және сауда" компаниясында істейтін қазақстандық 416 жұмысшының еңбек құқығына байланысты кемсіту деректерін әшкерелегенін хабарлады. Прокуратураның деректері бойынша, шетелдік кәсіпорында түрік жұмысшыларына қарағанда қазақстандықтарға сынақ мерзімі белгіленіп, олардың демалыс күндері мен жалақылары аз жазылып келген. Бұл туралы "Азаттық" радиосына сенбі күні Алматы қаласы прокуратурасынан хабарлады. Алайда, "Ахсель құрылыс, мердігерлік және сауда" компаниясы ондағы жұмысшылар істеген уақыттарына қарай жалақы алатындығын алға тартады.

Прокуратура жүргізген тексеру барысында «Ахсель құрылыс, мердігерлік және сауда» түрік компаниясының Алматыдағы бөлімшесінде қазақстандық және түрік жұмысшыларымен жасалған жеке келісім-шарттарда көрсетілген талаптар бойынша айырмашылықтар болғаны анықталған. Мысалы, жұмыс берушінің кінәсінен жұмыс тоқтап қалғанда жұмысшыға ақы төлеу жағы қазақстандықтар бойынша айтылмаған, ал түрік жұмысшыларының келісім-шарттарында жалақы көлемі көрсетілмеген.

«Компания бөлімшесінің басшылығы Қазақстан азаматтарының жалақыларын төлеуде кемсітушілікке жол берген. Жергілікті жұмысшыларға тең еңбек құқығын жүзеге асыруға мүмкіндік берілмеген. Мысалы, штатты кестеге сәйкес 5-ші дәрежелі арматурашының өнімдік жалақысы - келісімді негізде сағатына 3 доллар болған. Бірақ, түрік жұмысшысы 2006-шы жылы қазан айында 160 сағат жұмыс істеп, сағатына 8 доллар төленетіндей ақы алған. Ал осы уақыт аралығында 297 сағат жұмыс істеген қазақстандық жұмысшының қолына 52580 теңге тиген», - дейді Алматы қаласы прокуратурасының қызметкері Майса АБДРАМАНОВА.

Алайда, «Ахсель құрылыс, мердігерлік және сауда» компаниясының Алматыдағы бөлімшесінен өз аты-жөнін айтудан бас тартқан түрік қызметкері «Азаттық» тілшісіне аудармашы арқылы берген түсініктемесінде, жұмысшыларды кемсіту болған жоқ, әркім істеген уақытына қарай жалақы алды дегенді алға тартты.

«Сіз білесіз бе, бізде кім қалай жұмыс істейді - солай ақы алады. Бәрі кімнің қанша жұмыс істегеніне байланысты. Оларға сағат бойынша төленеді. Қанша сағат істесе, сонша алады», - деді компания қызметкері.

Дегенмен, Алматы прокуратурасы мәліметтеріне қарағанда, жұмыс уақытына қатысты да заң бұзушылықтар орын алған. Мысалы, бір қазақстандық жұмысшыға айына 100 сағаттан артық мөлшерден жұмыс жүктелгендігі анықталған. Қазақстанның еңбек туралы заңнамасы бойынша, еңбеккердің демалыс уақыты жұмыс аяқталып, келесі күнгі жұмыс басталғанша 12 сағаттан кем болмауы керек. Бірақ бұл компания бөлімшесінде жұмысшылар күніне 13-14 сағаттан жұмыс істеген дейді Алматы прокуратурасының қызметкері Майса Адбраманова.

Адам құқығы мен заңдылықты сақтау жөніндегі бюро директоры Евгений ЖОВТИС шетелдік компанияларда жергілікті жұмысшылардың құқығына байланысты заң бұзушылықтар Қазақстанда кең тараған жағдай деп отыр.

«Жұмыс беруші мен қазақстандық жұмысшылар арасында жасалатын жеке келісім-шарттар, халықаралық талаптарды айтпағанда, біздің заңнама талаптарынан әлдеқайда алыс. Сондықтан, мұнай-газ компанияларынан бастап қызмет көрсету, соның ішінде құрылыс фирмаларындағы жағдай сын көтермейді. Сондықтан, оларда еңбек заңнамасының орындалуына орай тексеру жүргізілгені дұрыс», - дейді адам құқығын қорғаушы.

Ол бұл ретте кемсітушілікке қарсы арнайы заң қабылдануы керек деп есептейді. Ал Парламент депутаты, бұрынғы еңбек министрі Әлихан БАЙМЕНОВ жұмысшылар құқығы көп жағдайда жұмыс берушілердің мүддесін күйттейтін шенеуніктердің болуынан деп есептейді:

- Осында жұмыс істейтін ірі шетелдік компаниялардың көбін жеке-жеке қолдайтын орталықта ірі-ірі шенеуніктер бар. Олар инспекторлар тексерген кезде немесе басқа бір кемшіліктер шықса, істі өне бойы жауып тастап отырады. Осының барлығы Қазақстанда еңбеккерлердің құқығының қорғалмай отырғандығына соқтыруда. Менің ұсыным бойынша, жұмысшылардың өкілдерінің жұмысына лауазымын пайдаланып кедергі жасаған жұмыс берушілер қылмыстық жазаға тартылуы керек. Бірақ оған 4 сенатор қарсы дауыс беріп отыр. Сенатқа әсер етіп отырған белгілі бір жұмыс берушілер ұйымдары болса керек, - дейді депутат Ә.Бәйменов.

Алматы қалалық прокуратурасының хабарлауынша, «Ахсель құрылыс, мердігерлік және сауда» түрік компаниясындағы заң бұзушылықтар анықталғаннан кейін кінәлі адамдар әкімшілік жауапкершілікке тартылған және жергілікті жұмысшылардың жалақыларындағы айырмашылықтар жойылған.

AzattyqTV

Жаһан жаңалықтары

Жээнбеков кім?

XS
SM
MD
LG