Accessibility links

Қазақстанда демократия жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмысы тоқтатылды


«Енді Қазақстанда демократия жөніндегі ешқандай мемлекеттік комиссияның қажеті жоқ». Қазақстан президенті Назарбаев Астанада ақпанның 19 күні демократия жөніндегі мемлекеттік комиссияның соңғы қорытынды отырысында осындай мәлімдеме жасады. Ал, оппозиция атынан соңғы отырысқа тұңғыш рет қатысқан Серікболсын Әбділдин бұл комиссияның өзінде жалпы демократиялық жолға түсудің өзі туралы көп сөз болмағанын айтады.

Президент Назарбаевтың айтуынша, енді комиссия жасаған ұсыныстарды өмірге енгізу үшін, заңдарға және Негізгі заңға өзгерістер енгізілмекші. Ол үшін тәуелсіз сарапшылар кіретін жаңа жұмыс тобы құрылады.

«Енді Қазақстанда демократия жөніндегі ешқандай мемлекеттік комиссияның қажеті жоқ», - деді президент Назарбаев.

Ал елдегі оппозиция атынан соңғы отырысқа тұңғыш рет қатысқан Серікболсын Әбділдин бұл пікірмен келіспейтіндігін жеткізді:

- Мына комиссиялардың жасаған еңбегін, әрине, бағалау керек. Әйткенмен де, осы комиссияны ертең тарқатып жіберіп, басқа комиссияға ауысса, осы мәселелерді бәрібір жаңалық деп есептеп, қайтадан терлеп-тепшіп жұмыс істейді. Ұсыныс деген жақсы, бірақ, шешім қабылдайтын уақыт жетті. Оны қабылдайтын бір-ақ адам. Оған елбасының ықпалы керек. Менің ойымша, сол жетпей тұр.

Ал өздерін конструктивті оппозицияға жатқызып жүрген «Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Бәйменовтың айтуынша, комиссия өз жұмысын аяқтады:

- Мемлекеттік комиссияның мақсаты - нақты бағыттарды айқындап беру керек-тұғын. Бағыттар айқындалды. Міне, осы өзгерістер енді нақты заң нормалары болып, жаңа жұмыс тобының құзырында шығу керек.

Енді осы бағыттарға жеке тоқталсақ. Президенттік «НұрОтан» партиясының төрағасының міндетін атқарушы Бақытжан Жұмағұлов партияларды бюджеттен қаржыландыру керек деді. Президент Назарбаев бұл ұсынысқа қарсы еместігін айтты. Естеріңізге салсақ, Парламент депутаты Дариға Назарбаева парламентте 7 пайыздық белестен өткен партияға бюджеттен ақша бөліну керек деген. Өзге партия өкілдері монополист партияға қаражат беру дұрыс емес деген пікірін білдірген. Ал, барлық жұмыс топтарын қортындылаған Әлихан Бәйменовтың айтуынша, комиссия өзін-өзі басқару жүйесін енгізуді ұсынды. Ал, президент Назарбаевтың айтуынша, халықпен сайланған жергілікті мәслихаттарды біртіндеп жергілікті өзін-өзі басқару органдарына айналдырса жеткілікті, өйтпесе екі билік болады, деді президент Назарбаев:

- Екі қошқардың басын бір қазанға салып қажеті жоқ Қазақстанда.

Естеріңізге сала кетсек, оппозиция өкілдері бұл мәслихат депутаттары халықты емес әкімдердің сөзін жақтайды деген болатын. Бірақ, президент Назарбаевтың айтуынша, бірінші кезекте экономикалық реформалар, екінші кезекте құқықтық мемлекет және үшінші кезекте демократия тұру керек:

- Біз баяғы 91 жылда жүргеніміз жоқ, бәріміз Америкадай, Еуропадай боламыз деп. Оған жету керек әлі.

Комиссия отырысын бақылаған ЕуроОдақ өкілі Режин Руа экономикалық және саяси реформалар бірге жүргені маңызды дейді.

Ал, президент Назарбаев болса бірінші кезекте экономика мәселесін шешу керек деді. Оның айтуынша, көршілес мемлекеттердің тәжірибесі көрсеткендей, бұқарада баррикадалық көңіл-күй болған шақта елде демократия орнатуға болмайды.

«Көпшілік түрлі-түсті революциялардың нәтижесі дағдарыс болған деп есептейтіндігіде кездейсоқ емес», - деді президент Назарбаев.

Оның айтуынша, либерализация деген ұғымға Қазақстанда қате түсінік беріліп жүр.

«Біз оны билік әлсіздігі және толық еркіндік құқығы деп есептейміз. Және кейбір өзін еркін сезінетін ақжүрекпіз дейтіндердің тырнақшадағы тентектік пен қынырлығына мәз боламыз», - деді президент Назарбаев.

Саяси реформаларға тоқталған президент Қазақстанда президенттік билік болу керек деген пікірін білдірді.

«Бірақ, парламенттің құзіреті кең болу керек», - дейді президент.

Алайда, комиссия мүшелері депутаттар санын көбейту керек десе, президент «парламент шағын болу керек» деп санайды. Назарбаевтың айтуынша, «бастысы - билікті әлсіретпеу керек» екен.

«Қырғызстан күрестен кейін бұқаралық митингілерден кейін қайтадан президент билігін күшейтуге және президенттік парламенттік басқару жүйесіне келді», - деді ол.

Енді комиссия жасаған ұсыныстарды өмірге енгізіп конституцияны өзгерту үшін, парламент депутаттарының 80 пайызының қолдауын табу қажет немесе референдум өткізу керек, деді президент Назарбаев.
XS
SM
MD
LG