Accessibility links

Баспасөзге шолу. 02.20.2007 жыл


Сейсенбі күні жарық көрген басылымдардың кейбірі Алтынбек Сәрсенбайұлы мен «Хабар» агенттігі арасындағы азаматтық іс қайта қарала ма деген сұраққа жауап іздепті. Сонымен қатар, газеттер демократиялық реформалар жөніндегі комиссияның қорытындысына мән беріп өтіпті.

«Хабар» агенттігінің Алтынбек Сәрсенбайұлына қарсы қозғаған азаматтық ісі қайта қаралуы мүмкін екендігі туралы мақала «Время» газетінде жарық көрді. «Қазақстанның Австрия және ОБСЕ-дегі елшісі Рахат Әлиевтің ақпарат агенттіктерінің біріне берген сұхбатынан соң Алтынбек Сәрсенбайұлының туған-туыстары мен жақын достары осы істің қайта қаралуын қалап отыр. Рахат Әлиев өз сұхбатында «Хабар», КТК телеарналарының акцияларына ие екендігін айтқан болатын» делінген мақалада. 2005 жылдың жазында «Нағыз Ақ жол» партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлы, Алматының Медеу аудандық сотының шешемі бойынша, «Хабарға» бір миллион теңге төлеп, елдегі ең ірі медиахолдинг Дариға Назарбаева мен оның отбасына тиесілі екендігі туралы айтқандарын жоққа шығаруы керек болатын деп жазды «Время» басылымы.

Бұл уақытта Рахат Әлиевтің акциялары бар «Нұрбанк» кеше тағы бір жанжалды басынан кешіргендігі де «Время» газетінде баяндалыпты. «Ақпанның 19-күні Алматыдағы Нұрбанк филиалының ғимаратына жарылғыш зат қойылғаны туралы ақпарат келіп түскен. Алматыдағы Төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің бөлім бастығы Мұрат Жұматаевтың айтуынша, осындай ақпаратты түскі екілер шамасында белгісіз бір әйел телефон арқылы хабарлаған. Соған сәйкес мекемедегі қызметкерлердің барлығы шығарылып, ғимарат ішінде іздеу жұмыстары жүргізілген. Екі сағатқа созылған іздеу барысында жарылғыш зат табылмаған. Ал бұл уақытта банк операцияларының барлығы төрт сағатқа жуық уақыт бойы тоқтап тұрған. Айта кетерлік жайт, арнайы жасақ қызметкерлерінің оқиға орнына жетуіне де осыншама уақыт қажет болды» деп түйіндейді «Время».

Сонымен қатар, сәрсенбілік басылымдар Демократиялық реформалар жөніндегі комиссияның соңғы отырысына ерекше мән беріпті. Бұл туралы «Жас Алаш» газеті «демократтардың үміті тағы да кесілді» деп жазды. «Таяу арада Қазақстанда ресми мінберлерден саяси реформа туралы сөз қозғалып, конституциялық өзгерістер апыл-ғұпыл енгізілуі әбден мүмкін деп жүргенбіз. Алайда, кешегі өткен алқалы жиын демократтардың үмітін тағы да үзген сыңайлы» делінген мақалада. «Жиында қорытынды сөз алған Президент Нұрсұлтан Назарбаев билік пен мемлекеттік комиссия мүшелерінің пікірі бір жерге тоқайласатындығын айта келе, «күшті билік пен демократия бірі-біріне кереғар дүние емес» деп тұжырым жасады. Президенттің сөздерінен ұққанымыз, суперпрезиденттік басқару жүйесі сол қалпында қала бермек» деп жазды «Жас Алаш» басылымы.

Ал «Литер» газеті болса «демократиялық реформалар жөніндегі комиссия өз мақсатына жетті» деген тұжырым жасайды. «Осыдан бір жылдан астам уақыт бұрын құрылған комиссия жұмысын аяқтады. Нәтижесі жаман емес» делінген мақалада. «Мемлекеттік комиссияның елдегі саяси жүйеге қатысты ұсыныстары мынаған саяды – Қазақстанда парламенттің құзыретін арттыра отырып, президенттік билік сақталуы тиіс. Бұл пікірді президенттің өзі де қостап отыр. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев президенттің бірқатар құзыретін парламентпен бөліскенді жөн көреді. Мәселен, Конституциялық кеңесті, Орталық сайлау комиссиясын, Есеп комитетін жасақтау деген секілді. Бұған қоса, Нұрсұлтан Назарбаев парламентті күшейте отырып, президенттік билікті әлсіретуге болмайтындығын атап көрсеткен» деп жазды «Литер» газеті.

Осы тақырып төңірегінде «Айқын» газеті былай деп жазыпты: «Мемлекеттік комиссия қолға алынбақ саяси реформаны екі кезеңмен өткізуді ұсыныпты. Біріншісі – қазіргі қолданыстағы Конституция шеңберінде жүзеге асырыла беретін шаралар. Ал екінші кезең – Ата Заңға өзгерістер енгізуді талап ететіндер. Яғни, саяси реформа көздеген басты нысанаға дейін тағы бір белден асу керек болады. Алайда Президент бірден екі кезеңді де қатар жүргізу керек екенін айтты. Сөйтіп, Нұрсұлтан Әбішұлы мемлекеттік комиссия мүшелерінің ешбірі бармаған тәуекелге бел байлап, Ата Заңға енгізілетін өзгерістерді де елдегі саяси жүйенің одан әрі демократияландыру үрдісін де барынша жеделдете түсуді қолдап шықты» делінген мақалада. «Қолдау тапқан тағы бір ұсыныс – Парламент Сенатынан Қазақстан халықтары ассамблеясы өкілдеріне де орын бөлу жайы. Мұндай тәжірибе әлемнің көптеген елдерінде сәтті қолданылып жүр. Президент Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының санын көбейту мәселесін тағы бір қарап көруді ұсынады» деп жазды «Айқын» газеті.
XS
SM
MD
LG