Accessibility links

Автокөлік иелерінің қоғамдық ұйымы Ішкі істер министрлігі Қазақстан президентіне жалған мәлімет берген деп кінәлап отыр


Қазақстанда автокөлік иелерінің құқығын қорғау қоғамдық ұйымын құру жөніндегі ұйымдастыру комитетінің мүшелері Ішкі істер министрлігі рөлі оң жақтағы көліктерге қатысты Қазақстан президентіне жалған мәлімет берген деп мәлімдеді ақпанның 21-күні Алматыда. Автокөлік иелерінің жинаған мәліметтеріне қарағанда, оң жақ тұтқалы көліктер жасаған жол-көлік апаты бойынша берілген статистикалық мәліметтерге рөлі сол жақтағы көліктер жасаған апаттар да қосылып кеткен. Сонымен бірге, Қазақстанда бірқатар зауыттар көліктердің рөлін ауыстырумен айналысады деген дерек те шындыққа жанаспайтын болып шықты дейді автокөлік иелерінің құқығын қорғаушылар.

Рөлі оң жақтан басқарылатын автокөліктердің апатқа ұшырау мүмкіндігі бойынша ешқандай тиянақты талдау жасалмаған. Тіпті, мұндай көліктерді есепке алуда да қиысынсыз тұстар бар деді сәрсенбі күні, жаңадан пайда болған автокөлік иелерінің құқығын қорғау қоғамдық ұйымының ұйымдастыру комитет мүшесі Эдуард Эдоков. Бұл ретте ол, сөзінің дәлелі ретінде, екі көліктің техникалық төлқұжатының көшірмесін көрсетті.

- Міне, мында «Тойота-Карина-Д» деген машинаның атауы көрсетілген. Ал мына жерінде «оң жақ рөл» деген белгісі бар. Ал енді тағы бір тұтқасы оң жақтағы 2006-шы жылы тіркелген көлік – «Ниссан-скайлайнның» төлқұжатын қараңыз. Бірақ, оның құжатында рөлі туралы мәлімет жоқ! Сонымен бірге жол-көлік апаты жөніндегі хаттаманың көшірмесіне де көз жүгіртесіңіз, онда да еш жерде рөлі көрсетілмейді, - дейді Эдуард Эдоков.

Дегенмен, бұған дейін Республикалық жол-көлік басқармасының бастығы Өмірзақ Түсімов «Азаттық» радиосына берген сұқбатында, статистикалық деректер 2004-ші жылдан бергі жиналған мәліметтер негізінде мұқият әзірленгендігін айтқан болатын:

- 2004 жылдан бастап машинаны тіркеуге әкелгенде тіркеу органдарында «айрықша белгі» деген жеріне «оң жақ рөл» деп жазылатын болды. Бұл – бір. Екіншіден, 2004 жылға дейінгі машиналардың барлығы бірдей жыл сайын техникалық тексеруден өтеді. Аудандық жол полициясы бөлімдерінде «көлік құралының есепке алу карточкасы» деген болады. Олардың барлығы компьютерлік ақпарат қорына енеді. Сонда да «айрықша белгі» деген тұсқа «оң рөл» деп жазылады. Жол көлік оқиғасы болған кезде де жол-көлік инспекторы міндетті түрде карточкаға «рөлінің орналасуы» деген жеріне белгі соғады.

Республикалық жол-көлік басқармасының мәліметтері бойынша, елде оң жақ рөлді көліктер жасаған апат 2004 жылы 136%-ға , 2005 жылы 186%-ға, ал былтырғы жылдың он айында алдыңғы жылмен салыстырғанда 92%-ға өскен. Бірақ, рөлі оң жақтағы көліктер жасайтын апаттар бойынша деректер арасында рөлі сол жақтан басқарылатын көліктер бойынша да мәліметтер еніп кеткенін айтады Эдуард Эдоков.

- Мысалы, 2005-ші жылы желтоқсанның 6-сы күні жол-көлік оқиғасы Алматыдағы Шаляпин-Береговой көшелерінің қиылысында орын алған. Сот кезінде апаттың рөлі сол жақтағы көлік иесінің мастығынан болғандығы анықталған. 2005-ші жылы Жандосов-Береговой көшелерінің қиылысында ақпанның 23-і күні болған оқиғада жол ережесін бұзған жолаушы кінәлі болып шыққан. Ал 2006-шы жылы наурыздың 3-і күні Әл-Фараби көшесіндегі жол-көлік апатын рөлі оң жақтағы көлікке соғылған рөлі сол жақтағы көлік иесі жасаған. Бірақ, бұл оқиғалардың барлығы рөлі оң жақтан басқарылатын көліктер жасаған апаттар санатына еніп кеткен, - дейді Эдуард Эдоков.

Сонымен бірге ол, Қазақстанда 5 зауыт көліктердің рөлін ауыстырумен айналысады деген Ішкі істер министрлігінің мәлімдемесін де шындыққа жанаспайды деп отыр.

- Сол зауыттарға сауал жолдадық, нәтижесінде ондай дерек те жалған болып шықты. Олардың 4-і ешқашан рөлді ауыстырумен айналыспаған және онымен айналысуды жоспарлап отырған жоқ. Олар үшін бұл төбелерінен жай түскендей жаңалық болды. Неге, мысалы, ауыр жүк машинасын шығаратын «Камаз-инжиниринг» кенеттен рөлді ауыстырумен айналыса бастамақ? - дейді Эдуард Эдоков.

Автокөлік иелерінің құқығын қорғаушылар рөлі оң жақта орналасқан көліктерді Қазақстанға әкелуге тыйым салу мен оны пайдалану уақытын шектеуге қарсы 9 мың қол жинапты. Олар бұл орайда Жоғарғы сотқа арыз беріп, Қазақстан президентіне дейін шағымданбақ. Жалпы, Қазақстан бойынша рөлі оң жақтан басқарылатын көліктердің саны 150 мың шамасында.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG