Accessibility links

Алматы қалалық ауданаралық экономикалық соты Әуезов ауданы әкімінің Алматылық кәсіпкер әйелге қатысты ісін заңсыз деп таныды


Бұған дейін Алматы қаласындағы «Шаңырақ-1» елді мекенінде шағын кәсіпкерлікпен айналысып келген кәсіпкер әйел Жәмила Тәңірбергенова өзінің кешенді даяшылық қызмет көрсету орталығын Әуезов ауданы әкімінің бұйрығымен қиратып тастағаны үшін, аудан әкімі Әділ Несіпбаевтың үстінен сотқа шағымданған болатын. Сот оның өтінішін қарап, істі кәсіпкердің пайдасына шешті.

Кәспкер Ж.Тәңірбергенова өз шағымында 2006 –шы жылы желтоқсан айының 12-сі күні Әуезов ауданы әкімшілігінің бір топ қызметкерлері трактор, бульдозермен келіп, аудан әкімі Әділ Несіпбаевтың ауызша бұйрығы бойынша, «Шаңырақ-1» ықшамауданының Асанқайғы көшесі бойында болған «Мектеп» атты кешенді орталықты қиратып, өзіне 300 мың АҚШ доллары көлемінде материалдық шығын келтіргенін жазған.

Алматы қалалық ауданаралық экономикалық соты бұл істі қарап, ақпанның 19-ы күні сырттай сот шешімін шығарды. Сот шешімінің сырттай шығарылуына Әуезов ауданы әкімшілігінің қызметкерлері кінәлі деп табылып отыр. Өйткені, 6 рет өткен сот отырысына олар шақырылса да әкімшіліктен бірде бір өкіл келіп қатыспаған.

Сот шешімінде Алматы қалалық Әуезов ауданы әкімі Ә.Несіпбаев кәсіпкер әйел Ж.Тәңірбергенованың қоғамдық автокөлік аялдамасында салған дәрі-дәрмек сататын шағын бөлімше мен телефон-интернет байланыстарын жасайтын орталықты ешбір себепесіз қиратуға бұйрық беріп, оны әкімшілік қызметкерлері арқылы іске асырғаны заңсыз деп танылған.

Ақпанның 21-і күні Алматыда бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездескен кәсіпкер Жәмила Тәңірбергенова, өзінің сот шешіміне риза екендігін білдірді.

«Қалайда Қазақстанда конституция бар екендігіне, оның жұмыс істейтіндігіне көзім жеткендей болды. Сот шешімі бойынша, менің қиратылған дүние-мүлкім 300 мың АҚШ доллары көлемінде деп бағаланып отырғанымен, моралдьқ тұрғыдан шеккен шығыным бұдан талай есе көп болмақ», - дейді ол.

Заңгер Василий Резванның айтуынша, кәсіпкер Ж.Тәңірбергенова өзінің азаматтық құқығы мен кәсіпкерлікпен айналысу құқығы шеңберінде әкімді сотқа бергендіктен, заңгерлер тобы бұл мәселемен шынайы түрде айналысып, кәсіпкер әйелдің ешбір айыпсыз екендігін сотта қорғаған.

«Сондықтан, сот кәсіпкер әйелге қатысты әкімнің ісі заңға томпақ екендігін жақсы түсініп, оны айыпты деген шешімді шығарып отыр», - деді В.Резван.

Оның айтуынша, кәсіпкер әйелдің шеккен материалдық және моралдық шығын шамасы жарты миллиондай АҚШ доллары көлемінде.

«Ол ақшаны Әуезов ауданы әкімі өз жанқалтасынан төлеуі тиіс, өйтпеген жағдайда, оны тағы сот арқылы шештіруге ат салысамыз», - дейді В.Резван.

Алматы қаласында даяшылық қызметімен айналысатын кәсіпкерлер комитетінің төрағасы Сембек Нұрғұлов кәсіпкерлерге көп кедергі жергілікті атқарушы билік тарапынан екенін айтады.

«Қазақстанда шағын және орта бизнесті дамыту жөнінде Қазақстан президенті Н.Назарбаев қанша айтқанымен, оны жергілікті әкімдер қолдамайды, олар жеке кәсіпкерлердің аяғын байлап, оларға кедергі жасаумен айналысады», - дейді С.Нұрғұлов.
XS
SM
MD
LG