Accessibility links

Алматының тергеу абақтысында, «Хизб-ут-тахрир» ұйымының бірнеше мүшесі аштық жариялап жатыр


Ақпанның 19-ы күні Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі, Қазақстанда қызметіне тиым салынған «Хизб-ут-Тахрир» партиясының 27 мүшесі, осы ұйымның идеологиялық ұстанымдарынан бас тартқаны туралы ақпарат таратты. Ал бұл уақытта, «Азаттық» радиосына бейресми ақпарат көздерінен, Алматыдағы тергеу абақтысында қамауда отырған аталған партияның мүшелері аштық жариялап жатқаны туралы мәлімет түсті.

Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің таратқан баспасөз-баянында, «Хизб-ут-Тахрир» ұйымының жетекшілері мен белсенді мүшелері ұсталғаннан кейін, соңғы үш аптаның ішінде Ұлттық қауіпсіздік органдарына партия жақтастары келіп, өз еріктерімен идеологиялық ұстанымдарынан бас тартатындарын мәлімдегені жазылған. Соңғы үш аптаның ішінде Қауіпсіздік комитеті бір-біріне ұқсас екі ақпаратты жария етті: 26-қаңтар күні 55 адамның, ал 19 ақпан күні 27 адамның «Хизб-ут-тахрир» партиясының мүшелігінен бас тартқанын хабарлады. Алайда, Алматы тұрғыны Нышангүл Мұхабаева бұл ақпаратқа күмәнмен қарайды. Нышангүлдің күйеуі, «Хизб-ут-тахрир» партиясының үнпарақтарын таратқаны үшін, 29 қаңтар күні Алмалы аудандық сотының үкімімен 4 жылға бас бостандығынан айырылған.

«Мүмкін, бұл жерде халықты «Хизб-ут-тахрирді» қолдап кетпесін деген ниетте айтылған болуы мүмкін. Біреулер айтып қояды, Мәметова көшесіндегі тергеу абақтысында қамаудағы «хизбуттахрирлардың» барлығы кешірім сұрапты, деп. Бірақ, артынан бірден мынадай хабар келді: олар өздеріне тағылған айыппен келіспейді, сондықтан наразы болып, аштық жариялауға кіріскені жайында», - дейді, Нышангүл Мұхабаева.

Бұл ақпаратты Алматы қаласындағы тергеу абақтысының басшылығы растамады, жоққа да шығарған жоқ. Осы жайтқа қатысты ақпанның 20-күні «Азаттық» тілшісіне берген жауабында, абақты бастығының орынбасары Тыныбаев мырза:

«Ашығып жатқандардың денсаулығы туралы, жұма күні азаматтарды қабылдау кезінде, абақты дәрігерінен білуге болады», - деп қысқа қайырды.

Алматы тергеу абақтысында аштық жариялап жатқандар туралы «Азаттық» радиосының сауалын Алматы қалалық ішкі істер департаменті де, қалалық Әділет басқармасы да жауапсыз қалдырды.

Ақпанның 19-күні Қазақстан Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті таратқан ақпаратқа сәйкес, қазіргі уақытта, «Хизб-ут-тахрир» партиясының 31 белсенді мүшесінің үстінен қозғалған қылмыстық істі тексеру жүріп жатқаны айтылған. Оларға, қылмыстық топтарды ұйымдастыру, басқару, Қазақстан Республикасының аймақтық тұтастығын бұзу, ұлттық және діни араздықты өршіту баптары бойынша айып тағылған.

Алматыдағы Адам хұқықтары жөніндегі Қазақстандық халықаралық бюро жетекшісі Евгений Жовтис, «Хизб-ут-тахрир» ұйымына қатысты Қазақстандағы жағдайды көршілес Өзбекстанмен салыстырып қарастырады.

«Мен, жалпы, біздің мемлекетіміздің Өзбекстанның жолымен жүргеніне қарсы болғанмын. Онда алдымен «Хизб-ут-тахрир» тиым салынған ұйымға жатқызылды, ал, кейіннен мұсылмандарды, осы партияның құрамына енетін болғандықтан, қудалау басталды. Сондықтан да, ел аумағында «Хизб-ут-тахрир» ұйымының мүшелерін немесе оның жақтастарын жаппай қудалау басталғанына аса алаңдап отырмын. Мен тергеу абақтысында жатқан ұйым мүшелеріне тағылған айыптың негізімен таныс емеспін. Дегенмен, менің пікірімше, олар көп жағдайларда негізсіз айыпталады», - дейді Евгений Жовтис.

Адам хұқықтары жөніндегі Хельсинки комитетінің Алматы бюросының жетекшісі Нинель Фокина адамдарды қандай да бір сеніміне байланысты, қамауға алу – Қазақстан қосылған халықаралық принциптерге қайшы келетінін айтады.

«Біздің Конституциямыздың өзі, діни ғана емес, кез-келген дүниетанымы үшін, қудалауға тиым салады. Халықаралық хұқықта да солай. Жалпы, хұқық талабы бойынша, кез-келген заң бұзған адам жауапқа тартылады. Алайда, адамды наным-сенімі үшін жауапқа тартуға болмайды», - дейді Нинэль Фокина.

«Азаттық» тілшісімен болған әңгімеде Нышангүл Мұхабаева, бейресми көздерден алынған деректерге сүйеніп, қазіргі уақытта Қазақстан бойынша «Хизб-ут-тахрир» ұйымының көптеген мүшесі қамауда жатқанын айтады.

«Хизб-ут-тахрирдің» идеологиясын қолдағаны үшін қамауда жатқандардың түгелге дерлігі - қазақ жастары. Кеше естідім, Қазақстан бойынша жиыны 200-дей адам қамауда жатыр екен», - дейді Нышангүл.

2005 жылы 28-наурызда Астана қалалық сотының шешімімен «Хизб-ут-тахрир» экстремистік бағыттағы ұйым деп танылып, оның Қазақстанда әрекет етуіне тиым салынған болатын.
XS
SM
MD
LG