Accessibility links

Жаңа зерттеулер жас қыздардың сексуалды көрінуге ерте үйренетінін көрсетіп отыр


АҚШ психологтарының жаңа баяндамасына сәйкес, жас қыздарға қоғамда эмоциялық, кейде тіпті физикалық жағынан алғанда зиян келтірілуде, себебі олар жас кезінен бастап сексуалды көрінуге және өздерін солай тұтуға қатысты қысымға душар болуда. Жүргізілген зерттеулерге қарағанда, бұқаралық ақпарат құралдары мен киім-кешек шығарушы компаниялар және кейде тіпті ойыншықтар да қыз-балалардың ең әуелгі құндылығы олардың келбетінің қандай болуына байланысты деген зиянды әсер қалдыруда.

Америка Психология қауымдастығының жаңа баяндамасына сәйкес, АҚШ-тағы жас қыздардың сексуалды болып көрінуге тырысуы олардың асқазандарының бұзылуына, өзін-өзі төмен бағалауларына және депрессияға түсулеріне алып келуі мүмкін.

Олардың жеке басы сезімі қалыптасып жатқан елеулі кезеңде жас қыздар ең бастысы қыз әдемі, арық және сексуалды болуы керек деген ақпараттарға тап болып отыр, дейді психолог мамандар. Олар бұған нақты дәлел ретінде видео-фильмдер мен жарнамаларды, теледидар мен ойыншық дүкендерін және өлеңдерді мысал ретінде келтірген. Психология қауымдастығы өз баяндамасында хит-парадтарда алғашқы орындарды иеленген «Pussycat Dolls» тобының "Don't Cha» деп аталатын өлеңін де мысал ретінде келтіріпті. Сонымен қатар, олар еріндері жылтыр қылып боялған танымал «Bratz» қуыршақтарын да атап өткен.

Аталған баяндама авторларының бірі Эйлин Зурбригеннің айтуынша, теледидар мен журналдарда қыздар мен әйелдер сексуалды зат ретінде көрсетіледі.

«Жас қыздар олар тек өздерінің сексуалды көрінісіне байланысты бағаланады деген ақпарат алуда. Сексуалды келбет өте шектелген нәрсе болса да, жас қыздарға физикалық жағынан қарағанда тартымды болып көріну тек ерекше бір адамдарға ғана тән, ал орташа адамның оған жетуі қиын деген әсер қалдырылуда. Сонымен қатар, қыз-балаларға әйелдің сексуалдылығы біреуге зат ретінде керек деген хабар жетіп отыр», - дейді психолог Зурбриген.

Мысалы, Вашингтонда тұратын екі қыздың анасы Кэти Марк өзінің қыздарына байланысты алаңдап отырғанын айтады.

«Менің 7-жасар қызыма Америка телеарналарынан берілетін хабарлар әсер етеді. Ол да өзінің сыртқы көрінісінің тартымды болуын қалайды, кірпіктері мен ернін бояп, қысқа көйлек кигісі келеді», - дейді Марк.

Ол өз қыздарын жеңілтек мінезді болдырмау үшін оларды теледидардан аулақ ұстағысы келетінін айтады. Бірақ кейде ол мүмкін бола бермейді, дейді екі қыздың анасы Марк.

Жалпы психолог мамандар ата-аналар қыздарының ішкі дүниесін дамытуға көбірек көңіл бөлуі тиіс дейді.
XS
SM
MD
LG