Accessibility links

Баспасөзге шолу. 02.24.2007 жыл


Сенбі күні жарық көрген басылымдардың бірі Рахат Әлиевтің азаматтық шағымына қатысты сот басталғандығы туралы жазыпты. Сонымен қатар, басылымдарда ОБСЕ ұйымының өкілдері Қазақстандағы сот жүйесіне теріс баға бергендігі айтылса, тағы бір басылым Қоршаған ортаны қорғау министрі мен «Теңізшевройл» арасындағы жанжал жаңа сипатқа ие болғандығына мән беріп өтіпті.

Ақпанның 23-күні Алматының Медеу аудандық сотында Австрия және ОБСЕ ұйымындағы елші Рахат Әлиевтің азаматтық шағымына орай Армангүл Қапашеваға қарсы сот басталғандығы туралы «Время» газетінде баяндалыпты. «Нұрбанктің» бұрынғы басқарма төрағасының орынбасары Жолдас Темірәлиевтың зайыбы Армангүл Қапашева Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жазған хатында оның күйеу баласы Рахат Әлиевті айыптаған болатын» делінген мақалада. «Рахат Әлиевтің өзі сотқа қатыспаған. Сот процесінде оның мүддесін адвокат қорғаған. Армангүл Қапашеваның айтуынша, сот барысында оған өзі өткізген баспасөз мәслихатының бейнетаспасы мен газет материалдары көрсетілген. Ал журналистерді сот ғимаратына кіргізген жоқ» деп жазды «Время». «Сот барысында Рахат Әлиевтің адвокаты Любовь Балмағамбетова шағымданушының талаптарын жеткізген. Біріншісі – Армангүл Қапашева мен Назира Базарбаева құрметті шенеунікке жала жапқандығын мойындауы тиіс. Екіншісі – бұған дейін айтқандарын жоққа шығарып, барлық ақпарат құралдарына басуы керек. Үшіншіден - Әлиев мырзаға әрқайсысы бір миллион теңгеден моралдық шығын төлеулері тиіс. Алайда Армангүл Қапашеваның өзі айтқандарынан қайтпайтындығын білдірді» деп түйіндейді «Время» газеті.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының өкілдері Қазақстандағы сот жүйесіне баға бергендігі туралы мақала «Айқын» газетінде жарық көріпті. «Қазақстан төрағалық етуге ұмтылып отырған осы ұйымның арнайы өкілдері Шымкент, Тараз, Алматы, Астана, Павлодар, Петропавл, Орал, Өскемен қалаларындағы қылмыстық істер қаралған сот отырыстарына қатысыпты. Ал куә болған жайттарға халықаралық ұйым өкілдері жағасын ұстаған» делінген мақалада. «Халықаралық бақылаушылар сондай-ақ, қазақстандық «Фемида қызметкерлерінің» өз жұмысына жауапсыздығының куәсі болған. Өйткені, халықаралық ұйым өкілдері қатысуға барған 6 бірдей сот отырысы судьяның... жұмысқа келмеуінен болмай қалған! Халықаралық ұйым көргендері мен көңілге түйгендері мұқият түсірілген түпнұсқалық есеп-жазбаның бірін ҚР Жоғарғы сотына табыс еткен» деп жазды «Айқын» газеті.

Қазақстанда тағы бір шулы мәселе сотта қаралуы мүмкін екендігі «Время» газетінде баяндалыпты. «Салық комитеті төрағасының орынбасары Сәбит Қанатов экономикалық және жемқорлық қылмыстармен күрес агенттігінің төрағасы Сарыбай Қалмырзаевты сотқа бермек» делінген мақалада. «Осы жылы Қазақстанда жемқорлықпен күрес үлкен жанжалмен басталды. Оған ақпанның 21-күні жемқорлықпен күрес агенттігінің төрағасы Сарыбай Қалмырзаевтың Қауіпсіздік кеңесінде жасаған баяндамасы түрткі болған. Қалмырзаев мырза Салық комитеті төрағасының орынбасары Сәбит Қанатовтың есімін өз баяндамасына қосып айтып, оны заңсыз әрекеттері үшін айыптаған. Ал Салық комитетінің басшылығы, оның ішінде Сәбит Қанатов та жемқорлық қылмыспен күрес мекемесін және оның басшысын сотқа тартуға дайындалып жатыр» деп түйіндейді «Время» газеті.

Бұл уақытта ОБСЕ Парламенттік Ассамблеясының кезекті 17-отырысы Қазақстанда өтетіндігіне «Литер» газеті тоқталып өтіпті. «Ақпанның 23-күні Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған Қазақстан делегациясы Венадағы ресми сапары аясында ОБСЕ Парламенттік Ассамблеясының отырысына қатысқан. Қасым-Жомарт Тоқаев өз баяндамасында Қазақстан соңғы жылдары ірі халықаралық форумдар өтетін орынға айналғандығын атап көрсеткен. Қазақстан жағы ОБСЕ Парламенттік Ассамблеясының кезекті отырысы 2008 жылдың шілде айында Астанада өтетіндігін осы игі дәстүрді жалғасы ретінде қарастырып отыр» деп жазды «Литер» газеті.

Ал «Экспресс К» газеті болса Қоршаған ортаны қорғау министрлігі мен «Теңізшевройл» арасындағы жанжалға мән беріп өтіпті. «Министрлік пен компания арасындағы дау жаңаша өрбитін секілді. Жақында министр Нұрлан Ысқақов аталған мұнай компаниясын Қазақстанның экологиясы ойландырмаса, сот арқылы оның қызметін тоқтату шарасына баратындығын мәлімдеген. Сонымен қатар, министр осыдан екі жыл бұрын Қазақстан заңдарына қырын қараған канадалық «ПетроҚазақстан» компаниясының республика аумағын тастап кеткендігін мысал ретінде келтіріп отыр» делінген мақалада. «Теңізшевройл» компаниясы 1993 жылдан бері Теңіз мұнай кенішін игеріп келеді. Қазіргі таңда оның өндіріс қуаттылығы тәулігіне 300 мың баррелге жеткен. Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, 1993-2005 жылдар аралығында сөз болып отырған компанияда 700-ге жуық апатты жағдай тіркеліп, 98 мәрте заң бұзушылық фактісі анықталған» деп түйіндейді «Экспресс К» газеті.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG