Accessibility links

Қазақстанның экология министрлігі елде жұмыс істеп жатқан «Теңізшевройл» мұнай компаниясымен соттаспақ


Егерде Қазақстанда жұмыс істеп жатқан «Теңізшевройл» мұнай компаниясы экологияны ойламаса, оның жұмысы сот арқылы тоқтатылады. Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақов Астанада осындай мәлімдеме жасады. Ал, қайсібір сарапшылар бұл мәлімдемеден кейін елдің инвестициялық имиджіне нұқсан келеді деген пікірде.

Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау министрлігінің мәліметінше, «Теңізшевройл» 1993 жылдан бері экология заңдарын 98 рет бұзған. Және компания экологиялық мақсатқа табысының небәрі 2,6 пайызын төлейді екен.

«Теңізшевройл» компаниясы миллиондаған тонна зиянды күкірттің жыл сайын тек жарты миллион тоннасын залалсыздандырады дейді министр Н.Ысқақов. «Теңізшевройл» компаниясына осы олқылықтарды жөндеуге бір ай мұрсат берілді. Егер одан нәтиже болмаса, министр компаниямен соттасатындығын жеткізді.

«Біздің балаларымыз бен немерелерімізге жалаң дала емес, гүлді өлке қалуы керек. «Теңізшевройл» компаниясын қанша тексерсек те ол өзінің жұмысын жақсартуға ешқандай шара қолданбай жатыр. Өздеріңізге белгілі, 9 миллион тонна күкірт далада жатыр. Әр мекеме жұмысын толығымен Қазақстан заңдарына сәйкес жүргізуі керек», - деді министр Ысқақов.

«Теңізшевройл» компаниясы әзірге бұл мәлімдемеге байланысты ешбір ақпарат берген жоқ. Ал, минералды ресурстар министрлігінің мұнай департаментінің өкілі Амантай Суесинов проблеманы шешудің соттан басқа да амалдар бар екенін айтады.

- «ТШО» келісім бойынша жұмыс істеп жатыр ғой. Ал, министрліктің мәселелері де дұрыс, біраз күкіртті далаға шығарып қойып зияны тиіп жатыр. Бірақ, бірден лицензияны тартып алу жолы - дұрыс емес. Келісім бойынша бірнеше жолдары бар, - дейді Амантай Суесинов.

Күкірттің сыртында жыл сайын 14 миллиард текше метр газ жағылып ауаны ластайды дейді экологтар. Дәрігерлердің айтуынша, «Теңізшевройл» серіктестігіне жақын жатқан елді мекендердегі тұрғындардың барлығының дерлік денсаулықтары нашар. Ал «Теңізшевройл» серіктестігі бұл туралы ақпаратты құпияда ұстап отыр. Ресми мәлімет бойынша, бұл кәсіпорында 1993 жылдан бері 250 жұмыскер қаза болған. Ал, Атырау облыстық экология басқармасының маманы Құралай Шанкиева мұнай компанияларын айыптай беруге болмайды деген пікірде. Оның айтуынша, «Теңізшевройл» серіктестігіне айыппұл салынған. Және одан түскен қаражат бюджетке түскен соң қайтадан табиғатты қорғау шараларына жұмсалады дейді эколог Шанкиева:

- Бұл бір күнде шешілмейді, қазір кәсіпорын газды өңдейтін зауыт саламыз деп бағдарлама жасаған.

Ал, Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақовтың айтуынша, экологиялық проблемалардың шешілмей келе жатқандығына аумақтық басқармалар да айыпты. Өйткені, қоршаған ортаны қорғау заңдарын бұзғаны үшін салынатын айыппұл түсімдері төмен. Себебі, аумақтық басқармалар алдын ала рұқсат қағаздарында қоршаған ортаға тасталатын зиянды заттардың көлемін жоғары етіп көрсетеді дейді министр Ысқақов:

- Яғни, қалғандарының барлығы алдын ала беріліп қойған. Ластай берсең де менің жасайтын мөлшерім әлі биік дейді. Сондықтан, табиғи қорғау бақылау комитетінің жұмысы қиындалып отыр. Өйткені олар ешқандай айыппұл сала алмайды.

Ал, Ақтөбе облыстық қоршаған ортаны қорғау басқармасының бастығы Ақылбек Дадиннің айтуынша, түсімдердің аздығына заң олқылықтары себепкер, өйткені экологияға деп жиналған айыптөлемдер мәслихат депутаттарының шешімімен басқа әлеуметтік мәселелерге жұмсалып кетеді дейді эколог Дадин:

- Заңдағы олқылықтарға байланысты біздің қызметімізбен жиналған барлық қаражат облыстық бюджетке түседі. Сол облыстағы депуттардың құзырында ол.

Министрлік мәліметінше, сот арқылы экологиялық талаптарға сәйкес келмейтін табиғи тұтынушы мекемелердің жұмысын тоқтату немесе жабу туралы акция басталғалы 47 ұсақ кәсіпорын жабылды. Ал, кейбір бақылаушылардың айтуынша, ірі «Теңізшевройлға» экология министрінің тісі батпауы мүмкін. Өйткені, бұл біріккен кәсіпорын құрамына АҚШ-тың «Шеврон» және «ЭксонМобил» Ресейдің «ЛукОйл» және жергілікті «ҚазМұнайГаз» сияқты ірі алпауыттар кіреді. Компания тәулік сайын шығатын Қазақстандағы барлық мұнайдың 20 пайызын өндіріп келеді деген мәлімет бар.
XS
SM
MD
LG