Accessibility links

Ричард Баучер Астанада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті


«АҚШ Қазақстандағы саяси реформалардың өткізілуін құптайды». АҚШ-тың мемлекеттік хатшысының көмекшісі Ричард Баучер Астанада ақпанның 27 күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен өткен кездесуден кейін осындай мәлімдеме жасады. Ал, жергілікті оппозиция өкілдерінің айтуынша АҚШ саясатқа көз жұмып Қазақстан арқылы энергетикалық мәселесін шешпек. Өзге сарапшылар бұл орынды деген пікірді ұстанады.

АҚШ-тың мемлекеттік хатшысының көмекшісі Ричард Баучердің айтуынша ол президент Назарбаевпен Қазақстандағы саяси реформалар жайлы сөйлескен.

«Мен АҚШ-тың бұл үдерісті және осы елде саяси реформалардың жалғасуын құптайтындығын айттым», - деді Баучер.

Ричард Баучердің айтуынша, АҚШ экономика саласында жұмыс істегісі келеді.

«Қазақстанмен АҚШ арасында көптеген элементтер бар. Бұған екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынаста кіреді» деді АҚШ-тың мемлекеттік хатшысының көмекшісі.

Бірақ, АҚШ-тың Орталық Азиядағы экономикалық қызығушылықтары Ақ үйді шалғай жерде жатқан даласы мол Қазақстандағы адам құқықтарының сақталмауына көз жұмғызды дейді қазақстандық кейбір саясаттанушылар. Өзін оппозицияға жатқызатын жергілікті саясаткер Зәуреш Батталованың айтуынша, саяси мәселелер ысырылып, экономикаға көп көңіл бөлінуі күдік тудырады:

- Жабық түрде әңгімелескендігі күдіктендіреді. Мына Америка тек қана экономика, энергетика, әсіресе, мұнай саласын ғана әңгімелеп, тек сондай ғана жұмыс жасаса, бұл осы елде Америкадан бастап екі стандартты пайдаланады деп тура айтуға келеді.

Филадельфиядағы сыртқы саясат институтының басқарма мүшесі Дэвид Лактерхендтің «АҚШ-тың Қазақстанға әсеріне арналған» еңбегінде АҚШ Қазақстанды Таяу Шығыстағы мұнайға балама ретінде қарастырып отыр делінген. АҚШ-тың Орталық Азия аймағындағы қызығушылықтары бірінші кезекте, Каспийдің мұнай ресурстарымен байланыстырылып отыр. Вашингтон бұл орайда Астанаға қолдау көрсетуге тырысып келеді дейді кейбір сарапшылар. Мысалы, Құрама Штаттары Бакудан Түркиядағы Джейхан портына дейін апаратын қазір істеп тұрған мұнай құбырының құрылысын қолдаған. Мақсат - Ресей және Иран территорияларын айналып өту дейді сарапшылар. Өткен жылы бұл құбырға Қазақстанның қосылуы туралы Әзірбайжанмен келісім жасалған.

Астаналық саясаттанушы Рәбиға Байымбетова болса бұл жағдайдың орынды екендігін айтып, екінші әлем соғысы кезіндегі Британия премьері Уинстон Черчильдің: «Ұлыбританияның тұрақты жаулары да, тұрақты достары да жоқ. Ұлыбританияның мызығымас мүдделері бар» деген сөзін еске түсірді.

«Сол сияқты, Қазақстанда өзіне тиімді жобаларды алып мұнай сатуды көздейді, ал АҚШ бір оқпен екі қоянды өлтіреді, біріншіден, олар ресурсқа қол жеткізеді, екіншіден, Ресейге тәуелді болмайды», - дейді Астаналық саясаттанушы Рәбиға Байымбетова.

АҚШ Орталық Азия мемлекеттерін Мәскеуден мейлінше, тәуелсіз ету бағытындағы саясатын жасырмайды дейді көптеген саясаттанушылар. Осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін, Вашингтонға Астананың қолдауы қажет. Сондықтан, Құрама Штаттары Қазақстан экономикасына инвестицияларын аямай отыр дейді сарапшылар. АҚШ Қазақстандағы ең ірі инвестор болып есептеледі. Және АҚШ инвесторларының көбі мұнай саласында жұмыс істейді.

Ресми мәлімет бойынша 1993 жылдан бері АҚШ Қазақстанға 14 миллиард доллар инвестиция құйды, бұл Қазақстандағы шетелдік инвестицияның үштен бір бөлігіне тең.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG