Accessibility links

Татарстан президенті Мыңтемір Шаймиев биліктен кетіріле ме?


Ресейдің кейбір басылымдары Татарстан президенті ұзақ мерзімдік президенттік қызметтен кетуге жақын деп жазды. Мұндай болжамдар Федералдық кеңес Қазан мен Федералдық үкімет арасында Шаймиев қолдап келген билікті бөлісу келісімін қабылдамай, кері қайтарған соң айтыла бастады. Сонымен, Кремль сайлау алдында өзіндік мінезі бар аймақтық жетекшілерге қандай да бір ескертпе жіберуі мүмкін бе?

Ақпанның соңғы күні Татарстан президенті Шаймиев ұлтқа арнаған жолдауында былай деп атап көрсетті:

- 2006 жылы республикада бірінші рет әр сиырдан сауылған сүттің көлемі 3786 килограмға жетті. Құс етін өндіру 56 мың тоннаға жетіп, оның 17 процентке артқаны байқалды.

Татарстан басшысы елде өндірілген сүт пен ет көлемі жайында айтып жатқан кезде бірқатар ресейлік басылымдар Ресей президенті В.Путин Шаймиевті қызметінен алып, оның орнына Ресейдің қазіргі İшкі істер министрі Рашид Нұрғалиевті қоюды ойластырып жатыр деген хабарлар таратты. Әзір бұндай деректің қайдан тарағаны оншалықты айқын емес.

Десек те Ресей баспасөзінде мұндай болжамдар кездейсоқ жағдайда сирек айтылады.

Шаймиевтің басқаруында Татарстан ұзақ жылдардан бері Ресейдің басқа аймақтарынан гөрі едәуір жоғары саяси және экономикалық деңгейге жете алды.

Кейбір бақылаушылардың айтуына қарағанда, Кремлдің ішінде өз алдына тәуелсіз басшыны тоқтатқысы келетін топтың бар екені анық.

Татарстан астанасы Қазан қаласындағы "Звезда Поволжья" тәуелсіз газетінің бас редакторы Рашит Ахметов былай дейді:

- Олар Шаймиевті Мемлекеттік Дума мен президенттік сайлауды өткізу кезінде өз алдына тәулесіз саясатты көбірек ұстанады. Сөйтіп, Федералдық орталық билікпен саудаласады деп біледі. Сондықтан оған онша сеніңкіремейді. Ал мұндай жайттар кешірілмейді.

Бұған дейін Кремль Шаймиевке автономиялықтың белгілі бір кепілдіктерін беріп келді, өйткені, ол есесіне сайлауды дауыс беруді қамтамасыз ететін.

Ахметов және басқа да талдаушылар Кремлдегі либералдық лагерь деп аталатын топтың мүшелері, мәселен, 2008 жылғы сайлауда президенттік кандидат болуы әбден ықтимал, Премьер-министрдің бірінші орынбасары Дмитрий Медведев Шаймиевтің билікте қала бергенін қалайды дейді.

Бірақ, құпия қызметке жақынырақ ресмилер оның кеткенін ұнатады. Ол топтың мүшесі президенттікке тағы бір үміткер, Премьер министрдің бірінші орынбасары Сергей Иванов. Бұл жерде тағы да Ахметовтың айтқанына жүгінсек:

- Бірнеше жылдар бұрын өз алдына дербестіктің белгісі деп жол беріліп келген жайттар енді болса берілгендіктің белгісі емес деп есептеледі. Міне сондықтан да, менің ойымша, наурыздың аяғында Шаймиев генерал Нұрғалиевке алмастырылуы мүмкін.

Егер Путин Шаймиевті орнынан алар болса, бұл сыпайылық қойылымы болып шығары сөзсіз. Жақында ғана Татар президенті 70 жасқа толып, мерейтойын тойлаған кезде В.Путин Қазанға арнайы барып, оны құтттықтаған болатын. Мұның сыртында Путин ақпанның 11-13 күндері Парсы шығанағы аймағына сапарлағанда Шаймиев онымен бірге жүрген делегация құрамында болған еді.

Міне енді барлық жағдай аяқ астынына өзгеріп шыға келді. Өткен аптада Федералдық кеңес Татарстан мен Ресей Федералды үкіметі арасындағы билік бөлісі туралы келісімді мақұлдамады. Ол келісімді Шаймиев жақтап келген болатын, оның өтпей қалуы президент беделіне біраз нұқсан келтірді.

Мәскеудегі Карнеги орталығының Ресейдің аймақтық саясаты бойынша маманы Николай Петров бұл жайттың басқа аймақтық жетекшілер үшін салдарлары аз болмайды деп атап көрсетеді:

- Әрине, Шаймиев аймақ басшылары арасында ең басты және көрнекті жетекші, ал оған қатысты, сондай-ақ Татарстанның саяси қауымына байланысты болып жатқан жайттар өте көңіл аударарлық, - деген Петров сол себепті де Путин Татар президентін биліктен аларда өте сақтықпен қимылдайды деп атап көрсетеді.

Петровтың айтуынша, Шаймиевті татарша білмейтін және жергіліктілер үшін Мәскеу адамы деп есептелетін Нұрғалиевпен алмастыру қарама-қайшылықты және тартысты болуы мүмкін.

Шаймиев үшін де, және жергілікті зиялы қауым үшін де, ең қолайлы кандидатура - парламент спикері Мұхаметшин немесе Татарстанның қазіргі премьер-министрі Рустам Миниханов болар еді.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG