Accessibility links

Баспасөзге шолу. 03.03.2007 жыл


Сенбі күні жарық көрген газеттердің барлығы дерлік Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасындағы заңсыздықтар туралы жазыпты. Сонымен қатар, басылымдар Байқоңыр ғарыш кешенінің 80 пайыздан астам аумағы ескерусіз қалғандығына мән берсе, тағы бір газетте Қазақстандағы мешіттерді заңдастыру қиынға түсетіндігі туралы мақала басылыпты.

Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында заңсыз пәтер алған азаматтардың есімі болғандығы туралы мақала «Комсомольская правда: Казахстан» газетінде жарық көріпті. «Бір ғана Алматы қаласында 161 адам жалған құжат жасатып, тегін үйлерге ие болған. Олардың қырық шақтысы бұл жағдайды сотта шешіп жатыр» делінген мақалада. «Жалған құжаттар мемлекеттік мекемелерден алынған. Өтініш иелерінің дені жеке кәсіпкерлер. Ал үйсіз жүрген мұғалімдер мен дәрігерлер болса баспана жайын армандаумен келеді» деп жазды «Комсомольская правда: Казахстан» газеті.

Шығыс Қазақстан облысында Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында алынған 196 пәтердің иелері бұл баспаналарынан айрылуы мүмкін екендігі туралы мақала «Экспресс К» газетінде жарық көріпті. «Жалған құжат жасатып, тегін баспанаға ие болғандардың арасында мемлекеттік шенеуніктер көп» делінген мақалада. «Тұрғын үй бағдарламасын тексеру барысында облыстық прокуратура осындай тұжырым шығарған. Соған байланысты облыстық прокурор Хакім Көшқалиев облыс әкімі Жәнібек Кәрімжановтан заңсыздыққа барған шенеуніктерге тегін баспаналарды өз еркімен кері өткізуін сұраған. Облыстық прокурордың пікірінше, мәселе сотқа жеткен жағдайда мұндай мазмұндағы істерден аяқ алып жүру қиынға түседі. Ал енді тегін пәтерге ие болған шенеуніктердің бұл ұсынысқа келісер-келіспесі де үлкен сұрақ болып тұр» деп түйіндейді «Экспресс К» газеті.

«Айқын» газеті болса заңсыз үй алушыларды анықтағандай, жер мәселесінде де осы әдісті қолдануға бола ма деген сұраққа жауап іздепті. «Академик Әзімхан Сатыбалдиннің пікірінше, мәселенің барлығы заңда болып тұр. Сапасыз заң қабылдаған сайын осындай олқылықтар орын алады. Ал мәжіліс депутаты Амалбек Тшан болса жер мәселесінде де осы әдіс қолға алынса, талай былықтың беті ашылар еді деп есептейді. «Бірақ, бізде бәрінің артында өз адамдары тұрады. Біреуінің былығы ашылса, екіншісі жауып отырады» депті Амалбек Тшан «Айқын» газетіне берген сұхбатында.

Ал Жамбыл облысында мешіттерді заңдастыру мүмкін болмай отырғандығы «Литер» газетінде баяндалыпты. «Соңғы жылдары салынған көптеген мәдени ғимараттардың тиісті құжаттары жоқ. Мәселен, облыста 25 мешіт жылжымайтын мүлік орталығының тіркеуінен өтпей қалды. Тиісті құжаттарсыз мүлікті заңдастыру комиссиясы өтінішті қабылдамайды» делінген мақалада. «Мәдени ғимарттардың барлығы дерліктің халықтың жинаған ақшасына салынған. Кейбір жағдайда қалталы кәсіпкер жерлестеріне мешіт салып беріп, оны заңдастыру жағын халықтың өзіне тастап кете береді. Ал мүлікті заңдастыру акциясының бітуіне санаулы ғана күн қалды» деп түйіндейді «Литер».

Бұл уақытта «Егемен Қазақстан» газеті тіркелмеген мүлікті жария ету акциясының бітуіне 29 күн қалғандығын ескертіп отыр. «Қостанай облысында осы уақытқа дейін 83 мыңнан аса жылжымайтын мүліктің 77 пайызы заңдастырылды. Алайда осы заңдастырылған мүліктің құжатын тіркеу жұмысы облыста шабандап қалды. Оған облыстық әділет департаментіндегілер бірнеше себеп айтады. Алдымен адамдарда заңдастырылған мүлікті тіркетіп алуға шілде айына дейін уақыт бар деген арқаны кеңге салушылық болды. Оның үстіне жылжымайтын мүлік жөніндегі орталықтың бір қызметінің, яғни мүлікті тіркеудің әділет департаментінің құзырына өтуі де тұрғындарды үйренген дағдыдан сәл тосырқатып тастады. Соңғы мәліметтер бойынша, облыста заңдастырылған мүліктің 20 пайызы ғана тіркелген» деп жазды «Егемен Қазақстан» газеті.

«Литер» басылымы «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы жерлердің 80 пайыздан астамы ескерусіз қалғандығына мән беріпті. «Ғарыш кешенінде 1200 нысан бар болса, соның көпшілігі қираған, аумақ зиянды майлармен ластанып, құрылыс және тұрмыс қалдықтары тау-тау болып үйіліп қалған» делінген мақалада. «Бұл мәліметтерді мәжіліс депутаты Владимир Бобров Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке жолдаған сауалында келтірген. Соған байланысты депутат министрлер кабинетіне Байқоңырды қоқырсықтан тазалау жобасын қаржыландыруды ұсынып отыр» деп түйіндейді «Литер» басылымы.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG