Accessibility links

Қазақстанның журналистер қауымы мәдениет және ақпарат министрінің отставкаға кетуін талап етті


Дүйсенбі күні Қазақстанның бірнеше журналистік ұйымдары елдің мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаевтың отставкаға кетуін талап етіп мәлімдеме жасады. Оған ақпарат министрінің өткен аптада Астанада өзі өткізген жиында бірқатар отандық ақпарат құралдарына қатысты дөрекі, әдепсіз әрекеті түрткі болыпты. Ал Ертісбаев болса отставкаға кету туралы шешімді тек өз еркі бойынша қабылдайтынын айтады.

Өткен жұма күні Астанада, Қазақстан президентінің халыққа арнаған биылғы жолдауын жүзеге асыру шаралары туралы үкіметтік кеңестен соң, осыған түсініктеме сұраған журналистер қауымның арасынан алалап, министр мырза дөрекі түрде «олар менің үстімнен жоғарыға шағым жазған» деп, тәуелсіз «Эра» телеарнасының тілшілерін залдан қууға бұйырған еді. Мәдениет және ақпарат министрінің бұл қылығын сол жерде болған «31 арна» мен «Эра» телеарналарының операторлары жазып үлгеріп, ол сюжет күнгі телеэфир арқылы жұртшылыққа көрсетіліп, мәтіндері интернет-парақшаларында жарияланды.

«Бұл журналистердің ақпаратты еркін алуына қойылған шектеу және Конституция мен заңға қайшы» деп бағалаған Қазақстан журналистер одағы, сөз бостандығын қорғайтын «Әділ сөз» қоры және Ұлттық телерадиохабар таратушылар ассоциациясының басшылары елдің мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаевтың отставкаға кетуін талап етіп наурыздың 5-күні мәлімдеме жасады.

- Бұл енді тірі масқара! Бір жағынан мінбелерден «БАҚ туралы заңдарға кепілмін» дейді де, екінші жағынан өз қолымен бұзады. Бұрын да біз осындай жағдайды естігенбіз, бүгін, мінеки, фактіні өздеріңіз көріп отырсыздар. Бүгін мен «Эраның» басшысы Мірболат Күнбаевпен сөйлестім, ол Ертісбаевты сотқа берейін деп жатыр. Біз, Журналистер одағы және «Әділ сөз» қоры, көмектесеміз! Жақтаушы - адвокат тауып, заңгерлер тауып, ақшасын тауып, бар көмегін жасаймыз. Ертісбаевты мен бұрыннан білемін, ол бұрын мұндай болмаған. Мен онымен Қарағандыда бірге жұмыс істегенмін. Енді министр болған соң ба, билікке келген соң солай болды ма? – дейді Қазақстан Журналистер Одағының төрағасы Сейтқазы Матаев.

Астаналық «Эра» телеарнасының басшысы Мірболат Күнбаев ақпарат министрін сотқа бермек екендігін растап отыр. Күнбаев тәуелсіз «Эра» телеарнасына дейін кезінде Ақтөбеде «Рик» атты жеке меншік телеарна құрып, жұмысын жолға қойған басқарушы ретінде белгілі. Бірақ, кейін ол жерде облыс шенеуіктерімен соттасып, үлкен қыспаққа ұшыраған Күнбаев мырза «Рик» телеарнасын сол кездегі облыс басшылары айтқан адамдарға сатып, өзі Астанадан жаңадан осы «Эра» телеарнасын ашқан болатын. Алайда, енді оның басқаруындағы телеарна ақпарат министрінің қырына ілігіп отыр.

Ертісбаев мырзаның өзіне қатысты «Эра» жоғарыға арызданды деп айтып отырғаны - жақында «тележиіліктерге жарияланған тендер заң бұзушылықпен өтті» деген шағым. Ол шағымға әлгі тендерден қағылған «31 телеарна» мен «Эра» басшылары қол қойған болатын.

Қазақстандық сөз бостандығын қорғайтын «Әділ сөз» қорының төрайымы Тамара Калеева министр Ертісбаевтың іс-әрекетін тікелей заң бұзушылық деп бағалайды.

- Бұл «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңның» тікелей бұзылуы, яғни «меншік иесінің кім екеніне қарамай, журналистердің ақпаратты тең алу құқығының» шектелуі. Оған қоса, бұл Конституциялық нормалардың да бұзылуы. «Ақпартты еркін алып-тарату» нормасы бұзылып тұр. Тіпті болмаса еліміздің Қылмыстық кодексінде «Журналистердің кәсіби қызметіне кедергі келтіру» туралы 155-ші бап бар, оған қоса «әкімшілік жауапкершілік туарлы» Кодексте осы сияқты 352-ші бап бар. Сараптап көру керек, бәлкім, министрдің қылығы осы баптарға сәйкес келер, - дейді Тамара Калеева.

Осы жайтқа қатысты «Азаттық» тілшісі пікірлерін сұраған қазақстандық журналистер «мен сөз бостандығы мен БАҚ заңының сақталуына кепілдік беремін» деп талай мәлімдеген ақпарат министрінің бұл қылығына бәлендей таңырқаушылық білдіре қоймады.

- Бұл күнде болып жатқан, кез-келген журналист күнде басынан кешіп жатқан жағдай ғой! Бұл, енді, көзге, камераға түсіп қалған соң бүгін журналистердің алдында жария болып жатқаны болмаса, ешбір журналистке таңсық емес. Менің өзім де екі күннің бірінде осындай жағдайға душар боламын. Маған кез-келген шенеуік, мейлі ол Ертісбаев сияқты министр емес, кез-келген департамент басшысы ақпарат бермейді. «Уақыт жоқ» дейді, «кейін» дейді, сөйтіп сиыр құйымшақтатып уақытты созып, ақыры сол мақаланы жазбауға мәжбүр етеді, - дейді журналист Бақытжан Қосбармақов.

Оның сөзіне өзге журналистер де қосылады.

- Мұндай нәрсе, жаңағыдай ақпарат алуға алалап жіберу, пресс-конференция не жиындарға кіргізбей қою – ол күнде болып жатқан мәселе. Мысалы, алысқа бармай-ақ қояйық, осы Алматының әкімшілігі көптеген қоғамға маңызды мәселе бойынша жиын өткізгенде, тек теріп-теріп, «Қазақстан» немес өзінің басқаруындағы «Алматы» сияқты телеканалдарды ғана шақырады. Басқа жергілікті әкімшіліктерде де тура осындай жағдайлар болып жатыр, - дейді екінші бір журналист Оразмұхамбет Әлібеков.

Министр Ертісбаев наурыздың 5-күні өзіне қатысты өрбіген даулы оқиғаға байланысты келесідей жауап берді:

- Таза психологиялық тұрғыдан мен жұма күні «Эра» журналистеріне сұхбат бергім келмегенін жоққа шығармаймын. Бірақ, қазір олар осы жерде бар болса, түсіре берсін, мен министр ретінде журналистерге сұхбат беруден бас тартқан емеспін.

- Министр мырза, сіз сол күні фототілшіге де суретке түсіруге де рұқсат бермеген едіңіз, оған не себеп?

- Ал, жарайды, рұқсат бермеген екенмін делік. Ия?! Не боп қапты?!

Ал өзін отставкаға кетсін деген талапқа қатысты Ертісбаев мырза: «егер мен отставкаға кетер болсам, бәз біреулердің талабы бойынша емес, өз еркіммен кетемін. Олар менің отставкаға кетуімді бір жылдан бері талап етіп жүр. Әркімнің өз проблемасы бар, ал менде ондай проблема жоқ» деп жауап берді.
XS
SM
MD
LG