Accessibility links

Ауғанстанда НАТО тарапынан бейбіт тұрғындардың өлтірілуі дау туғызып тұр


Ауғанстанда АҚШ және НАТО сарбаздары тарапынан жиырма шақты бейбт тұрғынның өлтірілуі бұқара ашуын туғызып отыр. НАТО өкілі адам шығыны еріксіз болды, қақтығысты көтерілісшілер араңдатады, НАТО әскері қарымта бергенде оқ астында қарапайым тұрғындар қалады, бұл көтерілісшілердің әдеттегі араңдатуынан болды дейді. Дегенмен, адам құқықтарын қорғайтын белсенділер АҚШ және НАТО әскері сақтық шараларын арттырса жөн дейді, әйтпесе олар Ауғанстан халқын қорғаймыз деп керісінше олардың ызасын туғызады деп ескертеді.

АҚШ және НАТО жасақтары 4 наурыз күні екі шабуыл жасағанда 20 шақты қарапайым азамат қаза тапты. Бұл Ауғанстанда наразылық туғызды. Ең үлкен наразылық демонстрациясы кеше Жалалабад қаласында өтті, жүздеген студент Америка саясатына қарсы ұран айтты.

АҚШ әкімшілігінің өкілі Тонни Сноу адам шығыны Талибанның әдеттегі араңдатуынан мүмкін болды, талибаншылар ел қалың тұратын жерде оқ атып, коалиция әскерлерінің қарымта оқ жаудыруын қоздырады, осы жолы да солай болды дейді. Тонни Сноу соғыс заманында бейбіт адамдардың өмірлерін біркелкі сақтап қалу қиын дейді. Тонни Сноу, сол сияқты, коалиция әскерінің қимылын Талибан әскерінің қимылымен салыстыру орынсыз дейді:

- Бұл жағдайды бейкүнә адамдарды өлтіретін террористермен салыстыру - саясат мәселесі. Америка Құрама Штаттары бейкүнә адамдардың өмірін қорғау саясатын ұстанады, бірақ мұндай жағдай мүлдем болмайды деген кепілдігіміз жоқ. Бұл екі тараптың қимылдарын мораль жағынан салыстыруға ешқандай орын жоқ.

Бұқара ашуын туғызған алғашқы оқиға жексенбі күні орын алды. Бәтикот ауданында елді мекенде АҚШ әскери керуені бара жатқанда көтерілісшілер мина атты, оқ жаудырды. Америкалық сарбаздар қарымта оқ атты. Күәгерлердің айтуынша, америкалық сарбаздар көтерілісшілер қашып кетсе де оқ ата берген. Ресми мәлімет 10 тұрғынның қаза тапқанын айтады. "Хьюман райтс уотч" ұйымы америкалық әскер оқиға жерінен ақпарат шығармауға әрекет жасады деп сын айтады. Екінші жағдайда НАТО ұшағы Каписа провинциясында бір үйге бомба тастады. Ауғанстан ресми өкілдері мұнда үш көтерілісші қаза тапты, бірақ үйде тұратын жанұядан тоғыз адам мерт болды дейді. АҚШ әскери өкілдері көтерілісшілер бейбіт тұрғындарды қалқан ретінде пайдаланады дейді.

Міне осындай оқиғалар Ауғанстанда наразылық тудырды. Демонстрацияға қатысқан Хабиболла деген студент елде жүрген шетел әскерлері жат қылықтарды көп жасайды деп айтты радиомызға берген сұхбатында:

- Халықаралық бітімгершілік әскерінің Бәтикот ауданда бәйкүнә адамдарға жексенбі күні жасаған шабуылына және Каписа провинциясында жасалған шабуылға наразылық танытып жатырмыз. Ауғанстанда шетел әскерлері Ауғанстан салттарына, дәстүрлеріне қарсы, мәдениетіне қарсы көп қимыл жасады. Әсіресе Бәтикоттағы оқиға өте үлкен қате болып табылады, бұл бейкүнә адамдарға қарсы зұлымдық. Олар бейкүнә адамдарды өлтірді.

Адам құқықтарын қорғаушы белсенділер АҚШ пен НАТО ауған халқын өзіне қарсы қойғылары келмесе бейбіт адамдардың арасындағы шығынға жол бермеуге мейілінше әрекет жасау керек дейді. Мұндай пікірді Нью-Йоркте орналасқан "Хьюман райтс уотч" ұйымының өкілі Бред Адам айтты.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG