Accessibility links

Бүгін әлемдегі алғашқы ғарышкер-әйел Валентина Терешкова 70-ке толды


1963 жылдың 16-шы маусымында Совет ғарышкері Валентина Терешкова бірінші әйел косманавт ретінде ғарышқа көтерілген. Ол “Восток-6” ғарыш кемесімен орбитаға 48 рет көтеріліп, ғарышта барлығы үш күндей болған. Оның миссиясы туралы бірқатар мәселелер көтерілгенімен, Терешкованың жұлдызы ешқашан көмескіленген жоқ.

“Әлем тарихында алғаш рет ғарыш кеңістігіне әйел адам көтерілді”. Осылайша, дүние жүзіне 1963 жылы маусымның 16-сында Мәскеу радиосы Валентина Терешкова ғарышқа көтерілген алғашқы әйел адам екенін хабарлады.

Бұл шындығында ғарыш жетістігі болды. 1937 жылдың 6-шы наурызында Ресейдің Ярославл облысында дүниеге келген Терешкова мектептен кейін мақта-мата фабрикасында жұмыс істеген. Көкке көтерілудің алғашқы дәмін жергілікті парашют клубына қосылған кезде сезінген Терешкованың ұшақтан секіру ермегіне айналып, одан кейін Совет Одағының ғарыш бағдарламасына қатысты.

Алғашқы ғарышкер Юрий Гагариннің 1961 жылғы ғарышқа сапарынан кейін Совет жетекшілері ғарышқа әйел адамды ұшыруды да қарастыра бастаған. Ондағы талап бойынша, ол 30 жас шамасындағы әйел парашютші әрі бойы 1,70 салмағы 70 килограмм болуы керек. Міне, сол талапқа Терешкованың көрсеткіштері тура келді. Өте қатаң сараптау мен дайындық жұмыстарынан соң, ол 1963 жылы 16-шы маусымда ғарыш кеңістігіне көтерілді. Ғарыштан халыққа жолдауында Терешкова былай деген:

“Ұшу барысы бір қалыпты. Ғарыш кемесінің барлық жүйесі өте жақсы жұмыс істеп тұр. Температура 20 градус, ылғалдық 40 пайыз. Мен өзімді өте жақсы сезініп тұрмын”

Бұл ғарыш миссиясы Совет Одағы үшін өз аймағына да шетелге де сәтті насихат болды. Яғни, жергілікті Комсомолдар басшысының фабрика жұмысшысынан ғарышкерлікке жеткені насихатталды. Сонымен қатар, бұл Совет Одағының ғарыш кеңістігіне әйел ғарышкерді ұшыру арқылы қырғи қабақ соғыс кезіндегі Құрама Штаттарға тағы бір соққысы болды. Ол насихаттың сыртында, үнемі бірқатар сұрақтар да тұрды. Демек, Терешкованың мүмкіндіктеріне күдіктер келтірілгені және оған “Восток-6” ғарыш кемесіне бақылауды алуына рұхсат берілмегені туралы сөздер тараған. Және жақында “Российская газета” басылымына берген сұхбатында Терешкова атап өткендей, өз миссиясының құпияларын ашты. Оның сөзіне қарағанда, ұшудағы бір жағдай, онда бақылаушы бағдарламасында қате болған, ғарыш кемесі орбитадан түсуден гөрі жоғарылай берген. Терешкова ол олқылық туралы хабарлап, Совет Одағы ғарыш бағдарламасының басшысы Сергей Королев оны жөндеген. Бірақ, 1963 жылы ол туралы ештеңе айтылмады. Терешкованың жерге оралуы тойланып, ол көптеген әндердің кейіпкеріне айналып, оның суреттері пошталық хаттаңбаларда көрінді.

Одан кейін де Терешкова туралы көп алып-қашпа сөздер айтылып, 1963 жылдың қараша айында ол өзінің ғарышкер әріптесі Андриан Николаевқа тұрмысқа шықты. Олардың үйлену тойына сол кездегі Совет басшысы Никита Хрущев қатысқан.

1960-1970 жылдары Терешкова жоғары деңгейде саяси мансабын құрып, Жоғары Кеңестің мүшесі болды. Сонымен бірге, Совет Одағының шетелдегі елшісі болып жұмыс істеді. Және 1966 жылы Дүниежүзілік Бейбітшілік Кеңесінің мүшесі ретінде қызмет етті.

Ал, өз елінде кеудесі марапаттауларға толы Совет Одағының батыры болып қалды. Тіпті оның есімі астеройд сынды кіші ғаламшарға берілді. Ресейдің журналист әрі жазушысы Владимир Губарев «Азаттыққа» берген сұхбатында оның қалдырған мұрасы туралы былай дейді:

“Біздің ғарыш сапары тарихымызда ол екінші. Біз екі адамымызды өте қатты дәріптеп, үнемі бірінші орынға қоямыз. Олар Юрий Гагарин мен Валя Терешкова. Олар ұшқанда және ұшуға дайындалғанда біздің бірінші болу ойымыз болды. Бұл сезімді өкінішке қарай біз қазір жоғалттық”.

Туған күніне орай наурыздың 5-інде өткізген баспасөз мәслихатында бұрынғы ғарышкер көкке ұшу өзінің ұзақтан бергі арманы болғанын айтты.
XS
SM
MD
LG