Accessibility links

Ақ үйдің бұрынғы қызметкері ОББ-сының құпия тыңшысын әшкереледі деп айыпталды


Наурыздың 6-күні Американың билер соты немесе жюриі Ақ үйде бұрын аға көмекші қызметін атқарған Льюис “Скутер” Либбиге “тергеу барысына бөгет жасады”, “жалған мәлімет берді”, Федералдық тергеу бюросына “өтірік айтты” деген айыптар тақты. Вашингтон сотында Льюис Либби - Федералдық тергеу бюросының жүргізген тергеуі барысында Орталық барлау басқармасының тыңшысы туралы құпия ақпарды жария еткені үшін айыпты деп танылды.

Льюис Либби – 2005-інші жылға дейін АҚШ-тың вице-президенті Дик Чейнидің әкімшілігіне басшысы болды. Ол Орталық барлау басқармасының қызметтегі құпия тыңшысы Валери Плэймнің аты-жөнін баспасөз құралдарына кімнің ашып бергені туралы үкімет жүргізген тергеуге бөгет жасады деген айыпты мойындады. Валери Плэйм ханым - АҚШ президенті Дж.Буштың Ирақтағы саясатын өткір сынға алған АҚШ-тың бұрынғы елшісі Джозеф Уилсонның әйелі болатын. Өз кезегінде Дж.Уилсон президент Буштың әкімшілігін өзінен кек алу үшін әйелінің есімін жария етті деп айыптады. Кезінде Джозеф Уилсон Дж.Буштың әкімшілігін 2003-інші жылы Ираққа басып кіру үшін “осы елде жойқын қару бар” дегенді желеу етіп алды деп ашықтан-ашық әшкерелегін болатын. Льюис Либбиге Орталық барлау басқармасының құпиясын ашып берді деген айып тағылған жоқ. Ондай құпия мәліметті жария ету – федералдық қылмыс болып табылады.

Льюис Либбиге сот өкімі шығарылған соң – ол Рональд Рейган президент болып отырған 1980-інші жылдардың ортасындағы “Ирангейт” немесе “Иран-Контра” жанжалынан кейінгі Ақ үйден шыққан ең жоғары лауазымды шенеунегі болайын деп отыр.

Арнайы айыптаушы Патрик Фицджеральд (Patrick Fitzgerald) жюридің шешіміне қанағаттанғанын мәлімдеді.

П.ФИЦДЖЕРАЛЬД: “Жоғары лауазымды шенеунектің - вице-президенттің кеңсесінде қызмет істеген адамның тергеуге бөгет жасап, ант бергенінде өтірік сөйлегеніне біздің куә болуымыз өкінішті жайт! ... Мен өзіме дейін іс атқарған, біздің осы істі тергеп, сотқа дейін жеткізіп, ешқандай күмән туғызбайтындай дәлелдеу үшін көп жұмыс істеген өзімнің әріптестерім мен тергеушілерге алғысымды айтамын және біз жюридің өкіміне қанағаттандық”.

П.Фицджеральдтың атап көрсетуінше, Либбиге ауыр айыптар тағылды. Ант берген адамның жалған сөйлеуіне байланысты ол айыптар Американың сот жүйесі үшін сын болды.

Льюис Либби Федералдық тергеу бюросы алдында “өтірік айтты” деген айыптан ақталса да, ол жюридің шешіміне еш әсер етпеді. Оның адвокаты Теодор Уэлс (Theodore Wells) жюридің өкіміне көңілі қалғанын жасырмады.

Т.УЭЛС: “Алқабилер сотының шешіміне көңіліміздің қалуына қарамастан, біз Американың әділ сот жүйесіне сенеміз және біз жюри жүйесіне де сенеміз”.

Өзінің кінәсін мойындамай келген Льюис “Скутер” Либби 25 жылдан да ұзақ мерзімге сотталуы әбден мүмкін. Басшылыққа алынған федералдық принциптерге сәйкес, егер өкім шығарылатын болса, ол одан әлдеқайда жеңіл жазаға кесілуі де ықтимал. Оның адвокаты Теодор Уэлс жюридің шешімін қайта қаратуға өтініш беретінін мәлімдеді.

Т.УЭЛС: “Біз жаңа сот отырысын өткізуге өтініш бермекшіміз. Егер онда қайта қаралмаса, онда біз шешімді қайта қарауға шағым береміз. Ақыр аяғында біз Либби мырзаның кінәсіздігі дәлелденеді деп кәміл сенеміз”.

АҚШ-тың аймақтық судьясы Риджи Б.Уолтон 15-інші мамырға қарай дайын болуға тиіс бастапқы өкімнің мәтінін естіртті. Ақырғы өкім шығарылғанша Л.Либби бостандықта жүре алады. Ақырғы өкімді жариялау 5-інші маусымға белгіленіп отыр.

Ақ үйдің баспасөз-хатшысының өкілі Дана Перино ханымның журналистерге хабарлағанындай, Льюис Либбиге қарсы жюридің шығарған өкімі туралы жаңалықтар хабарын президент Дж.Буш Ақ үйдегі сопақ кабинетінде отырып, теледидардан бақылады.

Д.ПЕРИНО: “Президент Дж.Буш жюридің өкімін сыйлайтынын және, сонымен бірге, “Скутер” Либби мен оның отбасының қайғысына ортақтасатынын айтты”.

Президент әкімшілігінің этикалық ережелердің ең биік стандартына лайық болуы - Дж.Буштың 2000-ыншы жылғы президент сайлауының алдында сайлаушыларға берген уәделерінің бірі болатын.

AzattyqTV

Жаһан жаңалықтары

Жээнбеков кім?

XS
SM
MD
LG