Accessibility links

Баспасөзге шолу. 07.03.2007 жыл


Сәрсенбі күні жарық көрген басылымдар Үкіметте әкімшілік реформа жүретіндігіне мән беріпті. Сонымен қатар, газеттердің бірінде Шаңырақ ісі бойынша айыпталушы 25 азаматтың сотқа министрдің келуін талап еткендігі жазылса, бірқатар басылымдар баспана дауына іліккен шенеуніктердің тізімін жариялауын жалғастыруда.

Қазақстанның министрлер кабинетінде әкімшілік реформалар жүргізілетіндігі туралы мақала «Экспресс К» газетінде жарық көріпті. «Енді министрлерде орынбасар болмайды, олардың орнын министрліктің бас директоры басады» делінген мақалада. «Үкіметтегі реформалар барысы қалай жүретіндігін вице-министр Аслан Мусин сенат депутаттарына таныстырған. Аслан Мусиннің айтуынша, әкімшілік реформалар үкіметтегі сыбайлысқан жемқорлықты жою мақсатын көздейді. Реформа жобасын жасау жұмыстарымен премьер-министр Кәрім Мәсімовтың басқаруындағы ведомствоаралық комиссия айналысып жатыр» деп жазды «Экспресс К» газеті.

Осы тақырып төңірегінде «Литер» газеті былай деп жазыпты: «Әкімшілік реформалардың нәтижесінде министрлер саяси тұлға болып шыға келмек. Министр директорлар кеңесімен келісе отырып, стратегиялық жоспарларды, ведомствоны дамыту бағдарламасын қабылдайды және министрліктің директорлар кеңесін басқарады». «Министрліктегі атқарушы қызмет ведомствоның бас директорына сеніп тапсырылады. Сонымен қатар, бас директор әкімшілік кеңесті басқаратын болады» делінген мақалада. «Сенат депутаттарының пікірінше, бұл жағдайда болашақ бас директорлардың жұмысы өздеріне қолайсыз болуы мүмкін. Сенатор Бексұлтан Тұтқышевтың айтуынша, ведомствоның сәтсіз іс-әрекеттері бас директордың мойнына жүктелуі ғажап емес» деп түйіндейді «Литер» газеті.

Бұл уақытта Қазақстанда қорғаныс саласына бөлінетін қаржы өсетіндігі «Экспресс К» газетінде баяндалыпты. «Қорғаныс министрі Даниял Ахметовтың айтуынша, бұл саланы қаржыландыру едәуір өзгеріске ұшырайтындығы анық. Алайда қорғанысқа нақты қанша қаржы бөлінетіндігі дәл айтылмай отыр» делінген мақалада. «Енді Қазақстан әскері жаңа жолмен дамымақ екен. Ол үшін қорғаныс министрлігінен әскери тәжірибе жөніндегі арнайы департамент құрылыпты. Әскери реформалардың екінші жағы сарбаздардың әлеуметтік жағдайына қатысты болмақ. Осы тұрғыдан алғанда министрлікте әскерилердің мәртебесіне қатысты ұсыныс дайындалып жатыр» деп жазды «Экспресс К» газеті.

Ал «Время» газеті болса Шаңырақ тұрғындары мен полицейлердің қақтығысы бойынша сот алдында жауап берушілер министр мен қала әкімін сотқа шақырғандығына мән беріпті. «Сотқа тартылған 25 шаңырақтық сот төрағасынан Алматы әкімі мен Ішкі істер министрін куә ретінде сотқа шақыруын сұраған. Сондай-ақ, айыпталушылар жоғарыда аталған шенеуніктер сотқа келмеген жағдайда аштық жариялайтындықтарын білдірген. Айыпталушылардың бірінің қоғамдық жақтаушысы Асылбек Қожаөметтің айтуынша, сот төрағасы талапты ескеретіндігін білдірген. Бұл іс бойынша сот алдында әлі 125 куәгер жауап беретін болады» деп жазды «Время» газеті.

Бұл уақытта баспана дауына іліккен шенеуніктердің тізімін баспасөзде жариялау науқаны әлі жалғасуда. «Айқын» газеті осы жолы баспананы заңсыз бөлуден атыраулық шенеуніктер де қалыспағандығы туралы жазыпты. «Президенттің қатысуымен өткен Қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысынан кейінгі тексеру нәтижесінде салынып жатқан пәтерлерді заңсыз бөлуге жол берген облыстағы бірнеше жоғары лауазымды шенеуніктер қатаң сөгіс алып, кейбірі қызметтерінен босатылды. Бұл туралы Атырау облысы әкімінің аппарат жетекшісі Нұрлан Мұталиев мәлім етті. Облыс әкімі Б.Рысқалиев қала әкіміне наурыздың 15-не дейін заңсыз екі пәтерден алған азаматтарға қатысты материалдарды дайындап, уәкілетті орган мен сатып алушылар арасындағы талаптарды, яғни сатып алу-сату туралы шарттарын бұзу туралы талаптарды сотқа жолдауды міндеттеді» деп жазды «Айқын» газеті.

Дәл осыған ұқсас жағдай Павлодар облысында да орын алып отырғандығына «Время» газеті тоқталып өтіпті. Газет мақаласындағы заңсыз баспана алғандардың тізімінде Павлодар облысы Ішкі істер департаментінің басшысы Жанат Сүлейменов бар. Сөз болып отырған шенеуніктің өзі мемлекеттік қызметкер ретінде пәтер алуға құқығы бар екендігін айтып отыр. «Мен Астанада департаменттің орынбасары қызметін атқарып жүргенімде Павлодарға ауыстырылдым, мемлекеттің пәтер алғанға дейінгі бір жылды қонақ үйде өткізген жайым бар» депті Жанат Сүлейменов «Время» газетіне берген сұхбатында.

AzattyqTV

Қырғызстан

Әзиздің арманы

XS
SM
MD
LG