Accessibility links

Американ ресми қызметкері Орта Азиядағы адам құқықтарына қандай баға береді?


АҚШ Мемлекеттік Департаменті әлемдегі 2006 жылғы адам құқықтарының жағдайына арналған жылдық есебін жария етті. Бұл орайда «Азаттық» радиосы АҚШ Мемлекеттік Хатшысының демократия, адам құқықтары және еңбек мәселелері бойынша орынбасары Эрика Баркс-Рагглс ханыммен сұхбат өркізген еді. Баркс-Рагглс ханым бұл қызметінде Таяу Шығыс, Оңтүстік Азиямен қатар Орта Азиядағы жағдайға да жауаптанады.

«Азаттық» радиосы: Қазақстан Батыстың қаржылық инвестицияларына мүмкіндікті кеңінен ашып берді. Бұл байланыс елдегі адам құқықтарын жақсартуға өз әсерін тигізе алды ма?

Эрика Баркс-Рагглс: Адамдардың заңсыз тасымалы іспетті мәселелерде бірқатар алға жылжудың болғанына қарамастан Қазақстандағы адам құқықтары жалпы алғанда нашар жағдайда болды. Баспасөзге жаңа шектеулер қойылды, оппозицияға қарсы қысас жалғасты және бізді ең көп мазалап отырған жағдай – азаматтық қоғамда үкіметтің жұмысын қадағалау жүйесін қалыптастыруға тырысып келе жатқан үкіметтік емес ұйымдарға қарсы қысым күшейді. Айта кету керек, бұндай жағдай соңғы кезде Орта Азиядағы басқа елдер мен Ресейде де түс бере бастаған.

«Азаттық» радиосы: Түркменістан бұрыннан жабық ел деген атауға ие болған еді. Мұның өзі бұл елдегі адам құқықтарының жағдайы нашар дегенді білдіре ме?

Эрика Баркс-Рагглс: Өткен жылдың желтоқсанына дейін, бұрынғы Президент Ниязовтың өліміне дейін Түркменістан аймақтағы ең жабық қоғам болды деуге болады. Жаңа үкімет кей реформалардың мәселесін көтерді. Нақты айтар болсақ, олар білім беру саласындағы реформалар мәселесін сөз етуде, бұл үшін оларға ризашылығымызды білдіреміз. Бұл қажет шаруа. Алайда, біз ақпан айында ғана ресми түрде билікті өз қолына алған үкіметтің елдегі өте-мөте нашар адам құқықтары жағдайын қалайша жақсартуға тырысатынын бақылап отырмақпыз.

«Азаттық» радиосы: Өзбекстанның шығысындағы Әндіжанда қанды қырғын болғаннан бері міне екі жылға таяу уақыт өтті. Содан беріде бұл елдегі адам құқықтарының жағдайы қандай болып отыр?

Эрика Баркс-Рагглс: Өзбекстан жөнінде айтар болсақ, бұл ел Түркменістанның дәрежесінде жабық емес-тұғын, алайда мұндағы адам құқықтарының жағдайы нашар боп келді және былтырғы жыл барысында одан әрмен нашарлай түсті. 2005 жылдың мамырындағы Әндіжан оқиғаларына байланысты халықаралық қауымдастық талап еткен тәуелсіз халықаралық тергеу өткізу ұсынысына олар келіспеді. Азаматтық қоғамдағы үкіметтік емес ұйымдарға қарсы қысым одан әрмен өсе түсті. Соңғы екі жылда олар негізінен жергілікті болған 200-ден астам үкіметтік емес ұйымды жапты. Саяси оппозиция мен тәуелсіз ақпарат құралдарын құдалау жалғасты. Біз оларға халықаралық қауымдастықпен ынтымақтасу тұрғысындағы ескертулерді айтумен келеміз. Алдағы жылы мұнда біраз жақсылық болады деген үміттеміз, алайда бұл жылы, өкінішке қарай, олай болмай отыр.

«Азаттық» радиосы: Қырғызстанда президент Асқар Ақаевты биліктен тайдырған халықтық көтеріліске де екі жыл толып отыр. 2006 жылы Қырғызстандағы адам құқықтарының жағдайы қандай болды?

Эрика Баркс-Рагглс: Осы өткен жылы Қырғызстанда, расында да, екіұдай жағдай болды. Ақаев режимі кезіндегіден жағдайдың жақсарғаны анық, алайда мұнда да біз баспасөз бен үкіметтік емес ұйымдарға қарсы шектеулердің артқанын байқадық. Желтоқсандағы конституциялық реформаларға қатысты айтыс-тартыс, өкінішке қарай, біз күткендегідей нәтижемен аяқталмады. Ал біздің күтеріміз - атқарушы билік пен заң шығарушы билік арасындағы тепе-теңдік. Бұл тұрғыда жағдай әлі де екіұдай қалып отыр.

AzattyqTV

Жаһан жаңалықтары

Жээнбеков кім?

XS
SM
MD
LG