Accessibility links

Бағдад конференциясынан Ирақтың көршілері қандай үміт күтеді?


Бағдадта сенбі күні Ираққа көршілес елдер мен БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің тұрақты бес мүшесі өкілдерінің қатысуымен қауіпсіздік конференциясы өткелі отыр. Ирақ үкіметі аталған жиын елдегі қақтығыстарды тоқтатуда бір ортақ мәмілеге жеткізер деп үміттенеді.

Мұнда осы конференцияға қатысушы негізгі елдер - АҚШ пен Сирия және Ирақ елдерінің өкілдері конференциядан не күтеді деген мәселеге басты назар аударылуда. Бірақ, одан басқа да конференцияға келетін Европа елдері мен Сауд Арабиясы және Ресей туралы не айтуға болады?

Осы аптаның басында Ирақтың премьер-министрі Нури әл-Малики журналистер алдында сөйлеген сөзінде алдағы конференция турасында былай деген еді:

- Біз бұл конференция аймақтық диалогқа негіз болады және халықаралық, аймақтық бітімгершілік пен келісімдерге жол ашады, сонымен қатар Ирақ үкіметіне қолдау көрсетеді деп үміттенеміз.

Жалпы, аймақтық сөйлесулердің, демек диалогтың қажет екендігін түсінетін жалғыз ғана Ирақ үкіметінің басшысы емес, мұндай көзқарасты Ираққа көршілес елдердің көпшілігі бөліседі, олардың қатарында Сауд Арабиясы мен Түркия да бар.

АҚШ Иранды Ирақтағы ішкі жағдайларға араласуда, Сирия болса жанжалдар туғызатын бүлікшілерді тоқтатпай отыр деп айыптап отырған шақта, Сауд Арабиясы мен Түркия алаңдаушылық туғызып отырған жайттарды бақылап отыр десек болады. Сауд Арабиясы Ирақта жікшілдік қақтығыстардың етек алып бара жатқанына алаңдайтындықтарын бірнеше мәрте қайталап білдірген болатын.

Ирақтағы сунниттер мен шииттер арасындағы тайталас патшалықтың ішкі шекарасын екіге жара ма деп қорқады, өйткені, мұнайға бай Сауд Арабиясы ресми түрде сүннит мемлекеті деп есептеледі.

Міне, осы себептерден де Саудия жақын арада Иран президенті Махұмд Ахмединежадпен Риядта жеке кездескен болатын, онда тараптардың екі жағы да жікшілдік қақтығыстар мұсылман үшін ең үлкен қауіп екендігін атап өтіп, оған қарсы күресетіндіктеріне уәде берді.

Ирақтың тағы бір көршісі Түркия да Бағдадтағы кездесуге ең бір үлкен мән беріп отыр. Ресми Анкара Ирақта азаматтық соғыстың белең алуы орталық үкіметтің әлсіреуіне әкеліп соқтырады, егер оны шектемесе, елдің бөлшектелуіне негіз болады деген алаңдаушылық білдіреді. Анкараның қорқынышы Ирақтың оңтүстігіндегі күрдтер басым тұратын аймақ өзінің шекарасына қарай ілгерілеп, тәуелсіздікке ұмтылады дегенге саяды. Ал мұндай мемлекеттің орнауы Түркиядағы күрдтердің автономия болуға деген ниетін күшейтеді деп ойлайтын Анкараның өз алаңдаушылығы бар. Мұндай қадамдар Түркияның оңтүстік шығысында онжылдықтардан бері жалғасып келе жатқаны белгілі.

Мұнан әрі Ресейдің де Ирақтағы жағдайды алаңдаушылықпен бақылап отырғаны аян. Мәскеу өз кезегінде Вашингтонды біржақты бітімшілік жүргізуде деп айыптап, оның бір мысалы ретінде Ирақта болып жатқан қақтығыстарды келтіреді.

«Бүгінде әлемде болып жатқан жайттардың бәрі де осындай концепцияны әлемдік істерге енгізуге тырысудың салдары, демек біржақты бейбітшіліктің тұжырымдамасы. Оның нәтижесі қандай, біржақты заңсыз әрекеттер көп ретте еш мәселені шешкен жоқ, есесіне ол адамзаттың жаңа қайғы-қасіретінің ошағы болып отыр, өздеріңіз қараңыздар - жергілікті, аймақтық соғыстар, жанжалдар азайған жоқ, онда адамдар бұрынғыдан да көп қаза тауып, опат болып жатыр».

Бұл Ресей президенті В.Путиннің өткен ақпан айында Мюнхендегі конференцияда сөйлеген сөзінен келтірілген үзінді.

Мәскеу Ирақ конференциясында өзін Вашингтон мен Техран арасындағы делдал ретінде көргісі келеді. Ресей бұған дейін де Иранның ядролық дағдарысында реттеушілік рольді бірнеше мәрте атқарғысы келген болатын, бірақ одан қандай да бір нәтиже әзірге байқалмады. БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің тұрақты бес мүшесінің бірі ретінде Бағдад конференциясында Мәскеудің өкілі болады.

Бағдад конференциясына Франция мен Британия өкілдері де қатысады. Лондонның осыдан біраз бұрын Британияның Ирақтағы 7 мың әскерінің 1600-ін жақын айларда кері қайтаруға шешім қабылдағандығы да белгілі. Өйткені, британ жасақтары Ирақтың шииттер көп тұратын оңтүстік аймақтарында орналасқан болатын.

БҰҰ-ның мандатынсыз Ираққа кіруге қарсы болған Франция да бұл конференцияға қатысып, мүмкіндіктерді қарастыратын болады. Франция президенті Жак Ширак қаңтар айында Ираққа басып кіру Таяу шығысты тұрақсыздандырды, ендігі міндет - қалай болғанда да оның тұрғындарына тәуелсіздікті қайтару деген болатын.

Міне сенбіде басталатын конференцияда алға қойылып отырған мақсаттар осындай, ал оның қаншалықты жүзеге асарын уақыт көрсетеді.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG