Accessibility links

Төлқұжатқа бас киіммен суретке түсу мәселесі түрлі пікірталас туғызуда


Орталық Азияның кейбір елдерінде Ислам шартына сәйкес әйелдердің хиджап кию міндеттілігі ресми құжаттар үшін суретке түсу жағдайында бірқатар пікірталастарға өзек болуда. Өткен айда Қазақстан үкіметі әйелдердің төлқұжатқа басына орамал салып суретке түсуіне рұхсат еткен кезде бұл елдегі Ислам әйелдері біршама жеңіске жеткендей болды. Ал көршілес Қырғызстанда әйелдер осындай хұққа қол жеткізу жолдарын іздестіруде десек болады.

Қазақстанда әйелдерге жеке бастың куәлігі мен төлқұжат үшін суретке түсуде басына орамал салуға рұхсат етілгенде, Совет үкіметі кезінен басталып, ұзақ жылдардан бері қалыптасқан заңдылыққа Әділет министрлігі өзіндік өзгеріс енгізген еді.

Бүгінгі таңда Қазақстанды 100-ден астам ұлт пен ұлыстың өкілдері мекендегенімен, ол мұсылман мемлекеті деп аталады. Міне, осындай басты себептен де исламдық дәстүрлі киім үрдісіне жататын басқа орамал тарту, демек, жеке куәлікке де солай суретке түсуге мұрсат етілді. Бірақ, ондай өзгеріс тек осы жылдың ақпан айында ғана жүзеге асты.

«Азаттық» радиосына берген сұхбатында Қазақстан әділет министрлігінің құжаттармен жұмыс істеу департаментінің жетекшісі Жанар Қожахметова мұндай қадамның көптеген өтініш тілектерге сай жасалғанын айтқан еді.

- Бұл - елдің бәріне бірдей төлқұжат үшін суретке бас киіммен түсу керек дегенді білдірмейді. Ол, негізінен, діни наным-сенімі бойынша басынан орамалын тастағысы келмейтін әйелдерге қатысты. Әділет министрлігіне паспортқа осылай суретке түсу турасында көптеген өтініштер түскен болатын, - деді әділет министрлігінің өкілі.

Хельсинки комитеті Алматы бөлімшесінің төрайымы Нинель Фокина Қазақстан заңдарында төлқұжатқа бас киіммен суретке түсуге болмайды деп айтылмаған, не себепті Әділет министрлігі бұған соншалықты мән берген деп сауал тастайды:

- Бұл Конституцияның немесе заңның мәселесі емес, өйткені, еш жерде төлқұжаттар беру ережесі жазылмаған, тек İшкі істер министрлігінің ішкі нұсқаулары ғана болған, оның бірақ заңдық күші болмайтын. Не себепті Әділет министрлігі араласып отырғандығы түсініксіз, қазір паспорт қызметі осы министрлікке өткен болатын, мүмкін сондықтан да Әділет министрлігі арбаның алдына түсіп кеткен болар.

«Ұлт тағдыры» үкіметтік емес ұйымының төрағасы Дос Көшім өз ойын мынандай тұрғыда білдіреді:

- Бұл жерде екі мәселені бірінші орынға қояр едім. Бірінші мәселе, сол ұлттың немесе діннің сенімін сыйлау, екіншіден, бұның практикалық жағы, осы арқылы паспорттық жұмыстар қиындай ма, жоқ па - осы екеуі арқылы қарау керек.

Әйелдердің ресми төлқұжатқа басына орамал тартып түсуіне мұрсат етуге қарсылық білдірушілер, бастың бір бөлігі мен шаш түгелдей жасырылып көрінбей тұрса, кімнің кім екендігін анықтау күрделеніп, қиындай түседі деген уәждерді алға тартады.

Ресми құжаттарға суретке түскенде басқа орамал салуға көп жағдайда Тәжікстанда рұхсат етіледі, ал бірақ Өзбекстан мен Түркменстанда бұған мұрсат етілмейді. Осы сөз болып отырған проблема турасында жақында Қырғызстанда да бірқатар жаңалықтар болды, мұнда да паспортқа бас киіммен суретке түсуге тиым салынып келген болатын.

Өткен жылдың қазан айында мұсылман әйелдердің «Мұтакалим» ұйымы сол кездегі Қырғызстан премьер-министрі Феликс Куловқа хат жолдап, әйелдердің мұсылман дәстүрімен төлқұжатқа суретке түсуіне мұрсат етілуін сұраған еді. Өткен айда осы ұйым мүшелері қойылып отырған мәселеге қолдау танытқан 40 мың қол жинағандықтарын айтты.

Алайда «Мұтакалим» ұйымының жетекшісі Жанар Фронтбекқызы бұл мәселенің шешілуін қарастыру үшін ресмилер 300 мың қол жинау керек болады деген. Қырғыз шенеуніктері сондай-ақ «Мұтакалим» ұйымының мүшелеріне төлқұжатқа бас киіммен түсуге рұхсат ету ұлттық қауіпсіздіктің мүддесіне сай келмейді деп айтқан екен.

AzattyqTV

Қырғызстан

Әзиздің арманы

XS
SM
MD
LG