Accessibility links

Баспасөзге шолу. 03.09.2007 жыл


Жұма күні жарық көрген басылымдар «Нұрбанк» төңірегіндегі жанжал тыншымай тұрғандығына мән беріпті. Сонымен қатар, бірқатар газеттер мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаевтың «Эра» телеарнасына қатысты мәлімдемесін талқыласа, тағы бір басылым ВИЧ инфекциясына қатысты қозғалған сот жабық жағдайға көшкендігіне тоқталып өтіпті.

«Нұрбанктің» бұрынғы басшыларының бірі Жолдас Темірәлиев қайда жүр деген сұраққа «Республика» газеті жауап іздепті. «Нұрбанк» төңірегіндегі жағдай әлі де көпшіліктің назарында. Оған осы банктің акционері саналатын Рахат Әлиевтің сөз болып отырған банктің бұрынғы топ-менеджерлері Жолдас Темірәлиев пен Әбілмәжін Ғылымовтың әйелдерін сотқа беруі де себеп болып отыр» делінген мақалада. «Алайда Темірәлиевтің әйелі Армангүл мен шешесі Галинаның журналистерді баспасөз клубына шақыруына басқа жағдай түрткі болыпты. Осы жылғы қаңтардың 31-күнгі жанжалдың нәтижесінде менің күйеуім із-түссіз жоғалып кетті. Қазір, міне, бір айдан астам уақыт өтті, әлі күнге дейін ешқандай нәтиже жоқ» депті Армангүл Қапашева. Адвокат Шынқуат Байжановтың айтуынша, бұл жағдайда Конституцияның баптары өрескуел бұзылып тұр екен. «Өйткені, «Нұрбанк» басшылығының өтінішіне сәйкес, Ғылымовқа қатысты қылмыстық іс қозғалып ол қамауға алынды. Ал Қапашеваның өтініші мен Ғылымовтың берген түсініктемесіне қатысты ешқандай шара қолданылмай отыр. Қылмыстық процесуалдық кодексінің 177 бабында азаматтың өтініші мен бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған хабарлама қылмыстық істі қозғауға негіз бола алатындығы айтылған» депті адвокат Шынқуат Байжанов. «Қазіргі күні бұл істің жалғасы қалай қарай өрбитіндігін айту қиын. Алайда бұл жанжал Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы қызметкері Арат Нарманбетовқа қатысты өткен жылғы сот процесіне қатты ұқсайтындығын байқамасқа болмас. Сол кезде сот Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша соттың аяқталуына аз қалғанда Нарманбетовты айыпты деп тапқан болатын» деп түйіндейді «Респубилика» газеті.

Осы тақырып төңірегінде сөз қозғаған «Время» басылымы Жолдастың шешесі Галина Темірәлиеваның айтқандарын келтіріпті. «Біз саясаттан алыс адамдармыз. Менің баламды қайда ұстап отырғанын білетін адамдар болса, көмектесулеріңізді өтінемін» депті Галина Темірәлиева. Ал Армангүл Қапашева болса Қазақстанда қаржылай заң бұзушылықтарды қарастыратын істер адам өмірінен жоғары тұратындығын мәлімдепті. «Жолдастың жоғалып кеткеніне бір ай жеті күн болды. Тіпті, оны іздестіру жөнінде іс қозғалмаған да» депті Армангүл Қапашева. «Адвокат Шынқуат Байжановтың айтуынша, полиция үш тәуліктің ішінде адамның жоғалғандығы туралы өтінішті қабылдап, өтініш иесіне жауап беруі керек» деп жазды «Время» басылымы.

«Караван» газеті болса ВИЧ инфекциясының жаппай таралу оқиғасына байланысты сот жабық жағдайға көшкендігіне мән беріп өтіпті. «Сот процесінде жәбір көрушілерден жауап алу басталды. Соттың бұл бөлігі жабық жағдайда өтуде» делінген мақалада. «Бұл іс бойынша 21 айыпталушыдан сұрақ-жауап алынды. ВИЧ инфекциясын жұқтырған деген айып бойынша дәрігерлердің ешқайсысы өздерін кінәлі ретінде санамайтындықтарын білдірді. Жанама түрде ғана облыстық балалар ауруханасының бұрынғы бас бухгалтері Бақытгүл Серданова ауруханаға бөлінген 12 миллион теңгені заңсыз қолдануға қатысқандығын мойындаған. Серданованың пікірінше, бухгалтерия мен ВИЧ екі түрлі нәрсе, соған байланысты соңғысына оның ешқандай қатысы жоқ» деп жазды «Караван» басылымы.

Бұл уақытта Қазақстандағы бірқатар қоғамдық ұйымдар мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаевтың отставкаға кетуін талап етіп жатқандығы «Республика» газетінде баяндалыпты. «Министрге қарсы талапқа Ертісбаев мырзаның «ЭРА» телеарнасының журналисіне қатысты айтқан сөздері түрткі болған. Телерадиотаратылым ұлттық қауымдастығының атқарушы директоры Шолпан Жақсыбаеваның пікірінше, министр Ертісбаев өзінің осы қылығы арқылы бүкіл журналистер қауымының намысына нұқсан келтіретін әрекет жасаған. Ал Қазақстан журналистері одағының төрағасы Сейітқазы Матаев болса, министрдің бұл әрекетін жылы жауап қоя салуға болмайды деп санайды. Біз енді ошаған егуді доғардық. Осыдан бастап заң аясында күресетін боламыз» депті Сейітқазы Матаев «Республика» тілшісінің сұрағына.

Адам құқықтары жөніндегі бюро жетекшісі Евгений Жовтис осы тақырып төңірегінде «Время» газетіне мынадай түсініктеме беріпті: «Біз масқара жағдайдың куәсі болдық: мәдениет және ақпарат министрі журналистерге сұхбат беруден бас тартып, оларды қуып жіберуге әрекет жасады. Бізде билік атынан сөйлейтін адамдар өздерін мемлекетпін деп ұғынса керек. Әрбір шенеунік өздерін осылай ұстағанды жөн деп санайды. Бұл біздегі қалыптасқан мәдениеттің немесе мәдениетсіздіктің бір көрінісі» депті Евгений Жовтис «Время» газетіне берген сұхбтында.
XS
SM
MD
LG