Accessibility links

«Нұрбанк» ғимаратына шабуыл жасаған деп айыпталған Алматы полициясының бұрынғы қызметкерлерінің тергеу ісі аяқталды


Kazakhstan Today агенттігі өздерінің ақпарат көздеріне сілтемелей отырып, «Нұрбанктың» Алматыдағы кеңсесіне 31 қаңтар күні шабуыл жасаған деп айыпталған қалалық ішкі істер департаментінің арнайы жасақ жедел тобының үстінен ашылған қылмыстық іс бойынша тергеу-тексеру амалдары аяқталып, іс прокуратураға жіберілгенін хабарлады. Агенттіктің хабарлауынша, бұрынғы полиция қызметкерлері – Алматы қалалық ішкі істер департаменті басшысының бұрынғы орынбасары полковник Самалиховқа, арнайы жасақ жедел тобының командирі майор Қадырғожаевқа және арнайы жасақтың 4 жауынгеріне «қызмет бабын асыра пайдаланған» деген айып тағылып отырған көрінеді.

Қазірде Қазақстан қоғамының назарында отырған бұл дау-дамайдың шығу төркіні биылғы жылғы 31-қаңтар күні «Нұрбанктың» бұрынғы басшыларының бірі Жолдас Темірәлиевті беймәлім адамдар банктан шығармай отыр деп оның әйелі Армангүл Капашева Медеу аудандық ішкі істер басқармасына шағымынан басталған. Алматы қалалық ішкі істер департаментінің басшылығы ішкі істер жедел тобының 5 қызметкерін «Нұрбанк» кеңсесіне жібереді. Алайда, Темірәлиевті іздемек болған кезде оларды банктың ішкі күзет арнайы жасақ күштері қарусыздандырады.

Талдаушылар бұл істе жеке меншіктегі банк күзеті мемлекеттік қызметте жүрген полиция қызметкерлерін қарусыздандыруы - банк күзетінің мемлекетке бағынбайтынын аңғартқандай әсер қалдыратынын айтады. Әзірге расталмаған кейбір деректерде, сол күні «Нұрбанкқа» тіпті президент күзетінің жасақтары да келгені туралы айтылған болатын.

Сарапшылар мұншама дүрлікпенің себебін осы банк акционерлерінің бірі, президенттің үлкен күйеу баласы Рахат Әлиевтің есімімен байланыстырады. «Нұрбанктың» бұрынғы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Жолдас Темірәлиевтің әйелі Армангүл Қапашева болса, «банктен адам іздеуге келген жедел топқа, ресми ақпарттарда банкқа шауыл жасамақ болды деп айып тағылғанын» айтып отыр.

Алайда, Алматы қалалық қаржы полициясының төрағасы Владимир Курбатов бұл іске байланысты баспасөз өкілдеріне берген сұхбатында болған жағдайды өзгеше сипаттаған болатын:

«Полиция қызметкерлері банктың бұрынғы басшылары Ғилымов пен Темірәлиевтің кабинеттеріндегі несиелік және басқа да құқық беруші құжаттарды алып кетуге әрекеттенген. Бұл әрекеттер Темірәлиевтің тікелей нұсқауымен жасалып отыр. Сөйтіп, олар банктағы қитұрқы-жымысқы әрекеттерінің ізін жойып үлгермекші болған».

Банктегі осы оқиғадан соң, Алматы қалалық ішкі істер департаменті басшысының орынбасары полковник Н.Самалихов, арнайы жасақ жедел тобының командирі майор Н.Қадырғожаев қамауға алынып, олардың үстінен қылмыстық іс ашылды. Бұған наразылық ретінде жедел топтың ондаған жауынгері жұмыстан өз еркімен кету туралы арыз жазғаны туралы хабар тараған-ды. Енді міне осы басшылар мен жедел топтың төрт жауынгерінің үстінен ашылған қылмыстық іске байланысты тергеу-тексеру амалдары аяқталып, іс прокуратураға жіберілді деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігі. Сондай-ақ агенттік «тергеу-тексеру тобының осы істі тергеу барысында қалалық әкімшіліктен де, парламент депутаты тарапынан да үлкен қыспақ көргендерін» жазыпты. «Сондықтан, Курбатов мырза прокуратура қызметіне жүгінуге мәжбүр болды» делінген агенттік ақпаратында. Сонымен қатар агенттік осы іс бойынша сот отырысы наурыздың соңына қарай өтеді деген болжамдарын да айтыпты.

Әзірге осы іске байланысты іс қозғаған заң органдарынан және айып тағылып отырған тараптан қандай да бір түсінік берілмей отыр.

«Нұрбанктың» төңірегіндегі дауға қатысты қазір банктың бұрынғы басшысы Әбілмәжін Ғилымов тергеу астында қамауда отыр. Ал оның бұрынғы бірінші орынбасары Жолдас Темірәлиев пен банктың шаруашылық бөлімінің басшысы Айбар Хасеновтің бір айдан бері қайда екені әзірге беймәлім. Алматы салық полициясы «олар қашып жүр» деген болжам жасайды. Ақпан айының басында Ә.Ғилымов пен Ж.Темірәлиевтың әйелдері Нәзира Базарбаева мен Армангүл Қапашева Алматыдағы өз үйлерінде баспасөз мәслихатын өткізіп, «біздің күйеулерімізді 18-қаңтар күні Рахат Әлиев қала маңындағы жеке моншалардың біріне күштеп апарып, ұрып-соғып, қинап банк орналасқан «Кең дала» ғимаратын өз адамдарына сатуға мәжбүрлеген» деп мәлімдеген болатын.

Бұдан соң, президент Назарбаевтың үлкен күйеу баласы, қазірде Қазақстанның Венадағы елшісі қызметінде жүрген Рахат Әлиев өз ар-ұжданына нұқсан келтіріп, жала жапты деп, әлгі екі әйелдің үстінен сотқа шағымданды. Қазірде Алматының Медеу аудандық сотында қаралып жатқан бұл шағымдарда Әлиев моральдық шығын ретінде олардың әрқайсысынан бір миллион теңге айыппұл өндіріп алуды талап етіп отыр.

2007 жылғы ақпанның 15-күні «Ройтер» агенттігі жариялаған сұхбатта Рахат Әлиев Қазақстандағы «Хабар», «КТК» телеарналары мен «Караван» газетінің, «Kazakhstan Today» ақпарат агенттігінің акцияларына иелік ететінін айтқан болатын.
XS
SM
MD
LG