Accessibility links

Қазақстан азаматтары адам құқықтары жөніндегі уәкілдің атына арыз-шағымдарын енді Интернет арқылы да жолдай алады


Наурыздың 13 күні Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі уәкілінің жаңа веб-сайты ашылды. Оны Еурокомиссия өкілдігі қаржыландырған. Халықаралық мамандар омбдусменге бұл веб-сайт өте керек, осы арқылы елдің кез-келген азаматы жер шалғайлығына қарамастан омбудсманның атына шағым-өтініштерін жолдауға мүмкіндік алады деп отыр. Әйткенмен кейбір мемлекеттік емес ұйымның өкілдері, компьютер түгілі телефон байланысы жоқ елдімекендер тұрғындары үшін бұл сайт жұмысы шолақ болады деген пікірде.

Еурокомиссия өкілі Режин Руаның айтуынша, Еурокомиссия Қазақстандағы адам құқықтары саласына 700 мың еуро бөлген.

«Мақсат - жергілікті халық қорғаушысы жұмысын халықаралық стандарттарға жақындату», - дейді ол.

Еуропада 92 халық қорғаушысы институты бар. Қазақстандағы Адам құқығы жөніндегі ұлттық орталық жетекшісі Вячеслав Калюжныйдың айтуынша, Испания халық қорғаушысы штатында 140 адам, Грекияда 170 адам жұмыс істейді.

«Қазақстанда, тіпті әр министрліктің өзінде мұндай үлкен штат жоқ. Бізде бар болғаны 15 адам, біз осындай кішкентай штатпен мұндай үлкен елде не істей аламыз?», - деген уәж айтады В.Калюжный.

Еурокомиссия өкілдері болса, тұрғындармен жергілікті халық қорғаушысы арасындағы қатынасты интернеттегі веб-сайттар арқылы кеңейтуге болады деп санайды. Сондықтан Еурокомиссия Қазақстандағы дәл осындай шараларға қаражат бөліп отыр.

Наурыздың 13-і күні Астанада жұртшылыққа таныстырылған www.ombudsman.kz сайтын енді Интернет байлынысы арқылы кез-лкеген қазақстандық қолдана алады деп хабарланды. Ал, жергілікті халық қорғаушысына кеңес беретін топ мүшесі, «Ілтипат» мемлекеттік емес ұйымның төрайымы Тәбияш Ақмұрзина болса бұл істе сайт ашқан жеткіліксіз дейді:

- Бұл жұмысты біз далада, ауылда, базарда - сол жерлерде өткізуіміз керек. Олардың барлығында компьютер пайдаланатын мүмкіншілік жоқ. Сол себептен мұны көбінесе елдің арасында жүріп істеу керек деп ойлаймын.

Еурокомиссия өкілі Режин Руа, елде интернетке кірудің қандай мүмкіншілігі болғанына қарамастан омбудсмен электронды құралдармен де, баспа құралдарымен де жұмыс істеу керек деп санайды.

«Осылайша тек жеке меншік интернет қана емес, әкімшіліктердегі компьютерлер арқылы да жалпы тұрғындарға интернетке кіруге мүмкіншілік жасау керек», - дейді Еурокомиссия өкілі Режин Руа.

Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің бас сарапшысы Құндыз Малгаздарова, жаңадан іске қосылған сайттың жұмысында байқалған кейбір кемшіліктерді уақытша құбылыс деп отыр:

- Оның шолақ сайт болып қалуына біздің ешқандай қатынасымыз жоқ. Ол елдегі коммуникациялық байланыстың жақсы дамымауына байланысты деп ойлаймыз. Сондықтан, әрине, біз веб-сайтты қамтитын өңірлермен ғана жұмыс істейтін боламыз. Негізінен, біз плакаттардың да тұсау кесерін өткіздік. Соларды ауылдарда, аудан орталықтарында ілетін боламыз. Сол арқылы, пошта байланысы арқылы, телефон, хат арқылы өтініш берушілермен жұмыс істейтін боламыз. Сол себептен, біз тек ірі қалаларда ғана емес, ауылды мекендердегі адамдарды да қамтимыз деп ойлаймыз.

Ресми мәлімет бойынша, жергілікті халық қорғаушысына жыл сайын азаматтардан 3000-ға жуық шағымдар түсіп отырады. Бірақ, тұрғындардың көбі өз құқықтарын біле бермейді, соның кесірінен өзінің көзқарасын дәлелдей алмайды дейді құқық қорғаушылар.

Бұл жағдайды ретке келтіру үшін, адамдардың құқықтарын уағыздау қажет дейді олар. Әзірге қазақстандық халық қорғаушысы тұрғындардан түскен шағымдардың тек 30 пайызын қанағаттандырған. Ал, шетелдік заңгерлердің айтуынша, дамыған елдерде мұндай жылдық көрсеткіш 70 пайыздан асып жығылады екен.
XS
SM
MD
LG