Accessibility links

«Время» газеті Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрі Е.Ертісбаевтың үстінен сотқа шағымданбақшы


Қазақстанда жарық көретін «Время» апталығы өзінің іскерлік беделіне нұқсан келді деп көріп, елдің мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаевты сотқа бермекші. Бұған дейін министр Е.Ертісбаевтың үстінен Астанадағы «Эра» телеарнасының тілшісі сотқа жүгінген болатын.

Өткен аптада 31-телеарнада Қазақстан Журналистер Одағының төрағасы Сейітқазы Матаев пен мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаевтың арасында тікелей эфирде жүргізілген пікірталас кезінде министр Ертісбаев «Время» газетінің редакторы мен аты-жөнін атамай, осы басылымда жұмыс істейтін журналистердің атына теріс баға берген болатын. «Время» апталығының редакторы Марат Әсіпов осы сөзі үшін министрді сотқа беретіндерін айтып отыр.

«Ертісбаев «Время» газетінің журналистерін сөз тергіш, арам дүниелермен айналысатын, арзанқол арандатушы мақалалар жазумен шұғылданатындар деп, ал газеттің бас редакторы оларға сондай тапсырыстар берумен ғана отырады деп сипаттап, күллі ұжым атына қара күйе айтқандықтан, біз оны сотқа бергелі отырмыз», - деді М.Әсіпов.

Наурыздың 9-ы күні 31-телеарнада мәдениет және ақпарат министрі Е.Ертісбаевпен сөз сайыстырған Қазақстанның Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев Е.Ертісбаевты мәдениет және ақпарат министрі қызметінде отыруға лайықты адам емес деп бағалайды.

«Ол бұқаралық ақпарат құралдарын алалап, билікке жақын жүргендеріне сұхбат, түсініктеме береді де, билікті сынайтын ақпарат құралдарын жанына жолатпайды. Осындай жағдай Астанада «Эра» телеарнасының тілшілерімен болды, енді міне жөн-жоқсыз «Время» газетіне тиісіп отыр. Сондықтан, олардың министрді сотқа берулерін журналистік қауым қолдайды», - деді Матаев.

Саясаттанушы, «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшім, елдегі журналистік қауым мен мәдениет және ақпарат министрі арасындағы қазіргі қалыптасқан жағдайға министрдің өзі кінәлі деп санайды.

«Ол өзі осы журналистердің құқығын қорғап, солар үшін сойыл соғатын адам бола тұра, олармен тіл табыса алмай, ырың-жырыңға жол бергені үшін жауап беруі керек. Е.Ертісбаевты мәдениет және ақпарат министрі етіп тағайындаған президенттің өзі енді болған мәселені саралап, бір шешімге баруы ғана қалып тұр», - дейді Д.Көшім.

Е.Ертісбаев болса бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы өздігінен отставкаға кетпейтіндігін әлденеше рет мәлімдеген болатын.
XS
SM
MD
LG