Accessibility links

«Эра» телеарнасының бас директоры: «Біз Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрінің жиында мұрнын шұқып отырғанын көрсеткен едік»


Астаналық «Эра» телеарнасының бас директоры Мірболат Күнбаев Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаевты сотқа бермекші. Бұл туралы ол «Азаттық» радиосына берген жеке сұқбатында наурыздың 14 күні хабарлады. Оның айтуынша, министр бірнеше газетке берген сұқбатында оған тіл тигізген. Мәдениет және ақпарат министірі Ермұхамет Ертісбаев газет беттерінде «Эра» телеарнасының директоры Мірболат Күнбаев белгілі бір қауіп тудырады депті.

Бұл жолғы дау телекөпірден басталды. Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаев Журналистер одағының төрағасы Сейтқазы Матаевпен пікірталас кезінде «Время» газетінің атына өз бағасын берді.

«Время» газетінің тілшісі маған телефон шалған кезде одан енді мені мазаламауды сұрадым. Оның неге деген сұрағына мен өзіме жеркенішті адамдармен сөйлеспейтінімді айтып жауап бердім», - деді министр Ертісбаев.

Сонымен бірге, өткен аптадағы сол телесайыс кезінде министр «Время» газетінің редакторы өзіне ұнамағандарды сойып салатын мақала жазуға қарамағындағы журналистерге тапсырыс беретіні жайында жұртшылық алдында жариялы түрде мәлімдеген еді. Министрдің сол сөзінен кейін «Время» газетінің ұжымы министрді сотқа бермекші болып отыр. «Время» газетінің қызметкері Вадим Борейконың айтуынша, «бұлбұл құс тұмауына шалдыққанда бұл эпидемиядан қожайындар мен саяси позицияларға қарамастан, бірігіп құтқарылған дұрыс болмақ».

Өткен аптада «Время» газетінің ұжымы премьер-министр Мәсімовқа хат жолдап, «Министр мен журналистер арасындағы дауға қандай шара қолданбақсыз?» деген сұрақ қойды. Наурыздың 11-күні өткен үкімет жиынында бас министр Мәсімов елдің мәдениет және ақпарат министрі Ертісбаевқа 2 күн ішінде қызметтік хат жазып, премьерге қойылған барлық сұрақтар бойынша түсініктеме беруді тапсырды.

Бұл хат наурыздың 14 күні премьерге берілуге тиіс болған. Әзірге министрдің қандай түсініктеме бергені белгісіз. Бірақ, үкіметте өткен жиыннан соң министр Ертісбаев елдегі үш басылымға – «Литер», «Айқын» және «Экспресс-К» газетінің тілшілеріне жеке сұхбат берді. Кейбір сарапшылардың айтуынша, «Экспресс-К» газетін «Еуразиялық өндірістік қауымдастық» тобы [жетекшісі миллиардер Александр Машкевич] қаржыландырады. Бұл газет тілшісі өз мақаласында тек бір жақтың пікірін беріпті. Мақала авторы, «Экспресс-К» газетінің тілшісі Владислав Шпаковтың айтуынша, екінші жақтың пікірі қызықтырмайды деген.

Есімін жасыруды сұраған басқа газет тілшілерінің айтуынша, бұл мақалалардың жазылуына министрдің өзі түрткі боп, журналистерді кабинетіне шақырған екен. Ақпарат министрі Ертісбаев бұл мақалаларда «Эра» телеарнасының директоры Күнбаев белгілі бір қауіп тудырады деп сипаттаған.

«Саяси дағдарыс бола қалған жағдайда ол тікелей эфирде не айтатынын бір алла біледі», - дейді министр Ертісбаев.

«Эра» директоры Күнбаев енді сол үшін министрден телеарна басшысына келтірген моральдық шығын ретінде бұрынғыдай бір теңге емес, одан әлдеқайда көп қаржы талап етпек.

«Бізді енді тек террорлық ұйымға жатқызу ғана қалды. Бұл сөздері үшін министр сотта жауап беруіне тура келеді», - дейді «Эра» директоры М.Күнбаев.

Ақпарат министрі Ертісбаев болса, газет бетінде телеарнаны Тіл туралы заң талаптарын 4 жыл бойы бұзып келеді деп айыптаған.

«Ең болмағанда бір телеарнаны қатаң жазаламай, ешкім тіл саясаты туралы аталмыш заңды сақтамайды. Сондықтан, «ит үреді, керуен көшеді», - деген байлам жасайды министр Ертісбаев.

«Эра» телеарнасының директоры Күнбаев министрдің әлгі айтқандарын шындыққа жанаспайды деп отыр.

«Бізде соңғы 3 жыл бойынша тіл мәселесі мен 50/50 талабы орындалды деген Астана әкімшілігінің мониторинг жүргізген хаттамалары бар», - дейді ол.

Ақпарат министрі Ертісбаев мақаладағы келтірген сөзінде «Эра» телеарнасын білікті мамандар басқарып отырған жоқ деген баға берген.

«Мысалы, Үкіметтік емес ұйымдармен өткен жиналыста менің құлағымды қасып отырғанымды көрсеткен», - дейді министр Ертісбев.

«Эра» директоры Күнбаев болса, министр онда құлағын қасып емес, мұрнын шұқып отырған дейді. Күнбаевтың айтуынша, комиссияда да арна өкілдері келгенде министр «Міне, менің мұрнымды шұқып жатқанымды көрсеткен арна - осы» деген екен.

Ақпарат министрі Ертісбаев әлгі мақаладағы сөзінде таяуда сот барысында арнаның жұмысы жөнінде қосымша мәліметтер белгілі болады деп хабарлапты.

«Біз материалдарды, тіпті, қаржы полициясына бермек ойымыз бар», - деген министр Ертісбаев сөзінің соңында.
XS
SM
MD
LG