Accessibility links

Алматының қаржы полициясы жоғалған банкир Жолдас Темірәлиевтің үстінен қылмыстық іс қозғады


Алматыдағы экономикалық және жемқорлық қылмысқа қарсы күрес департаменті, яғни Алматы қаржы полициясы «Нұрбанктың» бұрынғы басқарма төрағасының орынбасары Жолдас Темірәлиевтың үстінен қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлап отыр. Жоғалған банкирге «алаяқтық» және «банкқа алдын ала тиімсіз келісімдер жасап, қайтпайтын кредиттер бергені үшін» деген баптар бойынша іс қозғалған. Сонымен қатар қаржы полициясы оған іздеу жарияланғанын хабарлады. Қаржы полициясы Темірәлиевті бір ай бойы Қазақстаннан іздеп, егер табылмаса, автоматты түрде халықаралық іздеуге ұласатынын хабарлап отыр. Биылғы жылғы 22-қаңтарда «Нұрбанк» акционерлік қоғамының басқарушысы қызметінен босаған Жолдас Темірәлиев 31-қаңтарда банктың жаңа басшыларымен кездесуге кеткеннен бері күні бүгінге дейін ұшты-күйлі жоғалды. Алматы қаржы полициясы «ол жымысқы іс-әрекеті әшкереленген соң қашып жүр» десе, Темірәлиевтың әйелі Армангүл «оны банк басшыларына жақын адамдар белгісіз жерде қамауда ұстап отыр» дейді.

Шытырман оқиғаларға толы «Нұрбанк» төңірегіндегі дау-дамай толастамай, одан әрі жалғасын тауып отыр. Наурыздың 13-күні кешкісін, Рахат Әлиевтың иелігіндегі «Қазақстан тудей» ақпарттық агенттігі Алматы қаржы полициясы «Нұрбанктың» бұрынғы басқарма төрағасының орынбасары Жолдас Темірәлиевтың үстінен қылмыстық іс қозғалғанын және оған қылмыстық іздеу салғанын жариялады. Мұның өзі де түсініксіздеу, себебі, біріншіден, Темірәлиевтің жоғалғанына бір жарым ай өтті. Ол жайында кезінде, дәлірек айтсақ, 31-қаңтар күні, оның әйелі полицияға «менің күйеуімді банк басшылары белгісіз жерде қамауда ұстап отыр» деп шағымданғанда, дәл осы қаржы полициясы оның арызын бірінші күні тіркетпей қойғаны жайында хабар жұртшылыққа тарап кетті.

Екіншіден, Алматы қаржы полициясының баспасөз хатшысы Владимир Ким «Темірәлиевке қылмыстық іс ашылғалы екі аптадан асты» дейді.

«Сіздегі ақпарат ескіріп қалған, банктың бұрынғы басшыларының үстінен қылмыстық іс ашылғалы және Темірәлиевке іздеу жарияланғалы екі аптадай уақыт болды», - деді В.Ким наурыздың 14-күні «Азаттық» тілшісіне.

Сонда, ол жөнінде қаржы полициясын елдегі көптеген ақпарат құралдары, оның ішінде «Азаттық» радиосы да бар, сұрақ пен сауалдың астына алып жатқанда, ондағылар бұл ақпаратты екі аптадай неге жарияламаған? Бұны Темірәлиевтың әйелі де білмейтін болып шықты.

«Мен білмеймін, енді оның себебі, бәрін олардың өздері дайындап, алдын ала ойлап, пішіп қойған ғой. Өйткені, 31-қаңтарда банкте ешқандай тексеріс болмаған, ал Ибраймовтың интервьюінде «банкте тексеріс болып, 809 миллион транш болғандығы анықталыпты» және содан «Темірәлиев қашып кетіпті» деп айтылады. Ал қазір ол сома туралы ешқандай әңгіме қозғалмайды. Есесіне, басқа сомалар шығыпты. Сонымен, олардың айтуынша, Жолдас қашып кетіпті де, оның жоғалғандығы туралы менің арызымды олар кері қайтарыпты. Ондай ештеңе болған жоқ, ал менің арызымды олар істі тежей тұру үшін тоқтатты. Біз ертесіне бәрібір Жолдастың жоғалғандығы туралы арызымызды тіркеттік қой, олар тіркеуге де мәжбүр болды, себебі, бұл мәселе туралы баспасөз құралдарында жарияланып та қойды ғой», - дейді Армангүл.

Бұған дейін, өткен ақпан айының 6-күні осы жағдай туралы Экономикалық қылмыс пен жемқорлыққа қарсы күрес Агенттігі төрағасының орынбасары, қаржы полициясының генерал-майоры Рустем Ибраймов үкіметтен қаржыландырылатын «Казахстанская правда» газетіне берген сұхбатында: «26 қаңтар күні банктың бұрынғы басшылары акционерлердің келісімінсіз бір коммерциялық іс-әрекеттер бойынша 809 миллион теңге аударғандығы себепті, 31 қаңтарда банкта тексеру жүргізілді» деп мәлімдеген болатын. Армангүлдің айтып отырғаны – сол тексеру. Ал Темірәлиевтің үстінен қазіргі қозғалған қылмыстық істе ол 809 миллион теңге дейтін қаржы аталмайды. Себебі, бір жарияланған дерек бойынша банк орналасқан «Кең дала» ғимараты жаңа қожайындарға осыншама қаржыға сатылған. Екіншіден, банктің бұрынғы басшылары қаңтардың 22 күні жұмыстан босап кеткен. Сондықтан олар ондай операцияны ешуақытта іске асыра алмасы анық дейді талдаушылар. Осы оқиғаға байланысты аракідік жарық көріп тұратын ресми ақпараттардың өзінде бәрі де шатасып жатыр. Ал Қазақстан қоғамы болса, осы дау енді қандай бетбұрыс жасар екен деп көз салып, құлақ түріп отыр.
XS
SM
MD
LG