Accessibility links

Қазақстанда биыл мемлекет қамбасына құйылатын астықтың әр тоннасына орта есеппен 96 доллар беріліп отыр


Қазақстанның азық-түлік корпорациясы биыл республиканың мемлекеттік резервін толықтыру үшін 6 миллиард теңгеден астам қаржыға астық сатып алады. Бұл туралы Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов қол қойған үкімет қаулысында айтылған. Бұрынғыдай, сатып алу рәсімі екі деңгейде жүргізіледі. Осылайша, мемлекет диқандарға көмектеседі деп хабарланып отыр. Ал, кейбір диқандар болса, керісінше, мемлекет арзан бағаға астық сатып алып, оны шетелге қымбатқа сатып, ақша табады деген пікірлерін білдірді.

Корпорация болашақ егін өнімінің есебіне диқандарға пайызсыз несие береді. Нәтижесінде шаруа қожалықтары ауыл шаруашылық техникасын, жанар-жағар майын, тұқымдық қоры мен тыңайтқыштарын ертерек, яғни арзан кезінде, дайындауға мүмкіншілік алады, дейді корпорация мамандары. Бірақ, ішкі нарықтағы азық-түлік корпорациясы ұсынатын баға базардағы орташа бағадан әлдеқайда төмен дегенде пікір бар.

Биыл астықтың әр тоннасына орта есеппен 96 доллар беріліп отыр. Азық-түлік корпорациясының басқарма бастығы Әльжан Ақмұхамедовтың айтуынша астық бағасына қамбадағы сақтау құны, сертификат және тасымалдау құжаттары және тасымалдау құнымен кеден төлемдері қосылады.

«Сондықтан біз диқандарға көп бере алмаймыз», - дейді ол.

Ал, фермер әрі Қазақстан фермерлер одағының вице-президенті Әуезхан Дариновтың айтуынша, диқандар жылдық еңбегін арзанға беруге мәжбүр:

- Корпорация арзан бағамен алады, ал элеваторлар біреумен келісіп алған соң үлкен бағамен келген делдалдарды қуады. Мысалы, элеватор директоры корпорациямен бе, компаниямен бе бұрыннан істеп жүреді 100 доллардан. Ал, Иран, Ресейден 120 доллардан диқандардан аламыз деп келгендерге неше түрлі себеп тауып алғызбайды.

Азық-түлік корпорациясының басшылығы болса, ақшаны берген соң оны қайтадан астықпен алғанды немесе ақшамен алғанды қалайды. Бірақ, ақшалай берсеңіз оған қосымша инфляция пайызын және корпорация қызметінің шығынын өтеу керек. «Біз одан пайда таппаймыз, басты мақсат ақшаны сақтап қалу», дейді корпорация басшылығы. Азық-түлік корпорациясының басшылығы банк кепілдігін талап етеді.

Ол 3-4 пайыздан жоғары емес дейді Азық-түлік корпорациясының басшылығы. Ал, Қазақстан фермерлер одағының вице-президенті Әуезхан Дариновтың айтуынша, диқандар бәрібір 3 пайыз емес, одан да жоғары төлейді:

- 3-4 пайыз нақты несиенің пайызы. Ал мен кепілдік апарып беруім керек. Оны беру үшін банк тағы 3-4 пайыз төле дейді.

Азық-түлік корпорациясының басқарма бастығы Әлжан Ақмұхамедов болса өзге пікірде.

«Егер олар банк кепілдігін ала алмаса, бұл фермерлердің проблемасы, біздің қатысымыз қанша оған? Біз мемлекеттік тапсырыс бойынша үлгідегі келісім бойынша жұмыс сітейміз», - дейді ол.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда өсірілген астық мөлшерінің ұлғаюына орай, азық-түлік корпорациясы диқандардан алатын дәнді дақылдардың көрсеткіштерін көтерген. 2007 жылы елдiң азық-түлiк қауiпсiздігін қамтамасыз ету үшін және астық бағасы демпингiнiң алдын алу үшiн мемлекеттік ресурстарға белгiленген баға бойынша 48 миллион долларға астық сатып алу жоспарланды.

О баста азық-түлік корпорациясы мемлекеттік азық-түлік резервін жасап, жаңарту үшін құрылған болатын. Қалған дақылдар Қазақстандағы нан зауыттары мен диірмендеріне жіберіледі. Бірінші кезекте Қазақстанның Батыс облыстары, Астана, Алматы және басқа да ірі қалалар астықпен қамтамасыз етіледі. Ал, солтүстік аймақтар өздерін астықпен қамтамасыз етуге тиіс.

Алдында хабарланғандай, Қазақстан бойынша 2006 жылдың егін өнімі 16 миллион тонна болды. 2007 жылға да осындай көлемге жорамал жасалып отыр.
XS
SM
MD
LG