Accessibility links

15 наурыз – Дүниежүзілік тұтынушылардың құқығын қорғау күні


15 наурыз – Дүниежүзілік тұтынушылардың құқығын қорғау күні. Бұл мейрам АҚШ-тың бұрынғы президенті Джон Кеннедидің 1961 жылы 15 наурызда Конгресте тұтынушылардың құқы жайында сөйлеген сөзімен байланысты. Сол кезде АҚШ президенті тұтынушыларға адамдардың барлығының жататындығын айтып, тұтынушыларда ақпарат алу, қауіпсіздік, таңдау және хабардар болу құқықтарының болатындығын атап өткен еді. Кейіннен дүниежүзілік тұтынушылар құқығын қорғайтын ұйымдар бұл сөздерді өз манифестеріне айналдырып, біртіндеп тұтынушылар құқығы сегізге жетеді. Ал Қазақстан тұтынушылар лигасы дүниежүзінде қабылданған бұл сегіз құқықтың қазақстандық тұтынушыларға да тарайтындығын жеткізді.

Қазақстанда тұтынушылар құқығын 1997 жылдан бері қорғап келе жатқан Қазақстан тұтынушылары ұлттық лигасының президенті Светлана Савченконың айтуынша, Қазақстанда өз құқығын қорғай алатын тұтынушылар саны жыл сайын өсіп келеді. Ол бұл жағдайдың оң өзгеріс екендігін айтып, Қазақстан тұтынушылары ұлттық лигасына өздерінің шағымдарын айтып келетіндердің дені жеке пәтерлер кооперативіне, мобильдік телефон байланыстарына және пайдаланылуға беріліп жатқан жаңа пәтерлерге көңілі толмайтындар деді.

- Бұдан 10 жыл бұрын бізге 250 адам шағымданса, биыл 7 мыңнан астам адам өздерінің құқықтарының бұзылғандығынан хабардар етті. Осыған байланысты биылдың өзінде біз көмек сұрап келген тұтынушыларға 10 миллион теңгені қайтаруға көмектестік. Ал 1 миллион 900 мың қаржы сот арқылы моральдық шығын үшін өндіріп берілді. Алайда тұтынушылардың құқын қорғау қиынға соғатын кездер де болады. Айталық медицина саласында кикілжіңдердің ара-жігін ажыратып беретін мамандар Қазақстанда жоқтың қасы, - дейді Светлана Савченко.

Сондай-ақ, ол Қазақстанда тұтынушылық мәдениеттің әлі де төмен болып отырғандығын айта келіп, соның кесірінен адамдар тұтыну кезінде жыл сайын миллиондаған теңгеге шығын жасайды деді. Мұнан бөлек, Светлана Савченко тұтынушылар құқығын бұзатын мекемелерге қойылатын талаптарды күшейтудің қажеттілігін айтып, 2009 жылға дейін Қазақстанда тұтынушылар құқығын қорғайтын заңның пайда болуы мүмкін деді.

Ал Алматыдағы супермаркеттердің бірінде сатушы болып жұмыс істейтін Гүлжаһан есімді қыз супермаркет ішінде тұтынушылар құқығының жиі бұзылатынына куә болып жүргенін айтады.

- Супермаркеттер ішінде тұтынушылар құқығы сақталмайтын кездер болып тұрады. Біз, әрине, тауар алып, кейіннен шағымданып келетіндердің көңілінен шығып келеміз. Алайда жарамсыз деп танылған немесе оларға ұнамай қалған тауарларды ауыстырып бере алмайтын оқиғалар да болады. Мысалы, шетелдерде шығатын химиялық тауарлар қайтарылуға келмейді. Міне, осы тауарларды сатып алушылар әлдеқандай себептермен қайта келсе, бізге оларды кейін қайтаруға тура келеді, - дейді сатушы қыз.

Десе де Гүлжаһан сатушылар мен сатып алушылар арасындағы қатынастарды кей кездерде тұтынушылардың өздері де бұзады дейді.

- Кейбір тұтынушылар тауарлардың сапасына онша мән бермейді. Сөйтіп, алдында тек бағаларына ғана қызыққан адамдар, кейіннен «бұл неге мынадай, маған басқасы керек еді» деп қайтіп келіп жатады. Ал біз адамдарға сатып алмас бұрын үнемі тауар туралы мәлімет береміз, - дейді Гүлжаһан.

Ал мамандығы мұғалім Өмірбек мобильдік телефонды пайдаланғалы бері өз тұтынушылық құқығының бірнеше рет бұзылғандығын былайша жеткізеді.

- Менің мобильдік байланыс операторының қызметін пайдаланғаныма бірнеше жыл болды. Осыдан бірнеше ай бұрын менің балансымдағы 800 теңгедей ақша жоғалып кетті. Мен оның компаниядағы техникалық жаңартуларға байланысты болғанын анықтадым. Алайда, менің өтінішіме қарамастан, компания сол күйі менің балансымдағы ақшаны қайтармады. Мұндай оқиғалар менде бірнеше рет болған, - дейді Өмірбек.

Ал экономист Рахман Алшанов болса, бұрынғыдай емес, қазір Қазақстанда тауар шығаратын компаниялар арасында тұтынушыларды тартуға деген бәсекелестік артқан деген пікір айтады.

- Қазірде тауар әкелетін кәсіпорындардың жұмысы алға басқан. Бұрын кеңес кезеңінде адамдарда таңдау құқығы болмаса, қазірде бір тауардың бірнеше түрін тауып алуға болады. Айталық, біздің елде дүниежүзіндегі барлық автокөліктерді кездестіруге болады, - дейді экономист.

Алматыда тіркелген Қазақстан тұтынушылары ұлттық лигасының Астана, Ақтөбе, Атырау қалаларында бөлімшелері бар. Ал әлем елдерінің құқығын қорғайтын, коммерциялық, әрі саяси емес Дүниежүзілік тұтынушылар одағының орталығы Нидерландыда орналасқан.
XS
SM
MD
LG