Accessibility links

Назира Базарбаеваның сот ісіне куәгер ретінде қамауда отырған оның күйеуі Ә.Ғилымовты шақыру туралы адвокаттың ұсынысын судья кері қақты


16 наурыз күні Алматыдағы Медеу аудандық сотта «Нұрбанктың» бұрынғы басшысы Әбілмәжін Ғилымовтың әйелі Нәзира Базарбаеваның үстінен өтіп жатқан сот ісі екінші отырысын өткізді. Бұл отырысқа Нәзираның өзі баласының сырқаттануына байланысты қатыса алмады. Соттың бұл отырысында жауап беруші жақ тағылып отырған айыппен келіспейтінін мәлімдеді де, ал осыған байланысты Нәзираның жақтаушыларының ұстанған позициясы Нәзираның өзінің сотта болуын қажет етуі себепті, сот келесі отырысты 21 наурызға қалдырды.

Биылғы ақпан айының басында «Нұрбанктың» бұрынғы басшысы Әбілмәжін Ғилымов пен оның орынбасары Жолдас Термірәлиевтың әйелдері Алматыдағы үйлерінде баспасөз мәслихатын өткізіп, «біздің күйеулерімізді 18 қаңтар күні Рахат Әлиев қала маңындағы жеке моншалардың біріне күштеп апарып, ұрып-соғып, қинап, банк орналасқан «Кең дала» ғимаратын өз адамдарына сатуға мәжбүрлеген» деп мәлімдеген болатын. Сондықтан «Нұрбанктың» бұрынғы басшыларының әйелдері Нәзира Базарбаева мен Армангүл Қапашеваны «ар-ұжданыма нұқсан келтірді» деп, банк акционерлерінің бірі, президенттің үлкен күйеу баласы, қазір Қазақстанның Венадағы елшісі Рахат Әлиев сотқа жүгініп, моральдық шығын ретінде олардың әрқайсысынан бір миллион теңгеден айыппұл талап еткен болатын.

Назира Базарбаеваға қарсы іс бойынша Алматының Медеу аудандық сотында басталған сот тыңдауының бірінші отырысында жауап беруші жақ, «айыптаушы жақтың айғақ ретінде сотқа табыстап отырған бейнетаспасымен танысу керек» деп үзіліс сұрап, ол қанағаттандырылып, сот 16 наурызға қалдырылған еді. Соттың сол отырысынан кейін мамандар «ол баспасөз мәслихаты туралы ешқандай телеарна хабар берген жоқ. Демек, осы бейнетаспадағы жазылғандар жалған ақпаратты тарату құралы ретінде құқықтық күші жоқ» деген ой айтқан болатын.

Күткендегідей, 16 наурызда қайта жалғасқан сот отырысында жауап беруші жақ өзіне тағылып отырған айыппен келіспейтінін жариялады. Ол айыпта, негізінен, баспасөз мәслихаты кезінде Нәзираның аузынан шыққан «Рахат Әлиев күштеп... жалпы ол бизнесті тартып алғысы келді... заңсыз тартып алғысы келді... Рахат Әлиев бір нәрсені заңсыз өзіне жазыдырып алмақшы» дегендей теңеулер келтірілген.

«Біз тағылып отырған айыппен келіспейміз, себебі, біріншіден, шағым беруші жақтың бейнетаспадағы айғағына күмән келтіреміз. Біз бұл таспа түпнұсқа емес және қиюластырып жасалған деп ойлаймыз, сол себепті түпнұсқаны алдыртуыңызды сұраймыз. Екіншіден, Базарбаева ешқандай да баспасөз мәслихатын өткізген жоқ. Ал бұл таспадағы жазылғандар ас үйдегі жай әңгімеден астыртын жазылған аудиожазба болуы мүмкін. Ондай жағдайда ол айғақ ретінде жарамайды», - деп Нәзираның жақтаушысы Мұрат Музин дегенді алға тартты.

Оған айыптаушы жақтың жақтаушысы Любовь Балмағамбетова:

«Базарбаева ханым жоғарыдағы мәлімдемені көпшілік алдында айту арқылы оны көптеген бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде тарату көзі болып тұр. Бұл бейнетаспаны біз соның айғағы ретінде ұсынып отырмыз. Бізге баспасөз мәслихаты болған-болмағанын дәлелдеу қажет емес», - деп тойтарыс беруге тырысты.

Одан жауап беруші жақ айыптаушы жаққа «сіздер шағымды ерте беріп отырсыздар, алдымен шынымен Ғилымов пен Темірәлиевті 18-қаңтар күні Рахат Әлиев моншаға алып барып күш қолданған, қинаған, қорқытқан оқиғасы болды ма, жоқ па - соны дәлелдеу керек қой! Ондай оқиға шынымен орын алғанын қазір түрмеде отырған Ғилымов та, басқа куәлар да растап отырған жоқ па?! Соларды неге сотқа шақырмасқа?» деген қарсы уәж айтты.

Бірақ осы істі қарап отырған судья Руслан Сулейманов:

«Оны дәлелдеу - жауап беруші жақтың өз ісі. Ал шағым беруші жақтың қашан шағым берем десе өз еркі», - деп тойтарып тастады.

Соттың былай өрбуін Нәзираның жақтаушыларының бірі Марат Мурзин:

«Біздің өтініштерімізді қанағаттандырмай отырған соттың позициясы оның алдын-ала белгіленіп қойған шешім бойынша жұмыс істеп отырғанын көрсетсе керек», - деп қортындылады.

Осы соттың алдыңғы өткен отырысында Нәзира өзіне тағылып отырған айыпта «айтылған сөздерді айтқаны рас екенін» өз аузымен мойындаған болатын. Осы мәселеде жұма күнгі соттағы оның жақтаушыларының позициясы Нәзираның өз аузымен расталуы қажет болғандықтан сот ісінде 21 наурызға дейін үзіліс жарияланды.
XS
SM
MD
LG