Accessibility links

Қазақстандағы ең көп табыс әкелетін ірі казино иелерінің артында жоғары лаузымды шенеуніктер тұр ма?


Қазақстанның ойын бизнесі қауымдастығының өкілдері президент Назарбаевқа хат жолдап, елдегі ойынханаларды қалалардан көшіруді 2-3 жылға шегеруді сұрады. Бұл туралы Астанада наурыздың 19 күні хабарланды. Олардың айтуынша, егерде бұлай болмаса, казинолар бюджетке салық төлей алмай қалады және Қазақстан сауықханаларындағы 50 мың адам жұмыссыз қалмақ. Қазақстанның ойын бизнесі қауымдастығының атқарушы директоры Олег Цой болса, Қазақстандағы ең көп табыс әкелетін ірі казино иелерінің артында жоғары лаузымды шенеуніктер тұруы мүмкін деген пікірін айтты. Ал, казиноларды көшірудің артында осы бизнесті бөліп алу ниеті көрінеді дейді ол.

Бұған дейін өткен Қауіпсіздік кеңесі отырысында президент Назарбаев Астана казиноларын Щучинск қаласының маңына, ал Алматы казиноларын Қапшағай қаласының маңына көшіруді тапсырған-ды. Бұдан соң қаржы министрі Наталья Коржова ойын автоматтары да, казинолар да ірі қалалардан шығарылатынын хабарлаған еді.

«Өйткені, көптеген елдерде бұл бизнеске есірткі саудасына салынған тыйымдар жүреді», - деген болатын қаржы министрі.

Жергілікті сарапшылардың айтуынша, бүкіл дүние жүзінде ойын автоматтары бар орындар табысының 80 пайызын тұтынушылар ұтып алуы керек деген ережеге бағынады екен. Ал Қазақстанда олай емес. Салық комитетінің мәліметі бойынша, осы құмар ойындарының мекемелері бірігіп, бюджетке қомақты салық түсірген. Казино иелері де соны алға тартады. Олардың айтуынша, егерде бұлай болмаса, казинолар бюджетке жыл сайын 7 миллиард теңгедей салық төлей алмай қалады және Қазақстан сауықханаларындағы мыңдаған адам жұмыссыз қалатынын ескертіп отыр. Астанадағы «Зеро» ойынханасының қызметкері Күлтай Наурызбаева ойынхананы қаладан аластауға қарсы:

- Менің жасым келіп қалды. Менің қызым қаржы-экономикалық институтта оқиды. Маған баламды оқыту керек. Осы казино қалсын деп ойлаймыз.

Қаржы министрі Наталья Коржова мұндай қызметкерлерге басқа балама жұмыс орындары беріледі деп уәде берді. Бірақ, Астанадағы «Зеро» ойынханасының қызметкері Ринат Сағындықов министрдің ұсынысына қарсы өз уәжін айтады:

- Мен ол жұмысқа бармаймын. Қалай барам? Қолымнан келмейді ондай жұмыс бәрібір. Дипломсыз қайда барасың? Қазір мында казинода жақсы айлық береді бізге. Ал бұл жерден басқа маған осындай табыс беретін жұмыс жоқ, бәрібір.

«Алтын руно» шағын казиносының директоры Олег Цой, казиноларды көшіру - белгілі бір адамдарға керек болған соң жасалып жатқан іс деп санайды.

«Мысалы, шағын казинолардың шығыны 70 пайыз болса, табысы 30 пайызға әзер жетеді, ал ірі ойынханаларда - керісінше. Сондықтан, казинолар орналасатын жаңа орындарда ойын столдарын заңға енгізіп көбейту, шағын казиноларға кесірін тигізеді», - дейді ол.

Цойдың айтуынша, ойын бизнесі ең көп табыс әкеледі.

«Әлбетте, кейбір казино артында ірі бизнесмендер немесе жоғары лаузымды шенеуніктер тұруы мүмкін. Сонымен қатар, казиноларды көшірудің артында осы бизнесті бөліп алу ниеті болуы да ықтимал, өйткені казиноларды көшіргенде, бұл салаға салынатын миллиардтаған шетелдік инвестиция мен жергілікті инвесторлардың миллиондаған қаржысында үлкен айырмашылық бар», - дейді Қазақстанның ойын бизнесі қауымдастығының атқарушы директоры Олег Цой.

Астана қаласынан казиноларды аластау идеясын қолдаушылар ондағы құмар ойындары күмәнді табыс табуға негізделген деп санайды.

- Өз басым бізідң қалада казинолар болуына мүлде қарсымын. Өйткені, онда кіргеннен бастап, терезесінде перделер болады, жабық болады. Ішінде ойнап жатқан адам түн бе, күн бе білмейді. Ол - адамды алдаудың бір түрі. Және ақшаның орнына фишка қояды, ол да алдаудың түрі. Сосын адам ойнап отырғанда тегін ішімдіктер әкеледі. Соны ішіп отырып, адам ақшасынан айрылады. Халық арасында оны «лохотрон» дейді. Одан пайда жоқ. Олар ешқандай өнім өндірмейді, тек адамды алдау арқылы ақша табады, - дейді Астана тұрғыны Перизат Әмірқұлова.

Казино иелері, үкімет шешіміне сәйкес елдегі барлық сауықханаларды көшіргелі отырған Щучинск және Қапшағай қалаларының маңында инфрақұрылым жоқтығын алға тартып, ел президентінен бұл көшті бірнеше кезеңмен өткізуді сұрап отыр.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG