Accessibility links

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей президенті Владимир Путинмен кездеспек


Наурыздың 19-ы күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен кездеседі. Бұл туралы "Азаттық" радиосына Президент әкімшілігі баспасөз-қызметінен мәлім болды. Алайда, Қазақстан президентінің Ресейге екі күндік жұмыс сапарының мақсаты ресми түрде айтылмағанымен, саяси сарапшылар бұл ретте түрлі пікір айтады.

Наурыздың 19-ы күні кешке Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей президенті Владимир Путинмен кездеспек. Бірақ оның нақты күн тәртібі туралы «Азаттық» радиосына Қазақстан президенті әкімшілігінің баспасөз қызметі де, Қазақстанның Ресейдегі елшілігі баспасөз қызметі де ешқандай ақпарат бермеді.

Дегенмен, екі ел арасындағы маңызды мәселелер көп жағдайда осылай жарияланбай, оңаша жағдайда талқыланып, шешіледі дейді Орталық Азиядағы демократияны дамыту сараптама орталығының директоры Еркін Тұқымов:

- Сондықтан, Қазақстан үшін Ресейдегі жақын арадағы парламенттік және ең бастысы - президенттік сайлаулар маңызды. Сонымен бірге, бірқатар маңызды мәселелер, оның ішінде КТК мұнай құбыры әңгімеге негізгі өзек болады деп ойлаймын. Өйткені, әрі қарай мұнай тасымалдау, кеден квотасын ұлғайтуға қатысты келіссөздер үнемі жүреді.

Оған қоса Қазақстан төрағалық етіп отырған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы ұйымының келешегінен өзге екі елдің бірқатар халықаралық мәселелер бойынша да көзқарастары айқындалады деп есептейді халықаралық тәуекелді бағалау тобының директоры Досым Сәтпаев:

- Қазақстан мен Ресейдің белгілі бір халықаралық оқиға мен халықаралық ұйымдарға қатысты ұстанымдарын сәйкестендіру талқыланады. Мәселен, біз мұны бұл ретте ЕҚЫҰ-на қатысты бақылағанбыз. Оған қоса Ресейді алаңдататын бір мәселе бар: ол – Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру. Өйткені, Қазақстан келіссөздер жүргізіп, көпшілігімен келісімге келді. Ал Ресейде бұл мәселе тежеліп қалған тәрізді. Сол себептен, бұл тақырып та екі ел президенттері кездесуінде сөз болуы тиіс.

Қазақстандық келесі бір саяси сарапшы Дос Көшімнің пікірінше, халықаралық мәселелер, оның ішіндегі Ресейдің Тәуелсіз Мемлекеттер достастығы ауқымында ықпалдылығына қауіп төндіретін тақырыптар талқылануы ықтимал.

- НАТО-ның қанатын кең жаюына байланысты, әсіресе Грузия мен Украинада және басқа елдерде зымырандарды, әуе қарсылықтарына байланысты техникалық қондырғыларды қою жөнінде мәселелер әбден сөз болуы мүмкін, - дейді Д.Көшім.

Сонымен бірге саяси сарапшылар әдеттегідей екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастыққа назар салынады деп есептейді. Оның ішінде Қазақстандағы орыс тілінің жағдайы тілге тиек етілуі тиіс деп есептейді Қазақстандағы орыс қауымдастығы басшыларының бірі Геннадий Беляков:

- Қазақстанда орыс тіліне қатысты мәселелер бар. Бұл мәселе президенттер деңгейінде де шешіледі деп ойлаймын. Өйткені, қазір мұнда ағылшын тілі екінші тілге айналып отыр. Егер президенттер бұл мәселені шешсе, біз де мұнда қиындықтарға тап болмаймыз деп ойлаймыз. Әйтпесе, орыстардың жаппай кетуі байқалуы мүмкін. Онсыз да бұл жақтан 3 миллион орыс кетіп қалған. Бұл Қазақстан үшін жақсы ма?!

Ресей –Қазақстанның сауда-саттық саласындағы үлкен серіктестерінің бірі. Былтырғы жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 12,8 миллиард долларға жетіп, Қазақстанның жалпы сыртқы сауда көлемінің 20 пайызын құрады.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG