«Литер» газеті де Алматы облысының ішкі істер басқармасына сілтеме жасай отырып, «бұл жерде ұлтаралық та, саяси да фактор жоқ екендігін, жас жігіттердің алдымен төбелесіп, содан кейін қару қолданғандығын» жазады. Бірақ, «орталыққа жиналған ауыл тұрғындары шенеуніктер мен құқық қорғау орындарынан тек қақтығыс себептерін анықтап қана қоймай, кінәлі Махмахановтар отбасын ауданнан көшіріп жіберуді талап еткен. Адамдар осы әулеттің соңғы кезде жасаған бейбастықтары жалықтырғанын айғайлап айтты» дейді «Литер» газеті.
«Жас алаш» газеті ауыл ақсақалдары бұл іске араласып, «халықтың талабы орындалып, мәселе 1-2 ай ішінде шешілетіндігін» айтқандығын жазады. Бірақ, «алғашқыда 48 сағаттың ішінде кінәлілер шеттетілсін деп талап қойған жұрт, олар 24 сағаттың ішінде көшіп кетсін деп қайтадан талап қойды» дей келе, «Жас алаш» газеті қазір ағайынды Махмахановтардың екеуі қамауда отырғандығын да хабарлапты.
«Айқын» газеті қақтығыстан кейін қарулар жоғалып кеткендігін, оларды полиция іздестіріп жатқандығын жазды. Сонымен бірге «осыған дейінгі ауданда болған қақтығыстар, қару қолдану фактілері туралы жергілікті тұрғындар арыздарын өткізуде» дейді «Айқын» газеті. «Ақсақалдар жастарға тоқтау айтып, істің артын тосуға шақырса, жастар жағы қаза болғандарды жерлегеннен кейін қайта жиналатын болып тарасты» деп аяқталады «Айқын» газетінде мақала.
«Эспресс К» газеті Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуі кезінде жаңадан интеграциялық ұйым – мемлекеттердің Еуразиялық экономикалық одағын құру идеясын көтергенін жазады. «Бұған бірқатар елдер тобы пісіп жетілді» деген Қазақстан президенті «осындай жолмен Еуропаның да жүргенін, мұндай мүмкіндік Ресейде, Қазақстанда және кейбір мемлекеттерде бар» деп атап көрсеткенін жазады «Экспресс К» газеті.
«Айқын» газеті болса, «ТМД-да тағы бір Одақ құрыла ма?» деген мақаласында бұған дейінгі Бірыңғай экономикалық кеңістік тәрізді интеграциялық ұйымның пікірталас тудырғанын тілге тиек ете отырып, ресейлік сарапшылардың жаңадан құрылуы мүмкін экономикалық одақ жобасына көп мән беріп отырғанына тоқталады. «Ресейлік сарапшылар айтып отырған Еуразиялық Экономикалық Одағы мемлекеттерінің альянсын құру – болашақтың ісі. Десек те, бұрын сауда-экономикалық ынтымақтастықта тығыз өмір сүріп келген посткеңестік елдердің енді оқшауланып өмір сүруі мүмкін емес», дейді «Айқын» газетінің тілшісі. «Кезінде ЕуроОдақ құру идеясы көтерілгенде де оған күмәнмен қарағандар көп болды. Ал Еуразиялық Экономикалық Одақ альянсы да қажеттілік қой» деп тәмамдалады «Айқын» газетіндегі мақала.