Accessibility links

Қазақстанның ақпарат министрлігі бұқаралық ақпарат құралдарына өзін-өзі реттеу жүйесін қабылдауды ұсынды


Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының өкілдері Қазақстандағы ақпарат министрлігі ұсынған «Бұқаралық ақпарат құралдарының өзін-өзі реттеу жүйесін» қолдайтындығын мәлімдеді. Бұл туралы Астанада наурыздың 20-күні халықаралық жиында хабарланды. Жергілікті журналистердің біразы бұл ұсыныс халықаралық стандарттардан тыс болып, сөз бостандығына кесірін тигізеді деп алаңдап отыр.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының өкілдері өзін-өзі реттеудің артықшылығы туралы қазақстандықтарды хабардар етеміз деп отыр. Халықаралық сарапшылар, журналистер кәсіби этика кодексін ұстану қажет, дейді.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының БАҚ бостандығы жөніндегі өкілі Миклош Харасти өз хатында өзін-өзі реттеу журналистерге қоғам алдындағы жауапкершілікті түсінуге септігін тигізеді депті. Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаев, бұл министрліктің бастамасы болғанын және халықаралық ұйым мұны қолдағанын айтады.

«Енді жуық арада, соңғы оқиғаға орай, бас редакторларды, журналистерді және оппозициялық газет өкілдерін шақырып, журналистердің жұмысы мен шенеуніктердің міндеттемелерін зерттейтін үлкен шара өткізбекпін», - деді министр Ертісбаев.

Оппозициялық «Свобода Слова» газетінің тілшісі Жұмабике Жүнісова өзін-өзі реттеудің тиімді жақтары басым дегенмен келіскенімен, бірақ, басты талап - оған билік араласпау керек деп санайды.

- Негізі, БАҚ-дың өзін-өзі реттеуі керек. Оның аяғы мамандық этикасы туралы кодекстен шығады. Бұл кодекс өзін демократиялық мемлекет деп санайтын барлық елдерде бар. Этика кодексін біз сақтасақ, соттардан да кішкене бос боламыз. Жауапкершілігімізді сезінеміз. Негізі, үкімет оған қатыспауы керек. Журналистер өздерін өздері реттеу керек, - дейді Ж.Жүнісова.

Ал, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейтқазы Матаев болса, өзін-өзі реттеу жүйесін Қазақстан БАҚ-дарына қабылдау әлі ерте деп отыр:

- Өткенде мынау этика туралы кодексті біз қарадық. Сонда барлығы қарсы болды. Мүмкін, мұны парламентте қараса, ол сотта бізге қарсы болады деп ойлаймын. Бұл реттеу мәселесі, сосын кодекс ол - билікке керек.

Сөз бостандығын қорғаушы «Әділ сөз» қорының өкілі Ғалия Әженованың айтуынша, өзін-өзі басқару құжаты тек редакцияның ішінде болу керек:

- Қазір осы кодексті жасаңдар деп ақпарат министрлігінің тарапынан сондай бір ұсыныс жасап отырған себебі, бір жағынан, жақсы сияқты, ал екінші жағын қарайтын болсақ, ертең қит етсе, кез-келген материалға сіздер этикалық кодексті бұздыңдар деп шүйлігіп, әшкерелейтін болады. Еуропа мен Еуразияның жағдайы екі бөлек. Сол себептен бұл ішкі құжат болу керек. Ал оларды [журналистерді] тағы желкесінен ұстап, басын ұрғылаудың қажеті жоқ сияқты. Өйткені, бұл да сөз бостандығына шектеу сияқты болып көрініп отыр маған.

Әженованың айтуынша, Қазақстанда Еуропамен салыстырғанда сөз бостандығы кең пайдаланбай келеді:

- Еуропаны алайық. Оларда, мәселен, «ойбай, ұлтараздық болып кетпесін, ұлттар туралы жазбаңдар, неше түрлі діни ағымдар жүр, соларға қарсы тұрып, дәстүрлі діндерді жақтаңдар» деп ешкім нұсқау бермейді. Ал бізде, иә жазуға болмайды, иә жазатын болсаң, қарапайым оқырман емес, сені сотқа беретін өкілетті орган - прокуратура немесе құқық орындары. Адам немесе мемлекет құқығын қорғаған болып, журналистермен күреседі де жүреді.

Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаевтың айтуынша, соңғы жылдары БАҚ саласындағы үкіметтік емес ұйымдар саны өскен. Яғни, елде өзін-өзі реттеу шарты бар дейді министр.
XS
SM
MD
LG