Accessibility links

АҚШ басшылығы Ирақта нәтиже шығара бастадық дейді


АҚШ қолбасшыларының бірі, генерал Майкл Барбероу Бағдадта тыныштық орнату қолымыздан келеді деп мәлімдеді, президент Джордж Буштың үмітін осылайша құптап отыр. Ираққа ақпан айынан бастап қосымша әскер әкелініп жатыр. Дегенмен, генерал Майкл Барбероу бұл жерде де президент Буштың сөзін қайталайды, қосымша әскердің қызметіне толыққанды кірісуіне біршама уақыт қажет болады деді.

АҚШ қолбасшыларының бірі, генерал Майкл Барбероу бұл сөзін сейсенбі күні Вашингтонда, қорғаныс министрлігінде өткен брифингте айтты. Президент Буштың жоспары бойынша Ираққа қазір 21500 сарбаз қосымша әкелініп жатыр. Генерал Майкл Барбероу шара нәтижесі қолма-қол көріне қоймайды, қорғаныс министрлігінде ешкім мұндай уәде бере алмайды деді:

- Ирақта қауіпсіздік орнату үшін талай уақыт пен жігер жұмсау керек. Ирақта алғабасу үшін ешқандай қате жасамауымыз керек, алдымызда осындай мақсат тұр. Алдағы шаруаларымызды ұзақ мерзім көлемінде реттеуіміз қажет. Дегенмен, қойған мақсатымызға жете аламыз деп білеміз, осы мұратқа бел байлап отырмыз.

Бұл жерде генерал Майкл Барбероу қосымша әскер әкелінуінің алғашқы нәтижелерін атап кетті. АҚШ әскері сүннит көтерілісшілері белсенділік танытатын Анбар провинциясында және Бағдадта бақылау бекетін көбейтті делінеді. Ол, сол сияқты, қарапайым Ирақ азаматтары АҚШ әскеріне көбірек сенім арта бастады, бұрынғыға қарағанда ақпан айынан бері қарапайым тұрғындар көбірек көмектесуге ынта танытады дейді.

Президент Буш дүйсенбі күні Ақ үйде мәлімдеме жасағанда осындай деңгейде сенімді болған, Ираққа қосымша әскер кіргізу науқаны нәтижесін бере бастады деді:

- Ирақ бас министрі Нури Кәміл Әл-Мәлики және Ирақтағы АҚШ қолбасшысы генерал Дэвид Петреюис Бағдадта қауіпсіздік орнату жоспары қазір әлі де болса бастапқы сатысында атқарылып жатыр деп зейін қояды, оның нәтижесі бірнеше күн не болмаса бірнеша апта емес, бірнеше айдан соң көрінеді дейді. Міне Ирақ басында шаруа тындырып жатқандар үміт сәулесін көріп отыр.

Дегенмен, Бағдадқа қосымша әскер әкелініп жатса да АҚШ әскерінің адам шығыны өзгерген жоқ. Қорғаныс министрлігінде өткен брифингте журналистер осындай да сауал қойды. Генерал Майкл Барбероу адам шығынының азаймай отырғанын айта келе, АҚШ тексеру бекеттерінде күзет күшейтілгенін, нәтижесі шығып жатқанын айтты. Генерал Майкл Барбероу АҚШ және Ирақ әскерлерінің саны көбейді, және көтерілісшілер тактикаларын жетілдере алмай жатыр, бұған қарағанда қосымша әскер кіргізу жемісін бере бастады деп айтуға келеді деді.

Ирақтан түскен кейбір жаңалықты айтсам - Әл-Анбар провинциясында кеше Ирақ әскері көтерілісшілермен шайқасты, кемінде 32 көтерілісші мерт болды. Бағдадта кеше мина атылды, жеті тұрғын қаза тапты.
XS
SM
MD
LG