Accessibility links

Пәкістанда жергілікті тайпа өкілдері мен өзбек содырларының өзара қақтығысында көп адам қырылды


Пәкістаннан келіп түсіп жатқан хабарларға қарағанда, Пәкістанның Ауғанстан шекарасына жақын Оңтүстік Вазиристан өлкесінде жергілікті пуштун тайпасының өкілдері мен негізінен өзбектерден тұратын “Әл-Қаида” бөлімінің жасағы арасында қақтығыс болып, 3 күн бойы жалғасқан шайқастың барысында кем дегенде 50 адам оққа ұшты. Бұл шайқас өткен дүйсенбі күні басталды.

Пәкістандағы жергілікті тайпаның өкілдері мен сырттан келген шетелдік содырлардың арасындағы қақтығыс Оңтүстік Вазиристан өлкесінің әкімшілік орталығы немесе астанасы болып табылатын Вана қаласының маңында өткен дүйсенбі күні басталды. Пәкістанның Пешавар қаласында жарыққа шығатын күнделікті “Dawn” немесе “Таң” газетінің бас редакторы Исмаил Хан қарсыласқан екі жақтың бір-бірін минаатқыштармен атқылағанын хабарлады.

И.ХАН: “Шайқас әлі жалғасып жатқанға ұқсайды және, маған үкімет шенеунектері хабарлағандай, осы екі жақтың арасындағы ауыр шайқастар әлі жалғасу үстінде, екі жақ та қарудың ауыр түрлерін қолданып жатыр”.

Екі жақтың атысы астында қалған жергілікті талай тұрғын құрбан болды, оның ішінде кем дегенде 2 сәби қыршын кетті. Бірақ, келіп түскен ақпарға қарағанда, қаза тапқандардың басым көпшілігі өзбек содырлары көрінеді. Оққа ұшқандардың саны, түрлі мәлімет бойынша, 50-ден 100-ге дейін барады. Ақпарат агенттіктері келтірген Пәкістан армиясының өкілі генерал-майор Ваһид Аршадтың сөзіне қарағанда, жергілікті тайпа мен “Әл-Қаида” содырларының арасындағы қақтығысқа үкімет күштері араласпады. Исмаил Хан Оңтүстік Вазиристан өлкесіндегі қазіргі ахуал туралы тиянақты да сенімді ақпар алудың қиын екенін айтады.

И.ХАН: “Болған оқиғаны растайын ешқандай тәуелсіз де бейтарап ақпарат көзі жоқ. Өйткені, ол жақта телекоммуникация жүйесі жоқ – содырлар өткен желтоқсан айында телефон стансасының барлық жабдығын жойған болатын. Міне сол уақыттан бері тайпалар мекендейтін ол өлкемен арада телекоммуникациялық байланыс жоқ”.

Осы аптадағы шайқас – кезінде екі жақтың бітімімен аяқталған осыған дейінгі қақтығыстардың қайта жалғасуы болса керек деген пікірлер айтылуда. Осы айдың басында, атап айтқанда 6-ншы наурыз күні пәкістандық тайпа (пушту) мен шетелден келген “Әл-Қаида” жасағынтың арасынан шыққан қақтығыста кем дегенде 13 өзбек содыры оққа ұшып өлді. И.Ханның пікіріше, бұл шайқастар – Пәкістандағы тайпа мен 2001-інші жылы АҚШ бастаған күштердің Ауғанстанға басып кіруінен кейін Пәкістанның осы өлкесіне қашып бас сауғалаған 100-деген содырдың арасындағы қарым-қатынастың салқындай түсуінің нәтижесі болса керек. Оңтүстік Вазиристан өлкесін мекендейтін тайпа кезінде ол содырларға пана берді. Бірақ, деп мәлімдейді Исмаил Хан, соңғы айларда тайпа ақсақалдары ислам содырларынан өлкеден кетуін талап еткенге ұқсайды.

И.ХАН: “Жергілікті тайпаның өкілдері барған сайын осы шетелдік жасақтардан жалыға бастады. Олар осы өлкедегі қылмыстардың көпшілігін, оның ішінде бопсалау, кісі ұрлау, кісі өлтіру сынды қылмыстарды шетелдік содырлар істейді деп санайды. Олар барған сайын содырларды, әлгі өзбектерді жақтырмай барады”.

Келіп жеткен хабарларға қарағанда, осы өлкеде бас сауғалап жүрген өзбектердің көпшілігі – Таһир Юлдашев бастаған “Өзбекстанның ислам қозғалысының” мүшесі көрінеді. Таһир Юлдашевтің қайда бас сауғалап жүргені белгісіз. Пәкістан үкіметі тайпалар мекендейтін жартылай автономиялы осы өлкелердегі шетелдік жасақтарға қарсы бірнеше соғыс операциясын жүзеге асырып, екі жақтан да адам шығыны көп болды. Соған қарамстан ресми Кабул мен Вашингтон Пәкістанды Оңтүстік Вазиристанда бас сауғалап жүрген ислам содырларына қарсы жеткілікті күрес жүргізбейді деп айыптап келеді.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG