Accessibility links

Баспасөзге шолу. 03.22.2007 жыл


Бейсенбі күні жарық көрген газеттердің бірі Маловодное ауылындағы қақтығысқа полицияның салақтығы себеп болған деген болжам келтіріп отыр. Сонымен қатар, газеттер Маңғыстау түрмелерінде СПИД кеселі шыққандығына мән берсе, тағы бір басылым «Наурыз» мерекесінің тарихына тоқталып өтіпті.

Маловодное елді-мекеніндегі қантөгіс полицияның салақтығынан болған деген болжамды «Время» газеті келтіреді. Мақала авторы Генадий Бендицкий былай деп жазыпты: «Наурыздың 17-күні биллиард залында Тахир Махмақанов пен Бекжан Сәлімбаев арасында кикілжің туады. Өзара төбелесте жеңіліп қалған Тахир қарсыласын мәшинемен қағып, тапаншамен аяғынан атып кеткен. Бұл жағдайда аудандық полиция шұғыл әрекет ету керек еді. Оған қоса дәрігерлер де науқастың оқпен жараланғанын көріп, полицияға хабар түсіруі тиіс еді. Аудандық полицияның әрекетсіз қалуына байланысты жергілікті халық өз еркімен есеп айырысуға барған болуы мүмкін». Мақала авторы жергілікті полицияның әрекетсіздігін Махмақановтар әуелетінің ықпалды күшінен іздеген. «Махмақановтардың ең үлкені Шамиль - Ресейдің мұнай өнімдерін саудалаумен айналысатын «Баско» корпорациясының вице-президенті. Қажымұрат Махмақанов болса Алматы қалалық сот басқармасында ірі лауазымға ие» делінген «Время» газетінің мақаласында.

Осы тақырып төңірегінде «Комсомольская правда: Қазақстан» газеті былай деп жазыпты: «Атыс болған жерден полиция бірнеше қаруды тәркіледі. Жанжал орнында 16 калибрлі 2 гильза, «ТТ» тапаншасының 2 гильзасы табылған. Одан бөлек қару қолданғандардан әртүрлі калибрлі 41 оқ алынған». «Халық арасында толқуларды басу үшін Қазатком ауылын «Бүркіт» арнайы жасағы, шұғыл әрекетті арнайы жасақ сарбаздары мен жергілікті полиция қоршап тұр. Қақтығыстан соң «қасақана кісі өлтіру» және «біреудің мүлкін жою» фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бұл іске байланысты шұғыл штаб құрылды» деп жазды «Комсомольская правда: Қазақстан» газеті.

Ал «Время» газеті болса Маңғыстау облысындағы түрмелерден СПИД кеселі шыққандығына тоқталып өтіпті. «Алғашқы үш айдың ішінде осы аумақтағы түрмелерден ВИЧ инфекциясына шалдыққан алты адам анықталды» делінген мақалада. «Сонымен қатар, тағы 4 адамның анализі тексеруге Алматыға жіберілген. Өткен жылы облыстағы түрмелерде 5 мәрте қатерлі кесел тіркелген екен. Облыстық СПИДпен күрес орталығының маманы Ақнұр Тасболатованың айтуынша, қатерлі кесел анықталған 6 адамның 5-і - нашақорлар. Түрмеге түсер кезінде олардан қатерлі вирустың белгілері байқалмаған. Соған қарағанда олар қатерлі вирусты түрмеде жұқтырған болуы керек» деп түйіндейді «Время» газеті.

«Айқын» газеті мемлекет қайраткерлерінің 2007 жылдың ақпанындағы рейтингін жариялады. «Негізгі ықпалды шенеуніктер тізімін ақпан айында Президент Әкімшілігінің жетекшісі Әділбек Жақсыбеков бастады. Екінші кезекті сарапшылардың пайымдауына қарағанда, ақпан айында бұқаралық ақпарат құралдарында мейлінше көп талқыланған Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов алды» делінген мақалада. «Мәсімовтің жалғыз орынбасары Аслан Мусин бірден тоғызыншы орынды иемденді. Жаңалардан үлкен тізімге қаржы полициясы төрағасының бірінші орынбасары Қайрат Қожамжаровтың енгеніне назар аударуға болады. Ал әкімдердің рейтингін Алматы басшысы Иманғали Тасмағамбетов бас¬тап тұр. Одан кейінгі орынға Астана қаласының әкімі Асқар Мамин орналасқан. Алғашқы үштікті Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Тайыр Мансұров қорытындылайды» деп жазды «Айқын» газеті.

«Егемен Қазақстан» газеті болса «Наурыз» меркесін тойлағалы бері 127 ғасыр өткендігіне тоқталып өтіпті. «Соңғы жылдар көлемінде Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданының басшылығы “Наурыз Қазығұрттан басталған” атты мерекелік іс-шара өткізуді қолға ала бастады. Оған жетпісінші жылдары Мәскеудегі В.И.Ленин атындағы кітапханадан Ахмет Байтұрсынұлы емлесімен жазылған “Наурыз” қолжазба жыры да себеп болғанға ұқсайды» делінген мақалада. «Онда Нұх пайғамбардың кемесі Қазығұртқа келіп тоқтаған мезгіл күн мен түннің теңескен уақытына дәл келетіні айтылады. Зерттеушілердің пікірінше осынау ұлыадамзаттық оқиғаның өткеніне бұл күндері 12670 жыл толып отырған көрінеді. Яғни, Наурыз мерекесі тойланғалы 127 ғасыр өтті деуге толық ғылыми негіз бар. “Наурыз – парсылардың төл сөзі болғанымен, бұл сөз алғаш Нұх пайғамбардың аузынан шыққаны күмәнсіз” дейді ғалымдар. Ендеше, бұл сөздің бізге де жат болмағаны» деп түйіндейді «Егемен Қазақстан» газеті.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG